Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Құжаттарымды тартып алды": Шымкент тұрғыны төрт ай бойы құлдықта болғанын айтты

Шымкент тұрғыны Сергей Манко құлдықтан құтылғанын айтады. Азаматты табыс табасың деген сылтаумен Түркістан облысындағы фермаға апарып, құжаттарын алып, тегін жұмыс істеуге мәжбүр еткен, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі “Информбюро” жаңалықтар қызметіне сілтеме жасап. 

61 жастағы Сергей Манко зейнетке шықпағандықтан, кез келген жұмысты істеуге мәжбүр. Сондықтан ол шалғай ауылдағы үй құрылысында айына 70 мың теңгеге жұмыс істеуге келіседі. Алайда оның орнына азамат тегін шопан болып жұмыс істеуге мәжбүр болған. 

“Қойды бақ", “жұмыс істе” деп мені мәжбүрледі. Жапан далада отардың артынан жүгіремін. Тіпті астыма ат бермеді. Жаяу бақтым. Бұрын спортшы болғандықтан, аяғым мықты”, – дейді Сергей Манько. 

Жұмыс беруші ер адамнан жеке куәлігін тартып алған. Нәтижесінде, 3,5 ай жалақы төленбегеннен кейін Сергей Манко ол жерден қашып кетеді. Енді ол құжаттарын қалпына келтірмек. Бүгін ғана полицияға арыз берген.

Құқық қорғаушылар мұндай шағымдардың көбейгенін атап өтті. Шымкенттегі адам саудасының алдын алу жөніндегі "Сана сезім" қорына өткен жылы 77 адам жүгінсе, қаңтар-тамыз айларының аралығында 42 адам өтініш білдірген. 

“Наурыз айынан бастап құлдықта ұстау бойынша өтініштер көптеп түсуде. Негізінен шетелдік азаматтар, оның ішінде Өзбекстан азаматтары жүгініп жатады. Олардың құжаттарын алып, мәжбүрлі түрде жұмыс істетеді”, – дейді қор өкілі Раушан Құдайшүкірова. 

Құқық қорғаушылар мұндай істердің сотқа сирек жететінін айтады. Зардап шеккендер көбінесе дау туғызудан қорқатын көрінеді. Өйткені жұмыс беретін адамдардың полициямен үлкен байланысы бар екеніне сенімді. Кейде олар өздерінің құқықтарын бұзғандармен татуласып жатады. Бірақ бәрі заң бойынша жасалатын болса, жалақысын толық берумен қатар өтемақы төлеуге де құқылы болады. 

Адамдарды сатуға және азаптауға байланысты істер бойынша жәбірленушілер 30 АЕК немесе 72 мың теңге мөлшерінде өтемақы ала алады. Бұл сот шешімінен кейінгі бірінші айда көрсетілетін бір реттік ақшалай көмек. 

Талқылау