"Құралай ханым буддизмді насихаттап жүр": Қазақстандық әнші ақылы тренинг жүргізушілерді әшкереледі
Қазақтың дәстүрлі әншісі Айгүл Елшібаева ақылы тренинг ұйымдастырып жүрген танымал жандардың әрекетін құптамайды. Айнұр Тұрсынбаева, Жанар Байсемізова, Құралай ханымдардың дәрісі дұрыс емес деген пікір айтты. Тіпті, дәрістің негізі буддизм іліміне саяды дейді.
Бұл туралы "Ниет" бағдарламасында айтылды.
Бағдарлама қонағы Айгүл Елшібаева мен психолог Ержан Мырзаев. Психолог қазіргі ақылы тренинг жүргізіп жүргендердің айтқанының бәрі қажетке жарай бермейді деген пікір айтты.
"Аффирмация деген термин бар. Бұны бір ғалымдар қолдаса, бірі жоққа шығарып отыр. Мен айтар едім аффирмация деген адамның өзін-өзі алдауы. Әсіресе, отбасында жылу көрмесе, қолдау көрмесе, жақындарынан жылылық көрмесе, күйеуі ерінен, ері әйелінен жылылық таппаса, не болмаса қандай да бір қиындықпен жүргенде адам осыған сенгіш келеді. Біреудің жылы сөзіне зәру болады. Соның айтқаны ұнап тұрады. Нәтиже беріп жатқандай көрінеді. Сұлу емес адам сұлумын десе, сұлу болып кетпейді. Немесе кедей адам баймын деп қайталай берсе, байып кетпейді. Өзіне-өзі мотивация берген дұрыс, бірақ ол үшін әрекет ету керек. Тек сөзбен емес, әрекет жасау керек. Бай болу үшін еңбек ету керек", - деді психолог маман.
Айгүл Елшібаева да қазіргі психология мен тренингтер арасында сәнге айналған сөздердің ешбір мәні жоқ дейді. Тіпті мұсылманшылыққа қарсы.
"Құралай ханымның пірі - Наталья Правдина. Оның айтып жүрген мантрасы буддизмнің ілімі. Фин шуй да буддизмнің ілімі. 6 бұрышты Дэвид жұлдызы дейді. Массон белгісі де буддизмнің, иудаизмнің белгілері. Мұны өздері "Бақытты дұға" дейді. Әбжад деген клубта Бердияр қари деген кісі болатын. Құралай ханым соның дәптерін көшіріп алып, басқаларға айтып жүр. Ол әр адамға жеке-жеке жасалатын нәрсе, бәріне бірдей болмайды. Құралай ханымның діни сауаты жоқ қой, ол имам емес, молда емес. Қалай діни уағыз айтады? Бастапқыда Айнұр Тұрсынбаеваны, Жанар Байсемізованы бәрін қолдайтынмын. Қазір айтып жүргендерін тыңдап, адам түсінбейді", деді Елшібаева.
Дәстүрлі әншінің айтуынша, адам тыныштық табу үшін, қолдау алу үшін, ісіне береке тілеу үшін исламнан, Құраннан іздеу керек.
"Мұсылман болғандықтан Құраннан табу керек, дұға оқу керек, әрекет ету керек. Армандаған дұрыс. Бірақ соған жету жолың өзің іздеу керек. Мен осындаймын, мен бәленшемін деп үйретеді. Мен, мен деп қайталай берсең, шайтанның атын атайсың. Мәнмән деген шайтанның аты. Мен дей беру тәкаппарлықты тудырады", - деді ол.
Бағдарламаға қатысқан көрерменнің бірі Айгүл Елшібаеваның сөзін жақтаса, енді бірі тренинг ұйымдастырушыларды қолдады. Ал, аты аталған тренинг жүргізушілердің ешбірі бағдарламаға қатысудан бас тартқан.
Журналист: Айнұр Тұрсынбаева шынымен айдың нұры ма, әлде елді тонаған ұры ма