Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстандық ата-ананы баласының ауыр сөмкесі алаңдатты: Оның бала денсаулығына зияны қандай?

 
бала
Фото: видеодан скриншот

Threads желісінде мектеп оқушыларының күн сайын арқалап жүретін сөмкесінің салмағының ауырлығы қызу талқыланып жатыр. Ата-аналар балаларға түсетін жүктемені азайтудың жолдарын қарастыруды сұрап, Оқу-ағарту министрлігіне де үндеу жасаған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

"Құрметті Оқу-ағарту министрлігінің өкілдері! Балаларымыз күн сайын кездесетін мәселеге назар аударуды сұраймыз. Жаңа оқулықтар өте үлкен әрі ауыр. Балалар оларды күн сайын мектепке апарып, қайта үйге тасуға мәжбүр. Оқулықтардың салмағы, әсіресе бастауыш сынып оқушыларына қосымша ауыртпалық түсіреді. Оның үстіне мектеп сөмкесінде басқа да қажетті оқу құралдары бар", – деп жазды ата-аналардың бірі.

 

Желіде бұл мәселенің мектептен үйге қайтатын жолда да қиындық туғызатыны айтылған.

"Бәрі сөмкеге шүйлігіп жатыр! Негізінде оқулықтардың өзі өте ауыр, белгіленген нормадан асып кетеді. Оның үстіне сол сөмкемен адамға толы автобуста қайту керек", – дейді тағы бір ата-ана.

Талқылауға қатысқандардың арасында мәселені шешудің нақты жолын ұсынғандар да бар.

"Қазіргі заманда неге әлі күнге дейін екі жиынтық оқулық жасамайтынын түсінбеймін. Бірі мектепте, екіншісі үйде тұрса болмай ма? Балалардың сөмкесі ауыр. Кітаптардан бөлек, толып жатқан дәптерлерін, қосымша жұмыс дәптерлерін, дене шынықтыру сабағына арналған киімдері мен ауыстыратын аяқкиімдерін тасиды", – деп жазды ол.

Ал бір ана қызының мектепте жарақат алғанын айтып, басынан өткен жағдайды бөліскен.

"Екі күн бұрын үшінші сыныпта оқитын қызым баспалдақтан құлап кетті. Кітап толы ауыр сөмкесі оны төмен қарай тартып кеткен. Баламның салмағы небәрі 21 келі, ал сөмкесі 7–8 келі тартады. Аяғын жарақаттап алды. Қазір жарасын емдеп жүрміз", – дейді анасы.

Ауыр сөмке баланың денсаулығына қалай әсер етеді?

Ортопед Ардақ Нұрмұханов қазір оқушылар арасында омыртқа мен дене қалпына қатысты мәселелер жиі кездесетінін айтады. Оның сөзінше, бұған баланың күнделікті әдеттері де ықпал етуі мүмкін.

"Қазір балалар арасында омыртқаның қисаюы жиі кездеседі. Оның бір себебі сөмкені үнемі бір иыққа асып жүру болуы мүмкін. Өйткені мұндайда дененің бір жағына көбірек күш түседі. Ал ауыр сөмке көтерген бала еріксіз алға еңкейеді. Соның салдарынан арқа, мойын және иық бұлшықеттері ауырып, бала тез шаршауы мүмкін", – дейді ортопед.

Маман мектепке апаратын заттардың жалпы салмағын баланың дене салмағымен салыстырып бағалау керегін түсіндірді.

"Ауыр сөмке омыртқаға ғана емес, тізе, тобық буындары мен табанға да қосымша күш түсіреді. Сондай-ақ иық пен мойынның дұрыс қалпына әсер етуі мүмкін. Әдетте сөмкенің салмағы баланың өз салмағының 10–15 пайызынан аспағаны жөн деген кеңес берер едім. Мысалы, салмағы 21 келі балаға 7–8 келілік сөмке өте ауыр. Мұндай жүкпен жүру, әсіресе баспалдақпен көтерілу немесе түсу қиын болады", – деді Ардақ Нұрмұханов.

Ортопедтің пікірінше, бұл мәселеде мектеппен қатар отбасының да ескеретін тұстары бар.

"Ата-аналар баланың сөмкесінде не бар екенін тексеріп отырғаны дұрыс. Кейде балалар оқулықтар мен дәптерлерден бөлек, планшет, ойыншық сияқты заттарды салып алады. Мұның бәрі қосымша салмақ. Сондықтан қажетсіз заттарды алып тастап, баланың бойына сай, арқасына ыңғайлы ортопедиялық сөмке таңдаған жөн. Ең бастысы, сөмкені бір иыққа емес, екі иыққа бірдей асып жүру керек", – деп кеңес берді маман.

Оқушы сөмкесінің салмағы қанша болуы тиіс?

Астананың санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Мұхамғали Арыспаев Қазақстанда оқушылардың күн сайын мектепке алып баратын оқу құралдарының салмағына нақты талап қойылғанын айтты.

"Санитариялық қағидаларға сәйкес, 1–3-сынып оқушыларының күнделікті оқу құралдары 1,5–2 келіден, ал 4–5-сынып оқушыларының оқу құралдары 2–2,5 келіден аспауы тиіс. Бұл салмаққа сөмкенің өзі кірмейді", – деді Мұхамғали Арыспаев.

Ал Денсаулық сақтау министрінің 2021 жылғы 5 тамыздағы № ҚР ДСМ-76 бұйрығының 74-тармағына сәйкес, 6–7-сынып оқушылары үшін бұл көрсеткіш 3–3,5 келі, 8–11-сынып оқушылары үшін 4–4,5 келі болып белгіленген. Есепке оқулықтар, оқу-әдістемелік құралдар мен жазу құралдары алынады.

Департамент басшысының орынбасары бұл талаптар сабақ кестесін жасау кезінде де ескерілуі керек екенін түсіндірді.

"Мектептер сабақ кестесін жасағанда балалардың күн сайын алып жүретін оқу құралдарының салмағын ескеруі керек. Бұл талап санитариялық қағидалардың 74-тармағында көрсетілген", – деді ол.

Ал санитариялық талаптардың сақталуын мемлекеттік бақылау органдары тексереді.

"Егер оқушылардың күнделікті оқу құралдарының салмағына қатысты талаптар бұзылса, ата-аналар өз өңіріндегі санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментіне жазбаша өтініш бере алады", – деп түсіндірді Мұхамғали Арыспаев.

Демек, баласының сөмкесі шамадан тыс ауыр деп есептейтін ата-ана алдымен оқу құралдарының салмағын бос сөмкеден бөлек өлшей алады. Егер ол тиісті сыныпқа белгіленген мөлшерден асып кетсе, санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментіне жүгініп, талаптардың сақталуын тексеруді сұрауға әбден құқылы.

Мамандар оқушыларға арқасы ортопедиялық, ал иыққа асатын белдіктері кең әрі жұмсақ сөмкелерді таңдауға кеңес береді. Сондай-ақ сөмкенің салмағы жеңіл, материалы су өткізбейтін болуы және жарық шағылыстырғыш элементтермен жабдықталуы маңызды.

Министрлік өкілдері ата-аналарға баланың сөмкесіндегі қажетсіз заттарды үнемі алып тастап, оны екі иыққа бірдей асып жүруге дағдыландыруды ұсынды. Егер сөмке тым ауыр болса, мұғаліммен келісіп, оқулықтардың бір бөлігін мектепте қалдыруға болады.

Қарлығаш Асқарова
Жұма, 09 Қазан, 2026 17:05