Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Құбыжық сияқтымын": 700 мың теңгеге пластикалық операция жасатқан әйел далаға шыға алмай қалғанын айтып шағымданды

700 мың теңгеге көзіне пластикалық операция жасатқан әйел ел алдына шыға алмай жүр, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі Астана арнасына сілтеме жасап.

Қазір пластикалық ота сәнге айналған. Қалтасында қаражаты барлар ұнамаған мүшесін ақшаға сатып ала алады. Тіпті, кейбірі қарызға батса да пластикалық отаға жүгінеді. Арасында ажарын кіргіземін деп ажал құшқандар да бар.

Кристина есімді бикеш осыдан 5 ай бұрын пластикалық операция жасатқан. Дәрігер арудың ажарын жөндеу үшін 700 мың теңге сұраған. Ақ халаттының “сұлу” боласын дегеніне сенген ол, кредит алып тәнін өзгертуге бел буыпты. 

“Пластикалық хирург маған блефаропластика мен қасымның формасын өзгертуге кеңес берді. Мен келістім. Жасағаннан кейін қатты өкіндім. Адамдардың алдына шығуға ұяламын. Көпшілік жиналатын жерлерге мүлде бармаймын. Өйткені, мен қазір құбыжық сияқтымын”, – дейді Кристина.

Елімізде Кристина секілді құрбан болғандар жетерлік. Заңгер ауыр жарақат келтірілсе, заң жүзінде дәрігерді жазалауға болатынын айтады.

“Жеңіл немесе орташа жарақаттар болатын болса, ол әкімшілік жазаға тартылады. Айыппұл төлейді. Ал егер ауыр деңгейде зақым келетін болса, онда қылмыстық жауапкершілікке тартылуы мүмкін. Моральдық талап қоюына хақылары бар”, – дейді адвокат Ерқанат Бейсенов.

Косметологиялық операцияға баратындардың 70-80 проценті– қыз-келіншек. Ең көп сұраныстағы ота– блефаропластика. Оны "еуропалық қабақ синдромы" деп те атайды. Яғни, көзге қатпар салу. Сондай-ақ, құлақ пен мұрынның пішінін өзгертуге келетіндер көп.

“Ең басты біздің клиенттеріміз – әйел адамдар. 30-50 жас аралығындағы. Олардың негізгі шағымдары – жүктіліктен кейін өздерінің сұлулықтарын жоғалтып, қайтадан қалпына келтіруге, мысалы үшін кеуде жағын қалпына келтіруге ұмтылады. Былтырғы жылға қарағанда пациенттер саны бірталай өсті”, – дейді пластикалық хирург Бекжан Рамазан.

Психолог сыртқы келбетті өзгерту көпшіліктен қайталау синдромы екенін айтады.

“Көпшілікпен қайталау синдромы. Яғни егер де айналасындағы адамдар белгілі-бір өзгерістерге ие болатын болса немесе бір заттарды алатын болса, сыртқы келбетін өзгертетін болса адамда да санасыз түрде көпшіліктен қайталау синдромы жүзеге аса бастайды. Өзіне көңілі толмаса, ең бірінші ол – адамға деген өзінің сенімсіздігі байқалады. Және де ата-анасына реніші жоғары болатын болса, көбінесе адам өзін қабылдамайды”, – дейді психолог Анаргүл Ибрайымбекова.

Талқылау