Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Күйеуі күнде ұрып-соғып, қысым көрсетті": Түркістан облысының тұрғыны сіңлісін суицидке жеткізгендердің жазалануын талап етті

Түркістан облысының тұрғыны Гүлдана Елікбаева сіңлісі үшін араша түсіп, әділдік сұрайды. Сөзінше, сіңлісінің күйеуі оны жиі ұрып-соғып, ал енесі қорлап келген. Физикалық және психикалық қысымның салдарынан 21 жастағы Аружан Мүсілім өзіне қол салмақ болып, енді қазір реанимацияда жатыр. Түркістандық келіншек оқиғасын Stan.kz тілшісіне баяндап, сіңлісін суицид жасауға жеткізгендердің жаза алуын талап етті. 

Фото: Жеке мұрағат

Түркістан облысы Төлеби ауданы Алғабас ауылының тұрғыны Гүлдана Елікбаева сіңлісі Аружан Мүсілімнің тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбаны болғанын айтады. Ұрып-соғу мен түрлі қысымға, қорлыққа шыдамаған келіншек өзіне қол салуға бекінген дейді ол. Аружан Мүсілімнің күйеуі Алматыдағы әскери бөлімшеде жұмыс істейді екен. 

“Сіңлім 2023 жылы шілдеде тұрмысқа шықты. Өзінен екі жас үлкен жігіті сырттай өте жақсы болып көрінетін, “бақытты етемін” деп уәде беріп, алып қашты. Алғашқы 1-2 ай бәрі жақсы болды. Бірақ қыркүйекте күйеуі мас боп келіп жанжал шығарған, қол көтерген. Сіңлімнің көзінше басқа қыздармен жүріп, көзіне шөп салған екен. Ол шыдамай, үйден кетіп қалды. Бірақ әкеміз “ұят болады” деп оны қайта Көкібелі ауылына апарып тастады”, – дейді Елікбаева.

Сөзінше, қайтып келгеннен кейін жағдай ушыға беріпті. Енді араға енесі де қосылып, қызға психологиялық қысым жасап, көңіліне тиетін ауыр сөздер айтқан көрінеді.

“Аружан жүкті болғандықтан, енесінің ұрысын жүрегіне жақын қабылдады, күйзеліске түсіп кеткен. Бізге де айтпай, ішінде сақтаған. Осыдан соң екеуінің тойы болды. Бұл кезде де күйеуі мас болып, тағы ұрып-соғады. Тойдан соң сіңлім өзіне қол жұмсағысы келіп, қолына пышақ кезепті. Бірақ енесі көріп, оқыс жағдайдың алдын алыпты. Бұл жағдайдан да біз бейхабар болдық”, – дейді жәбірленушінің әпкесі.

Гүлдана Елікбаева редакциямызға Аружан Мүсілімнің құрбыларына жіберген аудиохабарламаларын тыңдатты. Аудиожазбада ол күйеуінің қол жұмсағанын және мұндай өмірден мезі болғанын айтып, құрбыларына шағымданған.

23 сәуірде Аружан босанып, сәбиін қолға алған. Алайда бұдан кейін күйеуінің қысымы одан әрі өршіп, соққыға жығуы жиілей түсті дейді.

“Көп жылай бергендіктен, сіңлімнің сүті де шықпай қалған. Енді босанған келіншекке “тірлік істемейсің, үй шаруасымен айналыспайсың” деп, тиіскіштеп кеткен. Күйеуі күнде ұрып әдет қылған. Ажырасатын болсаң, “баланы тартып аламын, аналық құқығыңнан айырамын” деп қорқытыпты. Біз де алып кете алмалық”, – дейді ол.

9 мамырда кезекті соққыдан кейін Аружан әжетханада өзіне қол жұмсамақ болыпты. Салдарынан Қазығұрт ауруханасына түскен. Оның туыстары Қазығұрттағы полиция бөлімшесіне “Суицидке жеткізу” бойынша арыз жазыпты. Алайда полиция әрекетсіздік танытып отыр дейді.

“Аружан Қазығұрттан Шымкенттегі облыстық ауруханаға ауыстырылды. Артында 15 күндік бөпесі қараусыз қалды, ол абысынының қолында. Сіңлімді осындай жағдайға жеткізгендер жазасын алсын”, – деді Гүлдана Елікбаева. 

Stan.kz тілшісі Түркістан облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметіне сауал жолдап, мәселені анықтауды сұрады. Баспасөз хатшысы оқиға назарда екенін айтып, анықтаған соң жауап беретінін мәлімдеді.

Талқылау