Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Күнде бастан ұрып, ішімізден тебеді": Әскерде борышын өтеп жүрген 20 жастағы сарбаз әлімжеттік көргенін айтты

Алматы облысындағы № 3660 әскери бөлімінің сарбазы әскерде күн сайын соққыға жығылатынын айтып, шағымданды. Сарбаздың әкесі ұлы жарты жылда жүдеп, әлсіреп кеткенін байқаған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Азаттық радиосына сілтеме жасап хабарлайды. 

Видеодан скриншот

Шымкенттік 20 жастағы Сапархан Қауынбай әскерде әлімжеттік бар екенін айтып, дабыл қақты. Айтуынша, шені жоғарылар оны басынан ұрып, ішінен тебеді.

“6 ай үлкендер жұдырықпен, шынтақпен ұрады. Тәртіп бұзбасақ та, еш себепсіз, іштері пысқанда тиісе бастайды. Айтқанымызды істеп, қорқып жүрсін деп істейді. Аптасына 1 рет дәрігерлер денені тексереді, бірақ басты қарамайды”, – деді сарбаз.

Айтуынша, арада ақша бопсалау да бар. 1000-2000 теңгеден жинап, темекі мен насыбай алғызатын көрінеді.



Сапархан үйіне барған кезде талып қалған. Әкесі оның жүдеп кеткенін байқапты. Осы себеппен дереу әскери бөлімге барып, прокуратураға жолыққан. 

“Бес ай бойы қысым көргенін жасырып, айтпай келді. Намыстанған болса керек. Балам екі ай бұрын 78 кг еді, қазір 67 кг болып қалыпты. Сол үшін “не болды, жасырма” деп айтқыздым. Кінәлілер жазасын алғанын қаладым. Мен ұлымды әскерде таяқ жесін деп емес, Отан алдындағы борышын өтесін деп жібердім. Өзі осы әскерге сұранып барды”, – деді сарбаздың әкесі Ғани Алтаев.

Жігіттің айтуынша, соққыдан соң оның басы ісіп, жаралар пайда болған. Алайда сарбаздар әлімжеттік деректері бойынша ешкімге шағымданбайды екен. Себебі айтып қойса, қысым үдей түсетін болса керек. 

“Шағымдансақ, “тоқылдақ” деп шеттетеді. Олар ұрып-соғуын ұйықтар кезде бастайды. Бәрін ұрып шығады”, – деді Қауынбай. 

Дәрігерлер жігіттің басын томографияға түсірген, ал нәтижесі кейін шығады. Осы жағдайдан соң ол басқа бөлімге ауысты.

“Әскерде ондай теріс қылықтар жоқ, біз ондайға жол бермейміз. Егер рас болса, әскери тергеу басқармасы онымен айналысады, тергейді. Мен өз басым мұндай нәрсе жоқ деймін”, – деді №3660 әскери бөлім командирі Жангелді Әбдіқадыров.

Талқылау