Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Күн сайын 4, айына 120 митинг өтеді": Қоғам белсендісі Астана әкімдігінің қағаз жүзінде ғана шеру ұйымдастыратынына шағымданды

"Құқықтық медиа орталық" директоры Диана Окремова Астанада күніне 4 және айына 120 митинг өтетінін айтты. Алайда қоғам белсендісі шерулер қағаз жүзінде өткізілетініне және тізім өзгермейтініне шағымданды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Фото: Диана Окремованың желідегі парақшасынан

Диана Окремова желідегі парақшасында Астана әкімдігінің митинг өткізудегі тәртібіне наразы болды. Оның айтуынша, тізімде ереуілді ұйымдастыратындардың аты-жөні және тақырыбы көрсетілмеген.

“Сіздер білесіздер ме? Астанада күн сайын 4 митинг немесе шеру өтеді. Ал айына – 120! Астана әкімдігінің сайтында мұндай митингтер мен шерулердің тізімі тұрақты түрде жарияланып отырады. Ең қызығы, бұл тізім ай сайын өзгермей тұра береді. Қарашада – 120 іс-шара, қазанда – 120, ал қыркүйекте – 124 болған. Алайда бұл тізімде ұйымдастырушылардың аты да, митингтердің тақырыбы да көрсетілмеген. Ал бұл – ең басты ақпарат! Адамдар митингке қандай мақсатпен баруы керек екенін қайдан біледі? Бұл – үлкен сұрақ. Жалпы алғанда, бұл жағдай "қызу жұмыстың имитациясын" көрсетеді. Астана әкімдігі, сіздер мұның адамдарды алдау және толықтай профанация екенін түсінесіздер ме? Қалыпты мемлекетте мұндайға ұялу керек еді”, – делінген "Құқықтық медиа орталық" директорының жазбасында.

Диана Окремова салық төлеушілердің ақшасына осындай әрекеттер жасалғанына ұялатынын жеткізді. 

“Бірақ, шамасы, есептерде бұл тізімдер өте әдемі көрсетілетін сияқты. Бізде бейбіт жиналыстар туралы заң қандай керемет жұмыс істейді... Ал шын мәнінде маңызды митинг өткізгісі келетіндерге “кешіріңіздер, митинг өткізетін жерлер бос емес” деп айтып, бас тарта салу оп-оңай”, – деді Диана Окремова.

Сонымен қатар "Құқықтық медиа-орталық" қызметкерлері 2023 жылдың ақпан айында Астана әкімдігіне бұқаралық ақпарат құралдары туралы заң жобасына қарсы бейбіт митинг өткізу туралы өтініш жіберген. Алайда әкімдік митинг өткізілетін орын бос емес деп, өтінішті қанағаттандырудан бас тартқан. Әкімдік берген жауапта ол жерде вейпке қарсы митинг өтетіні айтылған, бірақ шын мәнінде алаң бос тұрған. Өкінішке қарай, құқық қорғаушылар әкімдікті сотқа беріп, жеңіліп қалған. Сот әкімдіктің әрекетін заңды деп таныды, себебі мемлекеттік орган тек орын мен күнді келісуге міндетті, бірақ митингтің шын мәнінде өтетін-өтпейтінін бақылауға міндетті емес деп түсіндірді.

Бұл жағдайдан кейін "Құқықтық медиа-орталық" Конституциялық сотқа жүгініп, қолданыстағы заң бейбіт жиналыстар өткізу құқығын толық жүзеге асыруға мүмкіндік бермейтінін дәлелдеді. Үш айлық талқылаудан кейін Конституциялық сот заң Конституцияға қайшы емес деп танығанымен, әкімдіктердің жұмысында маңызды кемшіліктер бар екенін атап өтті. Сот шешімінде азаматтардың бейбіт жиналыс өткізу құқығын қорғауға қатысты маңызды ұсыныстар берілді:

  • Әкімдіктердің интернет ресурстарында арнайы орындардың қолжетімділігі туралы нақты ақпарат болуға тиіс.
  • Бейбіт жиналысқа рұқсат беруден бас тарту шешімі барлық факторларды мұқият талдаудан кейін ғана қабылдануы керек.
  • Жиналыс ұйымдастырушысына басқа орын немесе уақыт ұсынылуы міндетті.

Осы ретте редакция тілшісі Астана қаласының ішкі саясат басқармасының басшысы Нұрдәулет Әлмұхановтан ұйымдастырушылар мен тақырыптар туралы сұрады. 

Нұрдәулет Әлмұхановтың айтуынша, бейбіт жиналысты қаржыландыру ұйымдастырушының есебінен жүзеге асырылады. Ол бұл іс-шараларды өткізуге бюджеттен қаражат бөлінбеген және жоспарланбаған. 

"Қазақстанда бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру және өткізу тәртібі туралы" 2020 жылғы 25 мамырдағы №333-VІ Заңының 10-бабы 3-тармағына сәйкес, хабарламада ұйымдастырушының деректері, жиналыс орны, уақыты, қатысушылар саны, құрылысжайлар, құралдар, регламент, байланыс мәліметтері, қаржыландыру көздері және қолтаңба көрсетіледі. Былтыр бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру және өткізу үшін мамандандырылған орындарда әкімдікпен 964 бейбіт жиналыс өткізуге келісілді", – делінген ішкі саясат басқармасы.

Айта кетейік, шеруді ұйымдастырушы орны мен уақытын өзгерту ұсынысына 1 жұмыс күнінде жазбаша, электронды немесе телефон арқылы жауап береді. Шеруді ұйымдастыру мақұлданса, билік жиналысты тоқтата алмайды.

Талқылау