"Қуандық лайықты жазасын алуы керек": Бишімбаевтың анасы жарыссөзде Нүкенованың жақындарынан кешірім сұрады
Әйелі Салтанат Нүкенованы азаптап өлтірді деп айыпталған Қуандық Бишімбаевтың ісі бойынша сот отырысында жарыссөз жалғасып жатыр. Бишімбаевтың анасы Альмира Нұрлыбекова марқұмның жақындарынан алғаш кешірім сұрады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Тікелей эфирден скриншот
Альмира Нұрлыбекова Бишімбаевтың өкілі ретінде жарыссөзде сөз сөйлеп, Нүкеновтер отбасынан кешірім сұрады.
“Қуандықтың ісі Салтанаттың отбасына, біздің отбасыға орны толмас қайғы әкелді. Қуандық істеген ісіне лайықты жазасын алады. Салтанаттың отбасынан кешірім сұраймыз. Біздің отбасы мен Салтанаттың отбасына тағдыр үлкен сынақтар дайындап қойды. Салтанат қайтыс болды, бұл – орны толмас қаза. Күнде Салтанат үшін дұға жасаймыз. Мен ұлым үшін дұға етемін. Ол біздің отбасымыздың қайғысына айналған әрекетке барды”, – деді сотталушының анасы.
Айтуынша, Бишімбаевты тек жаңа Қазақстанның қалыптасуы үшін жазалау дұрыс емес. Басқа шенеуніктер мен абьюзерлерге сабақ болсын деген ниетпен емес, тек істеген ісі үшін соттасын деді.
“Қуандықты қоғамның паразиті деп, ең төмен адам етіп жатыр. Біз баламызға қазақы тәрбие бердік. Оған қысым жасаған жоқпыз. Желіде біздің отбасымызды “құбыжық” санап, түрлі айыптар тағылды, Қуандықты дұрыс тәрбиелемеді деді. Бірақ біз барынша тырыстық және Қуандықтың ісі үшін әр қыздың анасынан кешірім сұраймын”, – деді ол.
Сөзінше, Салтанат екеуінің қарым-қатынасы жақсы болған. Ол Нүкеноваға ене ретінде үнемі ақыл-кеңес беріп, бәрі әйелге байланысты екенін айтқанын мәлімдеді.
Ол не болса да, ұлын қолдайтынын және оның тілеуін тілейтінін айтты.
"Кез келген ана ұлын соңына дейін қорғайды. Бірақ мен сенімдімін, менің ұлымның сөздері куәлардың сөзімен, хат-хабарлар және фактілермен расталады. Менің ойымша, тергеу өлімнің себебін, өлім уақытын анықтаған жоқ. Тергеу ішімдіктердің мөлшеріне де мән бермеген. Егер сол кеште осыншама көп ішімдік ішпегенде мұның ешқайсысы да болмас еді", – деді Нұрлыбекова.