Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Криптовалюта сатамыз деп алдап келген: Қазақстанда тағы бір қаржы пирамидасы анықталды

ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі елімізде өздерін криптовалюта саудасымен айналысатын ұйым ретінде бүркемелеп келген тағы бір қаржы пирамидасын анықтады, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі. 

"Әлеуметтік желілер мен ақпараттық кеңістікті мониторингтеу барысында инвестициялық қызметтен жоғары кіріс алуға уәде бере отырып, өз қызметін белсенді жарнамалайтын "Finiko" компаниясы анықталды. "Finiko" пайдаланушыларға "Сyfron Sapital OÜ" платформасында cryptocurrency және басқа инвестициялық құралдарды сатып алуды ұсынады. Бұл жылжымайтын мүлікті, автомобильдерді сатып алуға, міндеттемелерді өтеуге және инвестициялауға байланысты жағдайларды имитациялайтын ойын алаңы", – делінген агенттік хабарламасында.

Агенттік мәліметінше, СYFRON-да есептеулер жүргізілетін криптовалюта ресми валюта болып табылмайды және қаржылық құндылығы жоқ. Осылайша, пайдаланушылар ақшаны нақты инвестициялық компанияға емес, оның жалған үлгісіне салып келген.

"Өз кезегінде "Finiko" компаниясы осы ойын платформасын пайдалану кезінде күніне 1-1,2% мөлшерлеме бойынша кіріс төлеуді уәде етеді, бұл халықтың теңгелік депозиттері бойынша орташа нарықтық мөлшерлемеден 43 есеге дейін асатын жылдық есептеудегі кірістіліктің жоғары деңгейіне сәйкес келеді. "Finiko" сонымен қатар тұтынушылық және ипотекалық несиелерді өтеуді ұсынады. Егер компания борыш сомасының 35%-ын салса, ол қатысушының кредиті бойынша бүкіл соманы төлеуге міндеттенеді. Осындай талаптар автокөлік пен жылжымайтын мүлікті сатып алу кезінде ұсынылады: жарна мүлік құнының кемінде 35%-ын құрайды және 3-4 ай өткеннен кейін компания оны сатып алуға және қатысушының меншігіне беруге уәде береді", – деп қосты агенттік өкілдері. 

Сондай-ақ компания кез келген сатып алу үшін 25%-ға дейін ақшаны қайтаруды және тегін қызмет көрсету кезінде ай сайынғы қаражат қалдығына 6% сыйақыны ұсынатын жалған кэшбэк-карталар есебінен көтеріңкі кірістілікті алуға уәде еткен. Сонымен қатар осы карта аясында 1-5 адам тарту үшін 1%-дан 10%-ға дейін жоғары кэшбэк пайызын ұсынатын анықтамалық бағдарлама бар.

"Finiko" өтініші бойынша кэшбэк-карточка MasterCard-пен ынтымақтастықта жасалғанын атап өтеміз. Алайда "Finiko" MasterCard серіктестерінің тізімінде жоқ. "Finiko" компаниясы банктерде арнайы есеп айырысу шоттарын пайдаланбайды. Алаяқтық операцияларды жүргізу үшін ол ақшаны тек қолма-қол нысанда қабылдайды не Qiwi-кошелек, Яндех-ақша, Easy Pay, PayPal және т.б. сияқты интернет-төлемдер мен аударымдардың түрлі жүйелерін пайдаланады. Осылайша, қатысушылар салынған қаражаттың қайда бағытталғанын бақылай алмайды", – делінген ресми хабарламада. 

Қаржы пирамидасын ұйымдастыру фактісі бойынша Ресей Федерациясының аумағында "Finiko" компаниясына қатысты қылмыстық іс қозғалды. Компанияның жалпы шығыны 80 миллион рубльден асады. 2019 жылғы тамыз – 2020 жылғы желтоқсан аралығында компания Татарстан мен Ресей Федерациясының басқа субъектілерінің аумағында жеке тұлғалардың қаражатын қор нарықтары мен криптовалютаға инвестициялау үшін деп тартқаны анықталды. РФ Орталық Банкінің сайтында "Finiko" "қаржылық пирамида" белгілері бар компаниялар тізімінде тұр. Берілген тізімде Орталық Банк қаржылық пирамидалардың немесе өзге алаяқтық әрекеттердің айқын белгілерін анықтаған компаниялар көрсетілген. Қазіргі уақытта тізім 1913 ұйымнан тұрады. 

"ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі "Finiko" қызметін анық қаржылық пирамида мен қаржылық алаяқтықтың белгілеріне ие деп бағалайды. Берілген компания қаржылық ұйымдарға жатпайды, өйткені оның уәкілетті орган берген лицензиясы жоқ, тиісінше, ол халықтан ақша тарту, тартылған қаражатты сенімді басқару және инвестициялау бойынша қызмет атқаруға құқылы емес. Осыған байланысты, Агенттік Қазақстан азаматтарына "Finiko" компаниясына инвестиция жасау және онымен шарттық қатынастарды орнату, берілген компанияның шотына қаражат аудару немесе қолма-қол ақша беру қауіпті болып табылатыны туралы хабаралайды", – деп қосты агенттік өкілдері. 

Талқылау