Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

ҚР банктерін сақтау үшін миллиард доллар жұмсалмақ: Ұлттық банк түсініктеме берді

Ұлттық банк төрағасының орынбасары Олег Смоляков Қазақстан банкке көмектесу үшін миллиард доллар бөледі деген ақпаратқа қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.

Бұған дейін Reuters агенттігі актив сапасы анализден өткен соң қосымша капиталға мұқтаж деп танылған төрт отандық банкке көмек ретінде миллиард доллар қаржы бөлінеді деп хабар таратқан болатын. 

Агенттіктің ақпарат көзі жаңа көмек пакеті 1 триллион теңгеге жетеді десе, өзге дереккөздер 410 миллиард теңге және төрт банк қамтамасыз етіледі деп айтқан. 

"Белгісіз сарапшылар мен дереккөздерге сілтеме жасаған алғашқы баспасөз құралы бұл ғана емес. Ол жерде әр түрлі сандар көрсетілуде. Актив сапасы әлі де зерттеліп жатқанын ескерсек, оның нәтижесі шықпай жатып қорытындысын жария ете алмаймыз", - деді Смоляков, Мәжіліс отырысынан кейін журналистер сауалына жауап беріп.

Оның айтуынша, банк активтерінің сапасын бағалау желтоқсанның соңына жоспарланған. Қорытындысы бойынша екі айдың ішінде қаржы реттегіш банктермен жоспарға қатысты ьалқылау өткізіп, түзету шараларын жүргізетін болады.

"Мен дереккөздерге байланысты ештеңе дей алмаймын. Әр басылымның өз дереккөзі бар. Бағалау нәтижесі туралы пікір білдіріп тұрған бірінші я соңғы басылым емес деп ойлаймын. Ұлттық банк көрсеткендей, уақыты жетпеген процесте тұрмыз. Жылдың аяғына дейін барлығын аяқтап, түзету шараларын талқылайтын боламыз", - дедә Смоляков. 

Талқылау