Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қостанай облысында ресейлік нөмірі бар көлік иелерін қамауға алып жатыр: Жүргізушілер наразылықтарын жеткізді

Қостанай облысында ресейлік нөмірмен жүрген көлік иелерінің қамауға алынып жатқаны туралы ақпарат тарады, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі Ng.kz басылымына сілтеме жасап.

Көліктері Ресейде тіркелген қазақстандық жүргізушілер Қостанай қаласы әкімдігінің ғимаратына келіп мәселенің анық-қанығын сұрап білді. 

Әкімшілік алдына жиналған жүргізушілерді полиция қызметкерлері тексерді. Алайда ешкім ұсталмаған. 40 шақты адам әкімдік ғимаратына кіріп талаптарын жеткізді. 

“Қазір не болып жатқанын түсінбей отырмыз. Бұрын Ресейден алып келінген көліктерге рұқсат берілген болатын. Қазір көліктерімізді көшеден алып кетіп жатыр”, – деп шағымданды жүргізушілердің бірі Вячеслав Каменюк. 

Жергілікті полиция басқармасының басшысы Мәжікенов көліктер міндетті түрде тіркеуде тұруы керек екенін айтты.

"Ресей Федерациясынан бізге тіркеуден шығарылған көліктердің тізімі келіп түсті, олардың республика бойынша Қазақстанға сатылған 88 мыңға жуығы бар. Ресей нөмірлі көлік тізгіндеген азаматтарымыздың көпшілігі заң аясында әрекет етеді. Олардың Ресей Федерациясында жарамды тіркеуі, сатып алу-сату шарты және сақтандыру полисі бар. Полицейлер үшін азаматымыздың қандай көлікпен жүретіні маңызды емес. Ең бастысы, ол бір жерде тіркелуі керек. Біз "Жол қозғалысы туралы" заңымызға сәйкес Ресеймен одақтасамыз. Сондықтан жүргізуші көлікті 10 жұмыс күні ішінде тіркеуге міндетті", - деді Мәжікенов.

Мәжікенов егер олар сатып алу-сату шартын ұсынса, тәркіленген көліктердің барлығын иелеріне қайтаруға болатынын атап өтті. Рас, мемлекет айыппұл төлеуге мәжбүр болады. Бірақ көлікті Қазақстанда немесе Ресейде тіркеуге қойғанға дейін көлікті пайдалана алмайды.

Көлік иелері көліктің бұрынғы иелерін табу мүмкін емес екенін айтып, көлікті қалай тіркеуге қоятындарын білметіндерін жеткізді. 

“Мен төрт баланың анасымын, пәтер жалдап тұрамыз. Маған ақша табу үшін көлік керек. Менің қазақстандық тіркеуі бар көлігім өртеніп кетті. Бағасы тиімді болғандықтан, ресейлік көлікті сатып алдым. Бірақ оны тіркейтін қаражатым жоқ”, – дейді көпбалалы ана. 

Ресейлік нөмірлі көліктердің иелері армян нөмірі бар көліктерге жасалған жеңілдік өз көліктеріне де жасалуын сұрайды. Олар уақытша сары нөмір енгізіп, 10 000 теңгеден аспайтын ең төменгі баж салығын төлеп, Қазақстанда тіркеуге қою туралы ұсыныс тастады. 

Жиналғандардың пікірінше, олар басты сұраққа әкімдіктен жауап ала алмаған.

Облыс әкімі Қайрат Ахметов тіркеусіз көліктерді гаражда қалдыруды ұсынды.

Талқылау