Қорғаныс министрлігі: Жамбылдағы оқ-дәрі қоймасында тағы бір жарылыс болды
Жамбыл облысындағы өрт шыққан инженерлік оқ-дәрілер қоймасының аумағында бүгін 12:20 шамасында тарсыл естілді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
Қорғаныс министрлігінің хабарлауынша, оқиға орнында адамдар болмаған.
"26 тамыз күні өрт болған инженерлік оқ-дәрі қоймасының аумағында бүгін, 29 тамыз күні 12:20 шамасында тарсыл естілді. Құрбандар мен зардап шеккендер жоқ, оқиға орнында ешкім болмаған. Қазір оқиғаның себептері анықталып жатыр", – делінген ресми түсініктеме.
Еске сала кетсек, 26 тамыз күні кешкі сағат 19.00 шамасында Жамбыл облысының Байзақ ауданындағы оқ-дәрі қоймасынан өрт шығып, жойқын жарылыс болған еді. Салдарынан 13 адам қаза тапты.
Бүгін, 29 тамыз Қазақстанда Жалпыұлттық аза тұту күні болып жарияланды. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев әскери және қызметтік борышын атқаруда көрсеткен ерлігі мен жанқиярлығы үшін Жамбыл облысында әскери қоймадағы жарылыстан қаза тапқан азаматтарды мемлекеттік наградамен марапаттады.