Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қонақ үй, кафе, колледж, базар бар: Арыстанбек Мұхамедиұлы отбасының меншігіне тиесілі байлықты ашық айтты

Бұрынғы мәдениет және спорт министрі, ҚР Ұлттық музейінің директоры Арыстанбек Мұхамедиұлы отбасының меншігіндегі дүниелер туралы бірінші рет ашық айтты. «Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлованы қызметтен кетіргісі келетіндердің артында Мұхамедиұлы тұр» деп айыптаушыларға жауап берді. 

Бұл туралы "Қасқа жол" бағдарламасында айтылды.

Арыстанбек Мұхамедиұлының отбасы мен өзінің меншігіндегі байлығы туралы жақында ғаламтор бетінде ақпарат шықты. Бұл ретте экс-министр отбасына тиесілі мүліктерді ашық айтты. Енесінің, әйелінің, ұлдарының атында қандай мүлік барын айтты. 

"Ғаламторда небір алып-қашпа әңгіме айтылады береді. Ипподром бар екен, мейрамхана бар дейді. Мен ешкімнен ешнәрсе жасырмаймын. Заңды жұмыс істеп жатқандықтан, заңды түрде кімнің атында екенін айта аламын. Жұбайымның атында "The family" деген кафе бар. "Қазақ энциклопедиясын" сатып алғанымыз бар. Әйелімнің атындағы қазақ, швейцар, америкалық колледжі бар. Ұлымның атында "Alem education coleji" білім орталықтары. "Дипломат" қонақ үйі 71 пайызы енемнің атында. Әйелімнің атындағы "Тәуекел-Т" ЖШС газ құбырларын жеткізумен айналысты. Алайда өзім атап өткен мүліктерді сатып алу үшін "Тәуекел-Т" ЖШС сатып жібердік. Қазір біздің меншігімізде емес. Жақында өртеніп кеткен "Шапағат" базарының 45 пайызы менің қызымның атында еді. Ол бизнес үшін емес, сыйлық ретінде берілген дүние еді. Егер мен жасырынатын болсам, осы аталғанның бәрін офшорлық компания арқылы басқа атаумен жазғызар едім. Егер қандай да бір заңсыздық болса, шығар еді. Мені әбден тексерді. Жан-жақты тексерді. Заң бұзушылық тапқан жоқ", - деді Мұхамедиұлы. 



Экс-министр қазіргі мәдениет министрі Ақтоты Райымқұлованың өз мүмкіндіктерін пайдалана алмай жатқан болуы мүмкін деген көзқараста. Ал министрге қарсы шыққан режиссер Ермек Тұрсынов менің адамым емес дейді ол. 

"Жақында Ермек Тұрсынов мәдениет министріне қарсы хат жазды. "Ермек Тұрсынов Арыстанбектің адамы" деген қауесет тарады. Тұрсынов кезінде менің бірнеше жобама қарсы шығып, жоспарларымды бұзған адам. Мен онымен жақын араласпаймын. Егер мен жағында болса, менің жобаларыма қарсы шықпайды ғой. Райымқұлова қазіргі пандемияның кесірінен мүмкіндігін пайдалана алмай отыр деп ойлаймын. Ол еңбекқор азаматша. Мен біреуге хабарласып, мені қызметке ал немесе мені мақта не басқаны жаманда деп ешқашан сұранған емеспін. Жүр ғой кейбір азаматтар 30 жыл бөтен әйелдің етегіне жасырынып жүріп, кейін өзі жетістікке жеткендей болып жүретін. Кім екенін ашық айтпай-ақ қояйын. Маған қарсы ақпарат таратқан адамдардың өмірбаянын зерттесең, бәрі шығады", - деді экс-министр. 

Мұхамедиұлы ұлы тұлғалардың анасы туралы кітап жазды. Онда елбасының анасы туралы да баяндайды. Бұл елбасыға жағынудан туған дүние емес дейді өзі. 

"Небір мықты әлемдегі азаматтардың аналары туралы жаздым. Ол жерде елбасының анасы туралы да бар. Елбасы 80 жасында берген сұхбатында "анама құрмет көрсете алмадым" деп өкінеді. Өзін анасының сондай жақсы көргенін айтады. Неге жазбасқа? Мен елбасыға жағынайын деген жоқпын. Хат жазып, мені қызметке алыңыз деген де емеспін. Керек болса, шақырар. Шақырмаса, өз жұмыстарымды атқара беремін. Менің мақсатым - әлемдегі ұлы тұлғалардың жанында біздің қазақ әйелі тұрса, қазақты әлем таныса, сол туралы оқыса деймін. Әлем халқы ұлы аналар туралы оқығанда, елбасының анасы туралы да оқиды. Солайша қазақты насихаттағым келді", - деді Арыстанбек мырза.

Талқылау