Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Коммуналдық шығындарды өзім төлеймін – СҚО әкімі резиденцияда тұра ма

Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Айдарбек Сапаров орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте өзі тұратын резиденцияға қатысты сұраққа жауап берді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

“Соңғы кездері Шығыс Қазақстан облысы әкімінің резиденциясы қызу талқыға түсіп жатыр. Тіпті ШҚО әкімдігі тікұшақ үшін былтыр 200 миллион теңге бюджет қаражатын жұмсаған. Ал сіздің резиденцияңызды қанша бюджет қаражаты жұмсалады? Тікұшақтарға ше?”, – деп сұрақ қойды журналистер брифингте.

“Мемлекеттік үйде тұрамын. Тұрғын үй екі қожайынға бөлінген. Бұл үйге мемлекеттен қаржы бөлінбейді. Коммуналдық шығындарды да өзім өтеймін. Иелігімде тікұшақ жоқ”, – деп қысқа қайырды әкім Айдарбек Сапаров журналистер сұрағына. 

Сонымен қатар жақында Мағжан Жұмабаев ауданы әкімінің орынбасары Серік Құсанов наурыз айының басында сыбайлас жемқорлыққа байланысты сотталғанына қарамастан, оның тікелей бастығы Қайрат Омаров әлі де қызметінен босатылмаған болатын. Себебі облыс әкімі оның отставкаға беру туралы өтінішін қабылдамаған. Сапаров бұл әрекетінің себебін түсіндірді. 

“Мағжан Жұмабаев ауданы әкімінің орынбасары  үш жылға бас бостандығынан айырылды. Заңға сәйкес, аудан әкімі Қайрат Омаров отставкаға кету туралы өтініш берді.  Алайда заңда қарастырылған баламаны ескере отырып,  аудан әкімін қызметте қалдыру туралы шешім қабылдадым. Бұл ретте Қайрат Омаровқа қатаң сөгіс жарияланғанын атап өткен жөн. Қайрат Омаров ауданды 4 жылдан астам басқарып келеді,  біліктілігі мен тәжірибесі жеткілікті. Аудан басшылығының алдына нақты міндеттер қойылып, олар бүгінде жүйелі түрде жүзеге асырылуда”, – дейді әкім. 

Айнұр Мұхади
Сәрсенбі, 21 Маусым, 2023 14:31