"Ең бастысы – шыдамдылық": Қазақстандық ару АҚШ-та жүк көлігін жүргізіп, аптасына миллион теңгеден аса табыс тауып жүр
Ақтөбелік ару Ассоль Марат АҚШ-та жүк көлігін жүргізіп, нәпақасын тауып жүр. Сөзінше, ол осы жұмысы үшін аптасына 2 мың доллардан аса (1 миллион теңгеден аса) табыс табады екен. Ассоль Марат Stan.kz тілшісіне Америкаға қалай барғанын және жұмысындағы қызықтар мен қиындықтар туралы айтып берді.
Фото: Видеодан скрин
Қазақстандық Ассоль Марат Америкаға осыдан жеті жыл бұрын жалғыз өзі барған. Алматыда техникалық университетте білім алған ол бұрын да шетелдіктермен жұмыс істеп, Атакентте көрме өткізуге көмектескен екен.
Жүк көлігін жүргізуіме коронавирус әсер етті
"Негізі ақтөбелікпін. Отбасым үлкен, анам мен үш әпкем бар. АҚШ-қа студент кезімнен түрлі бағдарламалар арқылы саяхаттап, келіп жүрдім. Мұнда достарым көп. 2018 жылы келіп, осында біржола тұрақтап қаламын деп шештім. Таңдауымды отбасым да қолдады. 17 жасымнан бастап отбасымнан бөлек тұрғандықтан, бейімделу жағынан үлкен қиындықтар болмады. Дегенмен мұнда бүкіл өмірімді нөлден құруға тура келді. Сол себепті депрессияға ұшыраған сәттер болды. Өмірімдегі ең қиын әрі қызық кезең Америкаға келіп, тұрақты өмір сүре бастаған алғашқы жылдарым. Бірақ ол кезеңнің бәрі артта қалды", – дейді Ассоль.
Ассольдың сөзінше, жүк көлігін жүргізуіне коронавирус кезеңі әсер еткен.
"Коронавирустың өршуі мені осы салаға алып келді. Басқалары секілді мен де жұмыссыз қалдым. Қиындығы көп, физикалық жағынан өте ауыр жұмыс. Жүк көлігін жүргізгеніме әркім әртүрлі қарайды. Негізі басым көпшілігі таңғалады. Көбі қыз баланың кәсібі емес, жұмысты жалғыз еңсере алмайсың, деп айтады. Дегенмен мен үшін жақсы тұсы: жұмыс графигін өзім құра аламын. Бір жағы әртүрлі жерлерге саяхаттау мүмкіндігі туады. Ал жалақы жағына келсем, ол жұмыс орнына, уақытқа, маусымға қарай әртүрлі. Орташа есеппен аптасына 2 мың доллардан (1 миллион теңгеден аса) басталады", – дейді Ассоль Марат.
Ассольдың сөзінше, жолда ең қажеті – шыдамдылық. Себебі бірнеше шақырым жолды жалғыз өзің жүріп өтуге тура келетін сәттер болады.
АҚШ-та қылмыскерлер өз отанына қайтарылып жатыр
Ассоль Марат жұмыс кезіндегі қиындықтарға да тоқталып өтті.
"Бір күні түнгі уақытта қауіпті ауданға тап болдым. Шарқ ұрып көлігіме қауіпсіз тұрақ іздеген кезім есімде. Тағы бір жағдай болды. Жолда жүк көлігім бұзылып қалды. Жағдайды компанияға хабарладым, бірден көлік жөндейтін қызмет жіберді. Сондай-ақ компания қиын жағдайға тап болсаң, баспанамен қамтамасыз етеді. Олар көлікті жөндеп біткенге дейін үйде демалдым", – дейді ол.
Сондай-ақ Ассоль АҚШ-тан 369 қазақстандық депортацияланады деген ақпаратқа қатысты пікір білдірді. Сөзінше, дәл қазір Америкадан құжатсыз, соттылығы бар мигранттарды шығарып жатыр.
"АҚШ-тан құжатсыз, соттылығы бар және мәртебесі жоқ заңсыз иммигранттарды ғана депортациялайды. Мен мұнда заңды тіркелгенмін, құжаттарым бар. АҚШ тұрғындарының барлығы бұл заңға риза. Өйткені қылмыскерлер өз отанына қайтарылып жатыр. Сол себепті алдағы өмір қауіпсіз болады деп ойлаймын", – дейді ол.
Ассоль Марат алдағы уақытта жүк көлігін жүргізу саласында қалатынын жеткізді.
"Қазір жүк көлігін тасымалдау бизнесімен айналысамын. Бірақ бұрынғыдай жүргізбеймін. Тек әлеуметтік желілерде осы тақырыпты мүмкіндігінше қозғауға тырысамын. Қазір ұшқыш мамандығында оқып жүрмін. Ұшақты басқарып үйренгім келеді. Әуе кемесін басқарғандағы атмосфераны, энергияны сезінгім келеді. Қазір басты мақсат – осы", – дейді Ассоль.