Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Босану кезінде көз жұмған: Атырауда көз жұмған төрт баланың анасының өліміне туыстары дәрігерлерді кінәлап отыр

Атырауда коронавирусқа қарсы модульдік ауруханада үш баланың анасы көз жұмды. Келіншектің анасы қызының өліміне дәрігерлерді кінәлап отыр, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі. 

Атырау қаласының 37 жастағы тұрғыны Гүлдана Сарузенова төртінші сәбиіне жүкті болған. Келіншектің анасы Светлана Сарузенованың айтуынша, қызының жүктілігі қалыпты өткен. Тек босануға бір апта қалған уақытта ақ халаттылар марқұмға короновирус инфекциясын жұқтырғанын айтып, үй жағдайында ем қабылдауға кеңес беріпті.

Ал 17 қаңтарда оның толғағы қысып коронавирусқа қарсы модульдік ауруханада жеткізіледі. Келесі күні туыстарына келіншектің көз жұмғаны туралы хабарлаған. Марқұмның туыстары қайғылы жағдайға ақ халаттыларды кінәлап отыр. 

“Қызымның ішінен қатты басқан ғой. Осылайша оның талағы жарылып кеткен. Қатты басқаны соншалықты, ұйқы безін де жарып жіберген. Дәрігерлер қанның қайдан кеткенін таба алмаған. Қателерін түсінгенде бәрі кеш болды. Бесік той жасаймыз деп отқанда, садақасын жасадық”, - дейді анасы Светлана Сарузенова.



Жағдайы аса ауыр болған науқас 18 қаңтарда ажал құшқан. Ал шекесі торсықтай  сәби қазір нағашы ата-әжесінің қолында. Денсаулығы жақсы. Одан бөлек Гүлдана Сарузенованың артында тағы үш ұлы бар.   

“Қайғыдан қан жұтып отырмыз. Төрт бала жетім қалды. Емханадағылар қызымның жүктілігі жақсы өткенін айты отыр. Тіпті УЗИ-да жақсы нәтиже көрсеткен. Не болғанын білмеймін, кімнен көретінімді білмеймін. Сап-сау қыз еді. Неге кесарь тілігін жасауға болмады. Жолдасы ауыр жағдайда жатқанда кіріп барған екен. Сол кезде қызым дәрігерлердің әбден қорлағанын айтып үлгеріпті. Қызымды өлтірді”, - дейді анасы жылап.

Атырау облыстық Денсаулық сақтау басқармасының басшылығы әйелдің өліміне қатысты ешқандай түсінік бермеді. Модульдік ауруханадағы дәрігерлер де үнсіз. Облыстық полиция департаменті баспасөз хатшысының мәліметінше, қазір іске қатысты тергеп-тексеру жүргізілуде. 

“Аталған факті бойынша қазір қылмыстық кодекстің 317 бабы 3 бөлігіне сәйкес тергеу амалдары жүргізілуде. Өзге ақпарат қылмыстық процестік кодекстің 201 бабына сәйкес жариялануға жатпайды”, - деді Облыстық полиция департаменті баспасөз хатшысы Мейірім Ердәулет.

Отбасы мүшелері дәл осындай қайғы өзге жанұяда қайталанбауы үшін кәнілілердің жазасыз қалмағанын қалайды.

Талқылау