Қызылордалық ғалымдар Альцгеймер және Паркинсон ауруларына қарсы дәрі жасамақ
Қызылордалық ғалымдар егде жастағы адамдар шалдығатын емі жоқ Альцгеймер және Паркинсон ауруларын болдырмауға мүмкіндік беретін препарат ойлап тапты. Зерттеушілер бұл жобалары үшін тіпті Еуропалық одақтың грантын жеңіп алған. Ауыр дертке қарсы дәрі ойлап тапқан мамандардың бірі, жас ғалым Нұрғали Ақылбеков Stan.kz тілшісіне сұхбат беріп, жан-жақты ақпаратпен бөліскен болатын.
– Қайырлы күн, Нұрғали Икрамұлы. Жоба жайлы айтып берсеңіз. Еуропалық одақтың грантын қалай жеңіп алдыңыздар? Байқауға қатысатын жобаларға қандай талаптар қойылды?
– Қайырлы күн! Біз бұл байқауға шетелдік әріптестерімізбен бірге қатыстық. Жобаның негізгі координаторы – Португалия елі. Қазақстандық ғалымдар үшін Еуропалық одақтың грантын жеңіп алу үлкен жетістік деп ойлаймын. Жалпы бұл байқауда біздің жұмыс өзінің маңыздылығының арқасында көзге түскені рас. 2012-2014 жылдары аралығында Қорқыт ата атындағы мемлекеттік университетінің "Физика - химиялық талдау әдістері" инженерлік бейіндегі зертханасында гранттық қаржыландыру негізінде Альцгеймер және Паркинсон ауруына қарсы препаратты ойлап табу жобасы бастау алған болатын. Көптеген ғылыми талдаулардың нәтижесінде қарапайым
түйежантақтың құрамындағы пайдалы қосылыстар болып саналатын флавониодтарды бөліп алып және одан атеросклероздың деп аталатын биологиялық қосылыс пайда болатынын анықтадық. Осы алынған қосылыстарды біз әрмен қарай модификациялау арқылы Альцгеймер және Паркинсон ауруын тежейтін препараттар жасауды жалғастырмақпыз. Ал препараттың адам ағзасына әсері клиникалық зерттеулерден кейін белгілі болады. Ғылыми жаңалығымыз қоғам үшін, адам денсаулығын жақсарту үшін пайдасын тигізеді деп сенеміз.
– Негізінен түйе тікенегі еліміздің оңтүстік өңірлерінде көп өсетіні белгілі. Бұл өсімдіктің медицина саласына пайдасы туралы қалай білдіңіздер?
– Түйе жантағына жан-жақты ғылыми зерттеу жүргізуге ҚР Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитетінен бөлінген грант көп көмек берді. Біз баршаға уақытқа созылған талдаулар жасадық. Бұл өсімдіктің клиникалық тұрғыда пайдасы көп екенін анықтадық. Ғылыми жаңалығымызды португалиялық әріптестеріміздің назарына ұсынған болатынбыз. Олар өз кезегінде жедел тест өткізіп, біз анықтаған наноматериалдар Альцгеймер және Паркинсон ауруларын емдеуге көмектесетінін растады. Қазір осы бағыттағы жұмыстарды бірге атқаруға кірісіп жатырмыз.
– Әлем бойынша адамдар бұл аурулармен қаншалықты жиі ауырады? Жалпы препарат мақұлданғаннан кейін, оны өз елімізде өндіруге мүмкіндік болады ма?
– Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, әлем бойынша 100 мың адамның ішінен 60-140 азамат осы ауруға шалдығады. Көбіне жасы ұлғайған кісілерде жиі кездеседі. Паркинсон диагнозы кезінде адам ағзасындағы дофамин гармоны аз мөлшерде бөлінеді. Кейіннен бұл ауру Альцгеймерге ұласып кетуі мүмкін. Яғни адамның есте сақтау қабілеті нашарлап, өз әрекетіне өзі жауап бере алмайды.
Егер ғылыми жоба өз нәтижесін берсе, бұл фармацевтика саласында үлкен жаңалықтардың бірі болмақ. Аталмыш препаратқа сұраныс болатыны сөзсіз. Яғни керек инвесторлар табылып, дәріні өз елімізде өндіруге мүмкіндік болады деп ойлаймын.
– Негізгі зертханалық жұмыстар қайда жүзеге асырылатын болады? Біздің материалдық техникалық базамыздың мүмкіндігі жарайды ма?
– Зертханалық жұмыстардың барлығы Қорқыт ата атындағы мемлекеттік университетінің "Физика – химиялық талдау әдістері" инженерлік бейіндегі зертханада жүзеге асырылатын болады. Материалдық-техникалық базамыз заманауи талаптарға сай жасақталған. Барлық қажетті құрал-жабдықтар қолжетімді. Жоба жетекшісі химия ғылымының кандидаты, Сыр еліне танымал тәжірибелі ғалым – Нұрбол Аппазов. Бүгінгі күні арнайы жасақталған команда зерттеу жұмыстарына кірісіп кетті. Көп ұзамай әлемнің назарын өзімізге аударатын жаңалық ашатынымызға сенімдімін. Алда көп жұмыс бар, ең бастысы, мақсатымыз айқын.
– Ғылыми зерттеудің ұзақтығы қанша?
– Еуропалық одақ грантының келісімшарты бойынша 4 жыл. Қазір түйе тікенегінен алынған қосылыстардың биологиялық қасиеті зерттеліп жатыр. Осыдан кейін клиникалық талдауларға көшетін боламыз. Осы уақыт аралығында шетелдік әріптестерімізбен байланыста болып, жан-жақты жұмыс жасалынатын болады.
– Біз сіздерге сәттілік тілейміз. Сұхбатыңызға рақмет!