Қызылордада көне қаладан үлкен кесененің орны табылды
Қызылорда облысының Сырдария ауданына қарасты Қоғалыкөл ауылының аумағында орналасқан Қышқала қалашығы орнынан көне кесене табылды, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
Қазба жұмыстары Қызылорда облыстық тарихи және мәдени ескерткіштерді қорғау мекемесі тарапынан қолға алынды. Ол Алтын орданың 750 жылдығы аясында жүзеге асырылып жатыр.
Қазба жұмыстары облыстық бюджет есебінен жүргізіледі.
"Биыл елімізге белігілі археолог Мадияр Елеуов жетекшілік жасайтын археологиялық экспедиция кең көлемді археологиялық зерттеу шараларына назар аударып отыр. Жұмыс барысында консервациялық шаралар атқарылады деп жоспарланып отыр. Қазіргі уақытта қалашықтың шетінде орналасқан кесенінің орны толық аршылуда. Қазбаның нәтижесімен кесененің көлемі үлкен екендігі анықталды. Ол толық қыштан тұрғызылған. Сонымен қатар, биыл өткен жылғы қазба барысында анықталған құрылыс нысандарына және қыш күйдіретін пеш орындарына қазба жүргізіледі", - деді Қызылорда облыстық тарихи және мәдени ескерткіштерді қорғау мекемесінің мамандары.
Экспедицияға археологтар, жас ғалымдар және жергілікті ауыл тұрғындары тартылған.
Айта кетейік, Қышқаладағы археологиялық зерттеулер 2018 жылдан бері тұрақты түрде жүргізіліп келеді.