Қызылордада әкімдік жөнделіп қойған жолдарды қайта жөндеуге 1,7 млрд теңге бөлген
Қызылордада әкімдік бұрын жөнделген көшелерді қайта жөндеуге 1,7 млрд теңге қаржы бөлген. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: freepik.com
Қызылорда қаласының прокуратурасы мемлекеттік сатып алу саласында заңдылықтың сақталуына талдау жүргізді.
Тексеріс барысында бұған дейін орташа жөндеу жұмыстары жүргізілген көшелерді қайта жөндеуге 1,7 млрд теңге қаражат бөлінгені анықталды. Прокуратураның араласуынан кейін мемлекеттік сатып алудың күші жойылып, 1,7 млрд теңге бюджет қаражатының негізсіз жұмсалуы тоқтатылды.
"Қызылорда қаласына қарасты Қызылжарма ауыл округіндегі Батырбаев көшесіне 2020 жылы 49 млн теңгеге орташа жөндеу жұмысы жүргізілген. Тиісті заңа сәйкес автокөлік жолына күрделі жөндеу жүргізудің аралық мерзімі — 6-9 жыл. Аталған талаптарға қарамастан Қызылжарма ауыл округінің әкімдігі биыл Батырбаев көшесіне күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізуге 653,9 млн теңгеге мемлекеттік сатып алу жариялаған. Осыған ұқсас заңбұзушылықтар Әбенов, Досхожин және Сексенбаев көшелеріне күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін 1 млрд теңге қаражат бөлу жағдайы анықталды", — делінген хабарламада.
Прокуратураның мәліметінше, қабылданған шаралардың нәтижесінде жалпы сомасы 1,7 млрд теңгені құрайтын 4 мемлекеттік сатып алу конкурсының күші жойылды.