Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қызылорда тұрғыны көлігін айыппұл тұрағына қойғаны үшін полицияға шабуылдады

Қызылорда тұрғыны көлігін айыппұл тұрағына эвакуациялағаны үшін полицияға шабуылдады, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.

12 мамырда сағат 13:00 шамасында Қызылорда қалалық ПБ-ның қызметкерлері Қызылорда қаласының орталық көшелерінің бірінде қызмет атқару барысында ҚР ӘҚБтК-нің 590-бабының 1-бөлігінде (Көлiк құралдарын пайдалану қағидаларын бұзу) көзделген құқық бұзушылықпен “Ауди А6” маркалы автокөлігін тоқтатқан.

Сол жерде автокөлік жүргізушісінің құжаттарын тексеру барысында сақтандыру куәлігі жоқ болып, ҚР ӘҚБтК-нің 230-бабының 2-бөлігінде (Қазақстан Республикасының мiндеттi сақтандыру туралы заңнамасын бұзу) көзделген құқық бұзушылықты жасағаны анықталып, осыған байланысты автокөлікті айып тұрағына алып бару туралы шешім қабылданған. Қабылданған шешіммен жүргізуші келіспей, полиция қызметкерлеріне қатысты балағат сөздер айтып, өзіне қатысты жасалған ескертулерге мән бермеген. Бұдан бөлек, тәртіп сақшыларына қарсылық көрсетіп, оларға қатысты күш қолданып, заңға қайшы іс-әрекеттер жасаған.

Аталған дерек бойынша ҚР ҚК-нің 380-бабының 1-бөлігімен (Билік өкіліне қатысты күш қолдану) сотқа дейінгі тергеп тексеру амалдары басталды. Қылмыстық істі тергеп-тексеру барысында жүргізуші 2016 жылы осы тектес қылмысты жасағаны үшін сотты болып, оған бір жылға бас бостандығынан шектеу түріндегі жаза тағайындалғандығы белгілі болды. Күдікті Қызылорда қалалық ПБ-ның уақытша ұстау абақтысына қамаққа алынды. Мән-жайлар анықталуда. Полиция қызметкерлерінің іс-әрекетіне құқықтық баға беріледі.

Талқылау