"Қысым көрсетіле бастады": Жұлдыз Әбдікәрімова алғашқы сотта жеңіліп қалды
Танымал актриса Жұлдыз Әбдікәрімова пәтерін алып, орнына жер үй беремін деп алдап соққан құрылыс компаниясына қарсы сот процесінің алғашқы отырысының қалай өткенін айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: https://www.instagram.com/zhuldyzabdukarimovaofficial
Елімізде әділ сот барына сенетінін айтып жүрген өнер иесі ашық жазбаларынан кейін қысым көре бастағанын жазды.
"Сот бойынша ашық жаза бастағаным – кейбіреулерге ұнамай қалған сияқты. Қысым көрсетіле бастады. "Үндемесін, жазбаларын өшісін!" деген сәлемдеме алдым. Соттың бірінші отырысы өтті. Алайда осы процесті әлеуметтік желіде жариялап, соттың барысын ашық жазуымның себебін – өздеріңізге түсіндіріп, жазып едім. Бірінші аудандық сотта жеңіліс тапқанда көп дәлелдердің қараусыз қалғандығы көңілге қонбаған. Адвокатыммен келісе отырып, қалалық соттың барысын жария түрде өткіземіз деп шешкенбіз. Сол күннен бастап, түсініксіз қоңыраулар түсе бастады. Оған мән бермедім. Бірақ өткен аптада іссапармен Шымкент қаласында болдым. Сонда, бейтаныс жандар менің қасымдағы адамдарға жолығып, "сотқа байланысты салып жатқан ақпаратты парақшасынан алып тастасын. Егер жарияламаса, біз “переговорға” шығуға дайынбыз. Мәселесін шешіп беруге тырысамыз. Бірақ ақпаратты шұғыл өшірсін!" деген сәлемдеме жолдапты", – деп жазған актриса Президент Қасым-Жомарт Тоқаев пен Астана қалалық полициясының ресми парақшасын белгіледі.
Одан кейін Жұлдыз Әбдікәрімова ол адамдарды танымайтынын бұрын соңды кездеспегенін айтты. Тіпті кездесіп, келісімге келетін ниеті де жоқ екенін әлеуметтік желі арқылы білдірді.
“Ескертіп айтамын, мен ол адамдарды көрген жоқпын. Менімен тікелей кездесіп, тілдеспеді! Құлаққағыс болсын, сот процесінен тыс мен ешқандай келіссөздерге келіспеймін! Қазақстан Республикасының сот жүйесіне, әділ шешім боларына мен сенемін!", – деп жазды актриса.
Еске салайық, Жұлдыз Әбдікәрімова құны 170 миллион теңге тұратын үйін талан-таражға салған құрылыс компаниясымен соттасып жатқанын мәлімдеген еді.