"Қазақтың байлығын тонағандар": Талғат Рысқұлбек марқұм Болат Назарбаевтың жаназасына не үшін келгенін айтты
Биыл оқу жылының басында орамал таққан оқушы қыздарды еш кедергісіз мектепке кіргізуді талап етіп, рұқсат бермесе Шешенстанға көшетінін айтқан Талғат Рысқұлбек күні кеше Болат Назарбаевтың жаназа рәсімінде көпшіліктің көзіне түсті, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат порталы.
Желтоқсан құрбаны Қайрат Рысқұлбектің туған інісі Болат Назарбаевпен бетпе-бет кездесіп, өмірде таныс емес екен. Бірақ жаназада бой көрсетуінің өзіндік себебі барын ашық айтты.
"Менің жаназаға келуім, оның мұсылмандығының сипаты. Жаназаға не үшін келдім? Болат Назарбаевтың бір ісін айта кетейін. Бір Шыңғыс деген зағип жігіт болған. Екі көзі көрмейді. Сол жігіт буындарға массаж жасап күн көретін. Жұбайы мен төрт баласы бар сол жігіт бір күні маған келді де, "Талғат аға, сіз қанша дегенменен танымалсыз ғой. ХҚО-ға (ЦОН) мені кезекке қоймай жатыр. Зағип, мүгедектердің кезегіне қоюға, үй алуға көмектесіңізші. Пәтер пәтерде жүрмін" деді. Мен оған таныс-тамырымның жоқ екенін айттым. Бір-екі ай өтті ме, өтпеді ме сол жігіт маған хабарласып, үйлі болғанын айты. "Болат Назарбаевтың көмекшілеріміз" деп осы Шамалғанның шетінде 17 әлде 27 үй салған екен. Ішінде дүние-мүлкі бәрі бар. Ол жігіт сол үй алатындардың тізіміне ілініп кетіпті. Өзі еңгезердей жігіт. Бірақ екі көзі де көрмейді. Сол жаңалықты айту үшін маған жылап хабарласты. Кейін үйіне бардым. Бүкіл жиһазымен, кір жуатын машинасымен, бәрін жасап беріпті. Сол жігіттің бала-шағасы, әйелімен қуанғанып көріп, риза болдым. "Құзғын жемін басып жейді, сұңқар жемін шашып жейді" дейді ғой. Қандай жолмен байып, қандай іс қылғанын Құдайдың алдында өзі жауап берер. Бірақ дәл осы ісі үшін мен ризамын дедім. Мен сол үшін Болат Назарбаевтың жаназасына келіп отырмын. Әйтпесе Болат Назарбаевпен ешқандай таныстығым жоқ", — деді Талғат Рысқұлбек.
Сондай-ақ ол бұл сұхбатында Қазақстандағы миллиардерлерге шүйлікті. Оның айтуынша, қазақтың байлығымен кәсібін дөңгелеткен олигархтар Болат Назарбаев сияқты игі бастамаларда жиі бой көрсетпейді екен.
"Осы қазақтың байлығын тонағандар мен тонамағандар деп бөлетін болсақ, өткенде Тоқаев 160 бірдеңе миллиардер бар деді, иә?! Солардың барлығы бір тіс сұқығыш пен бір сіріңке шығарып байыған жоқ шығар. Солардың ішінара бір 10 пайызы өнеркәсіп ашып байымаса, қалғанының көбі делік қалай байығанын білесіздер ғой. Ал енді сол байлардың мәселесін қарасақ, солардың ішінде Миттл, Ни, Ким, Машкеевич, Белов бар, тағы кім бар, толып жатыр ғой қазақтың байлығымен осы жердің миллиардері болған. Соның қайсысы осы Болат Назарбаев сияқты жетім-жесірлерге үй салып беріпті? Халыққа мектеп, аурухана салғандары бар ма екен?", — деп ашуланды Қайрат Рысқұлбектің туған інісі.
Еске сала кетсек, 2023 жылдың 13 қарашасында Қазақстанның экс-президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың туған інісі – Болат Әбішұлының қайтыс болғаны туралы ақпарат тарады. Бастапқыда бұл тосын хабарды отандық БАҚ жарыса жазған еді. Сәлден соң Алматы қаласы Орталық клиникалық ауруханасы аталған ақпаратты ресми түрде растаған еді.
Болат Әбішұлы 1953 жылы 23 наурызда Алматы облысы Қарасай ауданы Шамалған ауылында дүниеге келген. Оны халық әуелі Қазақстанның тұңғыш перзиденті – Нұрсұлтан Назарбаевтың туған інісі деп біледі. Сондай-ақ Болат Назарбаевтың қазасынан кейін тоқалы Динара Әлжан да марқұмның қандай екенін айтты.
Видео сұхбаттың толық нұсқасын дәл қазір Stan kz YouTube арнасынан көріңіз.