Қазақстанның Қызыл кітабына қандай құстар енгізілген
Бүгінде Қазақстанның Қызыл кітабына 56 құс енгізілген. Олар жоғалуына, санының азаюына байланысты бірнеше санатқа бөлінеді.
І санат – жойылып бара жатқан немесе мүмкін жойылып кеткен;
ІІ санат – апатты түрде саны қысқарып бара жатқан түр;
III санат – сирек кездесетін, саны аз табылған құстар;
IV санат – белгісіз (толық зерттелмеген);
V санат – тұрақты бақылауды қажет ететін жерсіндірілген түр.
Мәрмәр шүрегей
Мәрмәр шүрегей жойылып бара жатқан немесе мүмкін жойылып кеткен құстардың санатына кіреді. Қазақстанда 1995 жылдан бері еш жерде кездеспеген. Бұл аридтік зонадан тыс жерге шықпайтын, таралу аймаңы тар жерортатеңіздік түр. Олар Жерорта теңізіне, Каспийге және мүмкін, Қара теңізге жақын жерде, сондай-ақ оған іргелес жүйелерде қыстайды. Бұл құстың көп саны Түрікменстанда 30-шы жылдары Каспийде қыстаған. Қазақстанда бүкіл Сырдария бойында, Каспий теңізі, Телікөл көлдерінде, Жайықтың сағасында, ауылдың маңындағы көлдерде кездесетін. Олар көбіне түбі лай, суы сортаңданған тұщы суда және қамыс көп өсетін тоғандарда мекендейді.
Тағы оқыңыз: Қазақстанның Қызыл кітабына қандай жануарлар енгізілген
Алакөз сүңгуір
Саны күрт азайып бара жатқан, сирек кездесетін түр. Олар Қазақстанда Зайсан шұңқырында, Алакөл көлдерінде, Іле, Шу, Сырдария өзендерінің аңғарында, Республиканың орталық және солтүстік аймақтарындағы кейбір су қоймаларында, Торғайдың сағасында ұялайды. Сондай-ақ, Іле өзенінің алабында, Сорбұлақ және Каспий теңізінде қыстайды. Бұл түр қалың қамыс қопаларында және су өсімдіктеріне бай терең көлдерде мекендейді. Бірақ, соңғы онжылдықта нақты санына қатысты деректер жоқ.
Қытай қазы, Құтұмсық
Бұл 1-санатқа жататын жойылып кету қаупы бар түр. Құтұмсық қытай үй қаздарының арғы ата-тегі. Негізінен Қытай, Корея және Жапонияның шығысында қыстайды. Кәзіргі уақытта бүкіл Сібірде Торей көлдерінде ғана ұялайды. Бір кездері Қазақстанда Зайсан көлі мен Ертіс өзені жағасында ұялаған. Сондай-ақ, ұшып өту кезеңінде Сырдария өзенінде де кездесетін. Қазақстанда қамыс пен қоға қалың өсетін көлдер мен кең өзен аңғарларында мекендейтін. Әсіресе, ойлы-қырлы ландшафтта, таулы өзендерде көп жүреді. Өкінішке орай, Қазақстанда саны өте сирек.
Кіші аққу
Ұялайтын аумағына қарай саны қалпына келтіріліп жатқан түр. Бұлар Еуразия тундрасының жағалау аймағынан орманды-тундраның солтүстік шекарасына дейінгі аумақта ұялайды. Қазақстанда ұшу кезеңінде, мүмкін қыста Каспий теңізінде және республиканың оңтүстігіндегі су тоғандарында кездеседі. Соңғы жылдары Еділ мен Жайықтың сағасында, Қорғалжын қорығында ұшу уақытында байқалған. Қазақстан аумағына қоныс аудару кезеңінде әлсіз минералданған ірі су қоймаларға тоқтайды. Бірақ топтасып ұшып бара жатқан кіші аққуларды республиканың кез-келген өңірінде, әсіресе суармалы аумақтарда кездестіруге болады.
Тағы оқыңыз: Бүркіт туралы мәлімет
Сұңқылдақ аққу
Бұл таулы жерлерден қашып, орманды-далалы аймақта, тіпті шөлді зоналарда мекендейтін құс. Бұрынғы таралу аумағында біртіндеп ұялайды және соңғы жылдары Іленің сағасында, сондай-ақ Павлодар облысының солтүстігіндегі өзеннің маңында кездесті. Қазір республиканың Солтүстік, Орталық және Оңтүстік-Шығыс аудандарының 5-6 жерінде тараған. Олар көлемді ұяларды жасыра алатын, судың үстінде өсетін өсімдіктерге бай, қалың қамысты-қоғалы ірі және саңырау көлдерде мекендейді.
Дөңтұмсық тұрпан
Қазақстанда бұл тұрпанның ұялары алғаш рет үстіміздегі ғасырдың басында Алтайдың Ресеймен шектес аудандарынан табылған еді. Соңғы жылдары жазда кездесіп жүргеніне қарағанда, сол аймақта көбеюде. Тайганың және орманды тундраның су басқан жерлерінде, ал Қазақстанда – тек таулы жерлерде мекендейді. 1986 жылы Үлкен Рахманов бұлақтарында 2 тұрпан ғана табылған. Қазіргі уақытта дөңтұмсық тұрпан тек көктем мен күзде, онда да жыл сайын емес, ұшып өту кезінде ғана кездеседі.
Қара тұрпан
Ұя салатын сирек түр. Бұрын Қазақстанның Көкшетау және Целиноград облыстарында ұялағаны байқалған. Қара тұрпан кең созылған немесе теңіз жағалаулары бар орманда, орманды-далалы және тундралы көлдерде мекендейді. Қазақстанда тереңдігі шамамен 2 метрге жуық су қоймалары мен орманды даладағы қалың қамысты терең көлдерде кездеседі. Бірақ, Қазақстанда саны белгісіз.
Ақбас үйрек
Ақбас үйрек саны азайып бара жатқан, ала-құла тараған, сирек кездесетін түр. Қазақстанда биік таулар мен шөлді жерлерден басқа, сулы және тұщы су қоймаларында ұялайды. Соңғы жылдары республиканың орталық және батыс бөліктерінде ғана кездесті. Негізінен олар судың бетінде өсетін өсімдіктер мен тығыз қамысты үлкен терең көлдерде мекендейді. Ал өзендер мен шағын су қоймаларында сирек кездеседі. Бұл түрдің де Қазақстанда нақты саны анықталмаған.
Қызылжемсаулы қарашақаз
Таралу аумағы тар, сирек кездесетін түр. Бұлар тек Ямал, Гыдан және Таймырдың тундраларында ұялайды. Қазақстаннан негізінен Қостанай, Ақмола, Ақтөбе, Батыс Қазақстан және Атырау облыстары арқылы ұшып өтеді. Ал Республиканың оңтүстік және шығыс бөліктері арқылы ұшқаны сирек кездеседі. Бұл түр өзендер мен көлдердің жанындағы тундраның құрғақ дөңестерінде мекендейді. Ұшу кезінде ірі өзендер мен көлдер жүйесіне немесе теңіз жағалауларының бассейндеріне тоқтайды. Соңғы онжылдықта олардың санына қатысты жалпы мәлімет жоқ. Дегенмен, қазіргі таңда сәл-пәл болса да көбейіп келе жатыр.
Тарғақ
Жоғалып кету қаупі бар түр. Бұл құс Қазақстан мен Ресейдің эндемигі. Таралу аумағының негізгі бөлігі Қазақстанда орналасқан. Солтүстік таралу аймағы республиканың әкімшілік шекарасы арқылы өтеді. Ал оңтүстікте Қамыс-Самар, Индер көліне, Ембідегі Темір өзенінің сағасына, Арал теңізінің солтүстік жағалауына, Атасу өзенінің жоғарғы ағысына дейін таралған. Жалпы Қазақстандағы таралу аймағы республикамыздың солтүстігіндегі далалықты түгелімен қамтиды. Олар өсімдігі аз сортаң жерлерде, құрғақ сазды жусанды далаларда, жусан- бетегелі, ақселеулі шөлдерде мекендейді. Қазіргі нақты саны туралы деректер жоқ, бірақ, барлық жерде оның санының бірте-бірте азайып келе жатқаны даусыз. Себебі, бұдан 20-30 жыл бұрын оны кездестіру қалыпты жағдай болатын.
Реликті шағала
Бұл да жойылып кету қаупі төнген түр. Соңғы уақытқа дейін олардың ұя салатын тұрақты екі орны ғана болды. Олар Забайкальедегі Барун-Торей көлі мен Шығыс Қазақстандағы Алакөл. Кейде Балқаш көлінде ұялайтын. Шағаланың бұл түрі ірі тұзды көлдердің кішігірім аралдарында, міндетті түрде басқа отар шағалалармен бірге, көбінесе үлкен қарқылдақ шағалалармен және шағалатұмсықты қарқылдақтармен бірге ұялайды. Ал ұшу кезінде және қыста көлдер мен теңіздердің жағалауында жүреді. Бұл түрдің жалпы саны шамамен 5 мыңға жетеді. Қазақстанда 1968 – 1988 жылдары 20-дан 1200-ге дейін реликті шағала жұбы ұялаған болатын.
Қарабас өгіз шағала
Саны күрт төмендеп бара жатқан сирек түр. Ең үлкен мекені Каспий теңізінің аралдары. Қазақстанда Балқаш, Алакөл, Қарағанды және Орал өңірлеріндегі көлдерде, Каспий теңізінің солтүстік-шығыс бөлігіндегі аралдарда ұялайды. Олар жағалаудан қашық және жер жыртқыштары жете алмайтын тұзды және сортаң су қоймаларының шағын аралдарында мекендейді. Сондай-ақ, бұлар басқа да су құстарымен бірге бір жерде тоқтай береді. Қазақстанда барлығы 4 мың жұп ұялайды.
Тарбақ шырғалақ
Бұл сирек кездесетін, аз зерттелген, ежелгі түр. Олар Сібірдің солтүстігінен бастап Моңғолия мен Қиыр Шығысқа дейін таралған. Қазақстанға ең жақын орналасқан ұя салу орны Алтай өлкесіндегі аудандар болған. Сондай-ақ, Қазақстан аумағында бірнеше онжылдық бұрын Семей маңында кездескен. Шырғалақтар негізінен шамадан тыс ылғалды және шөпті өсімдіктерге бай, дәнді жайылымдарда, төмпешікті көгалдарда, көлдердің жағалауында және өзен алқабында мекендейді. Бірақ, саны өте төмен, жалпы саны – 5-6 мыңнан аспайды.
Құртамыш шалшықшы
Сирек таралған, аймағы шағын, реликті түр. Құртамыш шалшықшы Сібір эндемигі. Олар Шығыс Сібірде ұялайды және Шығыс Австралия мен Тасманияда қыстайды. Қазақстанда үш рет Қызылорда маңында, Теңіз-Қорғалжын ойысында және Алакөл көлінде кездескен. Республикада негізінен қоныс аудару кезінде кездестіруге болады. Жаз кезінде сирек болса да, әсіресе, маусым, шілде айларында ұшырасып қалуы қызығушылық тудырады. Бұл түр тау және тау бөктеріндегі селдір ормандарды мекендейді. Алайда, олардың жалпы саны туралы дерек жоқ.
Шитұмсық шалшықшы
Шалшықшының бұл түрі өте сирек кездеседі және оларға жойылып кету қаупі төніп тұр. Таралу аумағы туралы да толық мәлімет жоқ. Қазақстанда жаз мезгілінде және қоныс аудару кезеңінде Еділ-Жайық өзенінен Ертіс алқабына дейінгі, оңтүстігінде Алматы облысына дейінгі аумақта кездейсоқ кездесіп қалады. Қазақстанда далаларда, көлдердің жағасында кездеседі. Саны өте сирек. Ағымдағы саны 1000 бастан аспайды.
Сары құтан
Шекаралас аумақта саны азайып бара жатқан, сирек түр. Олар Жерорта теңізі елдері, оңтүстік Украина, Кавказ, Кіші Азия, Орталық Азияда таралған. Африкада қыстап, Қазақстанда Еділ мен Жайық өзендерінің төменгі ағысында ұялайды. Сондай-ақ, Сырдария өзенінің төменгі ағысында да мекендейді бірақ, жыл сайын емес. Жалпы олар өзендер мен көлдердегі қамысты қапаларды мекендейді. 1985 жылғы санақта Еділ сағасының қазақстандық бөлігінде 800-ден астам құс тіркелді.
Кіші аққұтан
Таралу аумағында саны азайған, сирек кездесетін түр. Қазақстанда тек Еділ мен Жайық сағасының аралығы мен Каспий теңізінің солтүстік жағалауында ғана кездеседі. Олар көлдер мен ағындарда, теңіз жағалауындағы кең қамысты-талды қопаларда мекендейді. Бірақ, су ағынының реттелуіне және су тапшылығына байланысты тіршілік ететін орындарын жылдам өзгертеді. Бұрын саны айтарлықтай көп болғанымен, кейінгі жылдары күрт азайып кетті.
Ақ ләйлік
Қазақстанда жойылып кету қаупі төніп тұрған түр. Қазақстанда, Шымкенттің және Жамбыл облысының оңтүстік аудандарында, негізінен Боралдай, Арыс, Келес, Талас өзендерінің бассейндерінде таралған. Олар егістігі бар қарапайым мәдени ландшафтардағы өзен аңғарларында, тоғандар мен ірі ағашты шалғындарда мекендейді. Белгілі ұялардың көпшілігі жақсы көгалдандырылған ауылдарда орналасқан. Ақ дегелектің ұясы Шымкенттің оңтүстігінде ғана сақталған, кәзір мұнда 15-30-дай ұя бар.
Қара ләйлік
Қазақстанда Кент, Ұлытау тауларында, Орталық Қазақстан, Батыс және Солтүстік Тянь-Шань, Жоңғар Алатауы, Алтай тауларында тараған. Жаз мезгілінде Қазақстанның солтүстігінен және батысынан байқалған. Қара ләйліктер оңтүстіктегі ксерофитті селдір тоғайдан Алтайдағы күңгіртқылқанды тайгаға дейінгі тау жоталары мен жазықты және таулы ормандарда мекендейді. Қазақстанда кемінде 150 жұп бар.
Қалбағай (тәуекел, жалбағай)
Жергілікті мекендейтін орындарында ұялайтын, тез азайып бара жатқан түр. ХХ ғасырдың ортасында Қазақстан жазықтығының көптеген су қоймаларында және өзен сағаларында мекендеген. Бұрын Қазақстанда кең таралған еді, кәзір оның жекелеген ұялары Сарысу мен Сырдарияның сағасында, Шығыс, Оңтүстік-Шығыс, Батыс Қазақстанда ғана ұшырасатын болды. Қалғабайлар көлдер мен өзен сағаларының қамыс кең өсетін алқабында және ашық саяз суларда мекендейді. Қазақстанда 400-650 жұп қалбайғайдың ұялағаны тіркелген.
Қарабай
Таралу аумағы мен саны күрт азайып бара жатқан түр. Үстіміздегі ғасырдың ортасында Қазақстанда Каспий теңізінің солтүстік жағалауында, Жайық өзенінің төменгі ағысында, Ырғыз және Торғай өзендерінің төменгі алыбында, Арал теңізінің маңында ұялаған. Теңіз, көл, өзен, өзен тармағындағы және өзен тоғайлардың қамыс қопасында тіршілік етеді. Жалпы Еділ өзенінің Қазақстанға жататын бөлігінде осындай сирақты құстардың аралас тобында қарабайдың 173 қана ұясы бар.
Қоңыр кептер
Таралу аймағы тар, саны азайып бара жатқан түр. Қоңыр кептерлер Каспийдің оңтүстік-шығыс бұрышынан және Үстірттің шығыс бөлігінен, шығысқа қарай Тарым пен Жоңғарияның сағасына дейін, солтүстікте Сырдария өзеннің төменгі жағына дейін, Балқаш және Зайсан көлдерінің солтүстік жағалауы мен Қара Ертіске дейін таралған. Олар шөлді аласа таулар мен шөлді өзен аңғарларында мекендейді. Дегенмен, мәдени ландшафт та ұялауға кедергі келтірмейді. Соңғы онжылдықта саны бірнеше есеге азайып кеткен.
Ақбауыр бұлдырық
Бұл да таралу аумағы мен саны кеміп бара жатқан түр. Қазақстанда Арал теңізінен Бетпақдала шөліне дейін тараған. Өткен ғасырдың соңында Индерское көлінен, Үстірттен Іленің сол жағалауына дейінгі аумақта ұялаған. Бүгінгі таңда Қазақстандағы таралу аумағы едәуір азайды. Қазір Арал теңізінен Мойынқұмның шығыс шеті мен Бетпақдаланың шөлейтті аумақтарында тұрақтайды. Бұл түр шалғайдағы және жарылған құмдарда , сондай-ақ олармен шектесетін сазды жерлерге ұялайды. Соңғы онжылдықта саны барлық жерде бірнеше есеге азайған.
Қарабауыр бұлдырық
Қарабауыр бұлдырық та саны азайып бара жатқан, сирек кездесетін түр. Қазақстанда шөл және жартылай шөлді аймақтарда, солтүстікке қарай Қамыс-Самар көлінің деңгейіне дейін, Бетпақ-Дала шөлі мен Зайсан шұңқырына дейінгі аумақта тараған. Қазақстанда жалпы саны белгісіз, бірақ саны әлі де азайып келеді.
Қылқұйрық бұлдырық
Саны кеміп бара жатқан түр. Олар Еділ өзенінен Батыс Монғолияға дейінгі шөлді және жартылай шөлді аумақтарда таралған. Қазақстанда батыстан шығыс шекараларына дейінгі барлық типтегі шөлдерде кездеседі. Қылқұйрық бұлдырықтар негізінен сазды шақпатасты және сортаңды қатты топырақтарды жақсы көреді. Құмды шөлдерде тек бекітілген құмдарда ғана кездеседі. Өкінішке орай, бұл түр біртіндеп азайып бара жатқандықтан, саны белгісіз.
Дала қыраны
Саны айтарлықтай қалпына келіп жатқан түр. Дала қыраны Қазақстанның солтүстік және шығыс бөліктерін қоспағанда, ұялау аумағы кең таралған құс. Әсіресе Батыс Қазақстан мен құрғақ далалы тау бөктерлерінде көп ұялайды. Олар далалы, жартылай шөлді, құмды жазықтарда, кейде аласа таулар немесе ірі жоталардың бөктерінде мекендейді. Бұл түрдің де нақты саны туралы мәлімет жоқ.
Бүркіт
Саны азайып бара жатқан сирек түр. Бұл Еуразияда кеңінен таралған құс. Олар ұялайтын жерінде қыстай береді. Қазақстан аумағында біркелкі емес, кездейсқ тараған. Бүркіттер жалаңаш және құз-жартасты тауларды, қыраттарды, қарағайлы және басқа да тоғайларды, өзендердің жайылмасында, сексеуілді шөлдерде мекендейді. Бүркіттің Қазақстандағы жалпы саны белгісіз, бірақ деректерге сүйенсек жүздеген бас есептеледі.
Қарақұс
Саны кеміп бара жатқан сирек кездесетін түр. Қазақстанда кеңінен таралған. Тек солтүстік ендік бойынша 53-ші градусқа дейінгі аумақта табылмаған және Қызылқұм құмдарының оңтүстік бөлігінде, биік таулар мен мүлдем орманы жоқ аудандарда ғана кездеспейді. Олар әртүрлі жерде, бірақ орманды өсімдіктері бар ашық далада, шөлейт немесе шөлді ормандарда тіршілік етеді. Ұялары әр жерде табылғандықтан, нақты саны белгісіз.
Жыланжегіш қыран
Саны азайып бара жатқан, сирек кездесетін түр. Қазақстанда оңтүстік өңірден, солтүстікке дейінгі құрғақ тау бөктерінде, шөлді таулар мен құмды шөлдерде мекендейді. Батыс Тянь-Шань, Жоңғар Алатауы және Оңтүстік Алтайда жапырақты ормандарға енеді. Бірақ, бұл түр Қазақстанда кеңінен кездеспейді және санының төмендеу үрдісі байқалады.
Сақалтай
Саны аса көп емес, сирек кездесетін түр. Бұлар оңтүстіктегі Талас Алатауынан солтүстіктегі Жоңғар Алатауына дейінгі Қазақстанның оңтүстік-шығысындағы тау тізбегінде таралған. Олар жалпы жартасты тауларда, негізінен, жабайы тұяқты жануарлар мекендейтін жартасты-құзды жерлерде тіршілік етеді. Бұл түрдің саны белгісіз, бірақ Қазақстанда ұялайтын ондаған жұп бар деп есептеледі.
Құмай
Құмай аз зерттелген, сирек кездесетін түр. Олар Қазақстанның оңтүстік-шығысындағы тау жоталарында мекендейді. Бұл құс орман белдеуінің жоғарғы шекарасынан биік жерлерде тіршілік етеді. Құмайдың Қазақстандағы жалғыз мекендейтін жері 1989 жылы Іле Алатауында табылған. Ол 500 метр биіктікте, теңіз деңгейінен 3000 метр абсолюттік биіктікте орналасқан. Бұлардың саны өте аз, Қазақстанда 30 жыл бұрын Шелек өзенінің жоғарғы жағында 5 ұядан тұратын бір колония ғана табылды.
Аққұйрықты субүркіт
Саны кеміп жатқан, сирек кездесетін құс. ХХ ғасырда Қазақстанның көптеген су қоймаларында кездесті. Бірақ соңғы 30-40 жылда кейбір жерлерде кездеспейтін болды. 80-90-шы жылдары Еділ сағасының Қазақстанған кіретін бөлігінде, Күшім, Жайық өзенінің алыбында, Наурызым көлінде, Сырдария өзенінің жағасында, Балқаш-Алакөл шұңқырында және республиканың шығысындағы көлдердің жағасында ұялаған. Олар суда жүзетін құстары бар және балыққа бай теректі-талды ормандарда, қамысты тоғайларда тіршілік етеді. Қазіргі уақытта Қазақстанда 95-110 жұп ұялауда.
Кезқұйрықты субүркіт
Жойылып кету қаупі бар, 1 санатқа жататын түр. Оңтүстік және Орталық Азия мен Қазақстанда таралған. XIX ғасырдың аяғында және ХХ ғасырдың алғашқы жартысында Марқакөл, Жаркент, Сырдария өзенінен, Қапшағай шатқалынан және Маңғышлақ түбегінен де құс ұялары табылған. Олар қамыс жайылымдары бар су қоймаларында, тоғайлар мен теректі-талды ормандарда, таулы өзендерде және жартасты жағалаулары бар өзендерде, ағаш-бұталы тоғайларда мекендейді. Қазір Қазақстанда бірнеше ондаған бас бар.
Бақалтақ қыран
Сирек кездесетін, аз зерттелген құс. Бұл түр Қазақстанның оңтүстігі мен оңтүстік-шығысындағы таулы ормандарда, Сырдария, Іле, Шелек, Шарын, Қаратал өзендерінің тоғайларында мекендейді. Соңғы жылдары Қарқаралы тауларында, ал жазда Батыс Алтайда ұялауына қарағанда, бұл қыран Алтайдың Қазақстанға кіретін бөлігінде де ұялайды деп болжауға болады. Олар түрлі типтегі тоғайларда, шөлейтті өзендердің алқабында, таулы жапырақты ормандарда мекендейді. Сондай-ақ, Алматы қаласының оңтүстік жартысында да ұшып жүргені байқалған. Жоңғар Алатауының кейбір аудандарында салыстырмалы түрде таралған, ал негізгі таралу аумағында аз кездеседі.
Жұртшы
Саны азайып бара жатқан, сирек кездесетін түр. Қазақстанда Тянь-Шань, Жоңғар Алатауы, Үстірт және Маңғышлақ шұңқырларында мекендейді. Шөлейтті аласа таулардың жартасты аумағында немесе үлкен жоталардың құрғақ бөктерінде, үстірт тәрізді таулы жерлердің шоқыларында және өзен алқабының жартасты жерлерінде тіршілік етеді. Қазақстанда нақты саны белгісіз, бірақ ұяларының табылып жатқанына қарағанда ондаған немесе бірнеше жүз жұп бар деп пайымдауға болады.
Ителгі
Саны соңғы 3-4 жылда соншалықты азайып, Қазақстанда жойылып кету қаупі төнген түр. Дунайдың төменгі ағысынан Үлкен Хинганга дейінгі Еуразияның орман далалы, далалы және шөлейтті аймақтарында таралған. Қазақстанда Бетпақ-Дала, Қызылқұм, Маңғышлақ, Үстіртте, Наурызым секілді аралды ормандарда және таспа шоққарағайларда, яғни республиканың батысындағы және шығысындағы таулы аудандарда ұялайды. Қоныс аудару кезеңінде республиканың бүкіл аумағынан кездестіруге болады. Олар шөлді аласа таулар мен ірі жоталардың құрғақ бөктерінде, өзен жанындағы каньондарда, орманды дала аудандарда мекендейді.
Бидайық
Жойылып кету қаупі төнген түр. Қазақстанда республиканың оңтүстік және шығыс шекараларының бойындағы Талас Алатауынан Тарбағатайға дейін, тіпті Оңтүстік Алтай таулары мен тау бөктерінде таралған. Сондай-ақ, олар Қызылқұм аймағындағы шөлді аласа таулардың қалдығы мен Арал теңізінің батыс жағалауында және Үстірт алқабында мекендеуі мүмкін. Әдетте, бидайықтар құрғақ, шөлді тауларда, өзендердегі каньондарда, жартастар мен шоқыралда ұялайды. Алайда, Қазақстанда Іле Алатауының жартасты аңғарында теңіз деңгейінен 2000 метр биіктікте қылқан жапырақты орманда екі ұя табылған. Сондай-ақ, Алматы қаласында да жоғары құбырда табылғаны тіркелді. Іле Алатауында кемінде 3 жұп ұялайды, ал елдің басқа бөліктеріндегі саны туралы ақпарат жоқ.
Лашын
Жойылып кету қаупі бар түр. Республикада Шығыс Қазақстан мен Наурызым қорығында ұялары табылған. Ал қоныс аудару кезінде бүкіл аумақта кездеседі және олар көбіне оңтүстік аймақтарда, оның өзінде үлкен қалалардың маңында қыстайды. Олар қарағай ормандарының аудандары ашық жерлермен араласатын орманды далада, өзендер мен көлдердің жағалауларында, сондай-ақ оңтүстік экспозициялардың тегіс беткейлері бар таулы ормандарда мекендейді. Бірақ, соңғы уақытта Лашынның Қазақстанда ұялағаны туралы ақпарат жоқ.
Ақ сұңқар
Сирек кездесетін, Қазақстанда жиі қыстамайтын түр. Ақ сұңқарлар Солтүстік Америка мен Еуразияның арктикалық өңірлерінде тараған. Суық мезгілде құстардың басым бөлігі оңтүстікте қоныс аударады. Қазақстанда республиканың шығысында және оңтүстігінде Көкшетау маңында қыстағаны байқалды. Көкшетау маңында 1933 жылдың қысында сұр түсті ересек ақ сұңқар табылды. Олар негізінен тундрада және орманды тундрада мекендейді. Қазақстанда қысқы уақытта өзен аңғарларында және тау бөктерінде кездеседі. Бір кездері жалғыз жүрген ересек ақ сұңқар Алматыда бір айға тұрақтаған болатын. Қазақстанда бір-екі рет кездескені болмаса, саны белгісіз.
Балықшы тұйғын
Қазақстаннан жоғалып кету қауіп төніп тұрған түр. Бұрын Қазақстанның көптеген суларында мекендеген. Қазіргі уақытта негізгі ұя салу орны – Марқакөл көлі және Қара Ертіс өзені. Сонымен қатар, Жаркент қаласының оңтүстігіндегі Үсекское өзенінде, Жайық өзенінде, Қапшағай су қоймасында және Сырдария өзенінде де ұялары табылған. Бұл түр таза суларда және ормандалған жағалаулары бар, балыққа бай су қоймаларында мекендейді. Республикада нақты саны белгісіз.
Алтай ұлары
Таралу аумағы тар, сирек кездесетін түр. Алтай ұлары Қазақстанда Оңтүстік Алтай тауларында ғана кездеседі. Сондай-ақ, Маркөл көлінің айналасында, Сарытау, Топай-Кезен тауларында және Күршім жотасының солтүстік-шығыс бөлігінде мекендейді. Нарым, Сарымсақ, Алтай, Тарбағатай, Оңтүстік Алтай, Қатыс жотасының беткейлерінде де тіршілік етеді. Олар негізінен үлкен таулы жерлерде, биік жартастар, жартастар мен тау жоталары бар жерлерде, сондай-ақ жартасты шыңдарға арналған тасты-тундрада мекендейді. Алайда, Қазақстанда саны белгісіз.
Ақбас тырна
Саны қалыпқа келіп жатқан құс. Қазақстанда олардың таралу аумағының заманауи ұяларының 80% -ы орналасқан. Олар оңтүстік-шығыс шөлді және таулы аудандарға дейін ене отырып, далалы және жартылай шөлді аймақтардың басым бөлігінде мекендейді. Ақбас тырналар шөп сирек өсетін шақпатасты және балшықты сортақ жерлерде, бетегелі-ақселеулі және жусанды- алуан шөпті құрғақ далаларда тіршілік етеді. Қазақстанда мекендейтін ақбас тырналардың саны 50-60 мың басқа жетеді, ал күзге қарай 80-90 мыңға дейін баруы мүмкін.
Сұр тырна
Соңғы жылдары саны күрт төмендеген түр. Бұл құс Еуразияның орманды-тундра, орман және орманды далалы аймақтарының көбінде ұялайды, тіпті Қазақстанның оңтүстік шекарасындағы жартылай шөлдерге де келеді. Сондай-ақ, Қазақстаның солтүстік жартындағы сулы-батпақты жерлерде, шығыс және оңтүстік-шығыс Қазақстанда, оңтүстік-батыстағы Шу өзініне дейінгі жерлерде ұялайды. Олар ұялауға батпақты жерлерді таңдайды. Алтайда көбінесе қалың бұталы немесе дымқыл батпақты шалғындарда ұя салады. Қазіргі уақытта Қазақстанның оңтүстік жартысында бірнеше ондаған жұп ұялайды.
Ақ тырна
Жоғалып кету қаупі бар, сирек кездесетін Сібір эндемигі. Бұлар Сібірдің солтүстігінде ұялайды, Қазақстан арқылы тек наурыз-мамыр және қыркүйек-қараша айларында ғана ұшып өтеді. Олар тундра мен орманды тундрада ұялап, мекендейді. Қазақстанда ұшу кезінде су қоймаларының жағалауында кездеседі. 80-ші жылдары Қазақстанда жалғыз жүрген құстар мен 5 бастан біріккен топтар ғана кездескен.
Жорға дуадақ
Кейбір жерлерде жойылып кету қаупі төнген, бірақ Қазақстанда әлі күнге дейін саны айтарлықтай сақталған түр. Қазақстанда – Каспийден Зайсан шұңқырына дейін, солтүстікке қарай таралған. Олар шақпатасты, балшықты, сазды-сортаңды шөлде және жалаң тақырларда, бекітілген құмдарда, жоталардың шөлді тау беткейлерінде мекендейді. Жалпы, Қазақстанда 30 мыңдай бас бар.
Дуадақ
Жойылып кету қаупі бар құс. Қазақстанда – далалы және орманды далалы зоналарда тараған. Бірақ, тың жерлерді игере бастағаннан кейін таралу аумағы тарылып, ығыстырылды. Жалпы олар ашық, далалы жазық кеңістіктерде мекендейді. Қазақстанның батысындағы және шығысындағы мәдени бірлестіктерде ұялай бастады. Қазір өте сирек кездесетіндіктен, Қазақстандағы саны белгісіз және кездескен күннің өзінде әр топта 18 бастан аспайды.
Безгелдек
Жақында ғана жойылып кету қаупі төнген, ал қазір саны қайта көбейіп келе жатқан түр. Қазақстанда батыс аймақтарда салыстырмалы түрде біркелкі тараған, ал басқа жерлерде кездейсоқ бірен-саран кездеседі. Олар жартылай шөлді аймақта, тіпті шөлді жерлерде де кездесе береді. Негізінен даланың бетегелі бөліктерінде, сондай-ақ бидайықты шалғындар мен кен орындарында мекендейді. Қазақстанның оңтүстік бөлігінде ши өсетін тау бөктерінде, көл шұңқырындағы далаланған жайылымдарда және өзендердің жағалауларында тіршілік етеді. Саны Қазақстанның батыс аймақтарында ғана жоғары.
Көкмаңдай
Қазақстан территориясының тек солтүстік бөлігінде ғана таралған, сирек кездесетін, саны аз түр. Олар ұялайтын жерлерінде қыстайды және сонау Еділ мен Жайық өзендерінің сағасынан Каспийдің оңтүстік-батыс бөлігіне қоныс аударады. Қазақстанда 1990 жылға дейін Маңғышлақ түбегінде Шевченко қаласының маңында кездескен. Көкмаңдай тұщы және тұзды су қоймаларында қамысы тығыз өскен жерлерде мекендейді. Бұл түрдің саны Каспий теңізінде барынша қолайлы жылдары 4-5 мыңнан аспайтын, бірақ қатты қыстан кейін олардың саны күрт төмендеп кетті.
Орақтұмсық
Кішігірім таралу аумағын игеру нəтижесінде жойылу қаупіне оңай ұшыраған сирек стенобион. Қазақстанда Солтүстік және Орталық Тянь-Шань тауларында мекендейді. Шамасы, Жоңғар Алатауының тау бөктерінде де қолайлы кезеңде кездескен. 1964 жылы Тентек өзенінің жазығында екі жұп ұялаған, бірақ келесі жылы мүлде кездеспеді. Орақтұмсық теңіз деңгейінен 2000 – 3000 метр биіктіктегі тау өзендерінің малта тасты аңғарында, көлденең аумақтарда мекендейді. Қазақстанда үш ошақта шоғырланған кемінде 80 жұп бар.
Іле жорға торғайы
Саны жылдам өзгеретін, таралу аумағы тар, оқшауланған түр. Бұл құс Орталық Азия аумағында мекендейді. Іле жорға торғайының таралу аймағының басым бөлігі Қарақұм мен Қызылқұм шөлдерінде орналасқан. Сонымен қатар, оңтүстік Балқаш өңірінің шөлдерінде, негізінен Балқаш көліне құятын Іле мен Қаратал өзендерінің аралығында кездеседі. Ағаштары сирек құмдарда немесе сексеуіл, жүзгін, құм қарағанының бұтақтары бар қоңыр және шағыл құмдарда мекендейді. Қазақстанда нақты саны белгісіз.
Үлкен құралай
Зерттелмеген, кездейсоқ таралған, сирек түр. Қазақстанда таралуы зерттелмеген, тек қыста Іле және Талас Алатауының етегінде және жазда Жоңғар Алатауындағы Ақсу өзенінің жоғарғы жағында кездескен. Бұл түр Солтүстік және Батыс Тянь-Шань тауларында, Теріскей, Күнгей, Іле Алатау, Қырғыз және Талас тауларында ұялауы мүмкін. Олар 300 0 метр биіктіктегі жартастар мен шыңдарда, Альпі мен шырша өрістерінің арасында мекендейді. Бұл түрдің саны анықталмаған, дегенмен аса көп емес.
Көкқұс
Қалпына келтірілген, бірақ әр жерде шашыраңқы таралған құс. Қазақстанда Тянь-Шань тауларынан Талас, Үгем және Қаржантау жоталарынан, Батыста Іле және Күнгей Алатауына дейінгі жерлерде тараған. 20 ғасырда Қазақстандағы таралу аумағының басым бөлігіне қоныстана бастады. Олар тау жоталары тікелей тау ағынына түсетін, ал маңында ағаш бұталары бар тау шатқалдары мен коньондарда мекендейді. Теңіз деңгейінен 1200 – 2700 метр биіктіктегі шатқалдар мен сарқыраманың жанында тіршілік еткенді ұнатады.
Бұйра бірқазан
Саны аз, шектеулі жерлерге ғана ұя салатын құс. Бұл түр Орал облысындағы су қоймаларында, Күшім, Қамыс-Самар көлі, Каспий теңізінің солтүстік және солтүстік-шығыс жағалауларында, Торғай ойпаты, Наурызым қорығы, Теңіз-Қорғалжын ойпаты, Шұшкөл жүйесі мен Балқаш көлі, Іле, Тентек және Қара Ертіс өзендерінің сағасында ұялайды. Олар аралы бар табиғи және жасанды тоғандарда, шағын көлдердің жүйелерінде, қамыс, биік шөптер мен бұталар, тал-шілік өсетін өзен сағаларында мекендейді. Жалпы Қазақстанда шамамен 2 мың жұп ұялайды.
Қызғылт бірқазан
Жойылып кету қаупі төнген, шектеулі жерлерде мекендейтін түр. Қазақстанда бұрын өте жақсы ұялаған. Бірақ соңғы 50 жылда Сырдария мен Арал теңізінің төменгі жағындағы ұялары жоғалып кетті. Қазіргі уақытта Каспийдің солтүстік-шығыс жағалауында, Іле өзенінің шатқалында, Балқаш көлінде, Сасықкөл көлінің жағасында, Тентек өзенінің шатқалында және Қара Ертіс бойында ұялайды. Қызғылт бірқазандар түрлі, бірақ негізінен қамыс қопасы бар үлкен су қоймаларында мекендейді. Соңғы деректер бойынша, Қазақстан аумағында шамамен 4 мың жұп ұялайды.
Қоқиқаз
Саны азайып бара жатқан, сирек түр. Қазақстанда тек үш жерде ғана ұялайды. Олар Ақмола облысындағы Теңіз көл, Торғай өзеніндегі Шалқартеңіз және Каспий теңізінің солтүстік-шығысындағы Комсомол шығанағы мен Қолтық соры. Қоқиқаздар батпақты жағалаулары бар кең, әрі таяз тұзды су қоймалары мен жатық жағалы аралдарда мекендейді. Олардың ұялау орындары тұрақты емес, бәрі су деңгейінің ауытқуына және оның тұздылығына байланысты болады. Таралу аймағында кемінде 500 мың қоқиқаз бар.
Үкі
Саны азайған, сирек кездесетін құс. Республиканың бүкіл аумағында, соның ішінде Шығыс, Оңтүстік-Шығыс және Орталық Қазақстан, Бетпақ-Дала, Аралмаңы, Маңғышлақ, Үстірт және Еділ мен Жайық өзендерінің таулы жерлерінде кездейсоқ мекендейді. Бұл құс шөлді, далалы және таулы орманды жерлерде мекендейтін эвритопты түр. Сондай-ақ, үкілер Үстірттің шөгінділерінен және Батыс Қазақстанның далалық алқабынан Алтай таулы тайгасына дейінгі жерлерде кездеседі. Бірақ, республикада үкінің жалпы саны белгісіз.