"Қазақстанның сұлулығымен оның амбициясы ғана бәсекелесе алады": Павел Дуров Қазақстанға сапары туралы айтты
"ВКонтакте" әлеуметтік желісі мен Telegram мессенджерін жасаған Павел Дуров Қазақстанға сапары туралы айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото Дуров Telegram арнасынан
Дуров жақында өзінің Қазақстаннан оралғанын атап өтті. Айтуынша, Астана, Алматы, табиғаты көркем Бурабай мен Шарын шатқалына барған.
"Қазақстанның сұлулығымен оның амбициясы ғана бәсекелесе алады. Бұл ел бизнеске қолайлы саясат пен тиімді салықтардың арқасында халықаралық компаниялар мен технологиялық стартаптарды тартып отыр. Сондай-ақ инновациялық мектептер мен университеттерді қолдау арқылы білім беру және ғылым саласындағы позицияларын жақсартып жатыр", – деп жазды ол.
Оның деректері бойынша, 20 миллион қазақстандықтың 12,5 миллионы Telegram мессенджерін ай сайын пайдаланады. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 25% артқанын көрсетеді.
"Біз Қазақстан халқына негізгі коммуникациялық платформа ретінде қызмет ететінімізді мақтан тұтамыз. Cонымен қатар оның тез экономикалық және цифрлық түрленуіне ықпал ететін құрал боламыз деп үміттенеміз", – деп қосты Дуров.