Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Ресейден жаппай көшу – ең жақсы оқиғалардың бірі": Сарапшылар елімізге көшкен азаматтардың Қазақстанға тигізер пайдасы туралы айтты

Экономист Олжас Құдайбергенов Арманжан Байтасовқа берген сұхбатында Қазақстанға ресейліктердің көптеп келуі туралы айтып, олардың еліміздің экономикасы үшін тигізер пайдасы мол екенін атап өтті. Ал ресейлік саясат және қоғам қайраткері Максим Кац Ресей азаматтарының жаппай көшуі көрші елдер үшін қандай мүмкіндіктерге жол ашатынын айтты, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі. 

Максим Кац Ресей азаматтарының елден жаппай кетуі сынды процестер өткен ғасырларда да байқалғанын айтады. Сөзінше, Еуропада қиын кезеңдер басталғанда халықтың көп бөлігі Атлант мұхиты арқылы АҚШ-қа аттанған. 

"Қазір Голливуд еврейлер мен Ресей патшалығынан кеткен мигранттардан құралды. Нью-Йорк, Балтимор, Филадельфия, Бостон Ирландиядағы картоп ашаршылығының арқасында кішкентай ауылдан үлкен қалаларға айналды. Америкалық фильмдерде өрт сөндірушілердің ирландиялық пабтарда жиналатынын байқаған шығарсыз. Ал Әулие Патрик мерекесі тек ішімдік ішетін күн емес, полицейлер мен өрт сөндірушілердің кәсіби мейрамы. Өйткені қос мамандықтың өркендеуі ирландиялық мигранттардың арқасында жүзеге асты", – дейді ол. 

Максим Кац АҚШ-тың әлемде орын алған төтенше жағдайлардан мигранттарды қабылдау арқылы жеңімпаз болып шыққанын қосып өтті. Өйткені тек ең алғыр, білікті және бейімделгіш адамдар өзінің өткен өмірін қалдырып, жаңа өркениетке ене алады, дейді ол.

"Олар қалыпты емес жағдайда бейімделіп, өзгерістерді тез қабылдайды. Мұндай адамдар әлемдегі ең күшті және дамыған экономиканы қалыптастырды. Америка Еуропадан қашқан мигранттарды кіргізу арқылы дамыды. Ал бізде ше? Ресей XVIII ғасырдан бастап Батыс Еуропадан Орталық Азияға дейінгі аумақтағы мәдени, әкімшілік және экономикалық орталық болып келді. КСРО-ның құлауы да ештеңені өзгертпеді. Ең үздік білім Мәскеуде, ең жоғарғы жалақы да Мәскеуде", – деп түсіндірді ол. 

Қоғам қайраткерінің сөзінше, Мәскеу арқылы 200 миллионнан астам орыс тілді аудиторияға қол жеткізуге болады. 

"Қазір Ресейден барлығы қашып жатыр. Жаңа ортада орныға алатын, ақылы және қолымен бір нәрсе жасай алатын адамдардың барлығы қашуда. Ортақ тілмен біріккен үлкен аумақтың мүмкіндіктерінің ғайып болуы мүмкін емес. Қазір оның орнына басқа орталық қалыптасады. ІТ-мамандары мен компаниялары бір жерге, мәдениет өкілдері басқа жерде орнығады. Олар театрлар, Stand-up клубтарын ашады. Ал олардың артынан ақша да кетеді. Себебі бұл адамдардың барлығын асырап, көңілін көтеріп, жақсы баспана тұрғызу керек. Жаңа жұмыс орындарының саны көбейеді. Сәйкесінше келетін адамдардың саны одан әрі артады", – деп толықтырды ол. 

Адам капиталын кім игереді?

Максим Кацтың айтуынша, Ресейден кеткен азаматтар орнығып, жаңа экономикалық ортаны құрады. Бұл жерге өзгелер бас сауғалау үшін емес, еңбек жолын бастау үшін келетін болады. 

"Дәл қазір Ресейден жаппай көшу оның көршілері үшін таптырмас мүмкіндік. Адамдар елден кедейліктен кетіп жатқан жоқ, ал барған елде аула сыпырушы болып жұмыс істеп, кедейлікте тұруды жоспарламайды. Әрі оларға тегін тамақ пен әлеуметтік төлемдер қажет емес. Ешкімге ауыртпалық салмайды. Олар өздерімен бірге ақшалары мен білімін алып келеді. Ресейліктер жаппай бас сауғалаған Грузия экономикасы биыл кем дегенде 11%-ға өседі. Бұл тек қана тамыздағы болжам, қыркүйектегі болжам бөлек. Сәйкесінше 10 жылда жалпы ішкі өнімнің үш есеге өсуіне әсер етеді. Бұл 2000-жылдардағы Қытайдың, 1980-жылдардағы Жапонияның жалпы ішкі өнімінен де жақсы", – дейді ол. 

Қоғам қайраткері өз сөзінде ресейліктердің елде орналасуына жағдай жасаған Қазақстан билігін мысалға келтірді. 

"Қазақстан билігі ұтымды шешім қабылдады. Оларға болашақ инвестиция, ақша мен жұмыс орындарын алып келеді. Ал халқы осы адамдардың арқасында байй түспек. Ал үкімет бұған қарсы болмайды, керісінше жағдай жасайды. Дәл қазір Тбилиси әлемнің орталығына айналды. Жарты жылдан бері Тбилисиге "тегін ақша" келіп жатыр. Алайда Грузия аумағының шағын болуы бұған кедергі келтіреді. Ал Қазақстан билігі бұл мүмкіндікті жібергісі келмейді. Қазір бұл елде 19 миллион адам бар, сондықтан елге келген 1 миллион адамды қабылдап, өз халқының пайдасы үшін пайдаланады. Бұдан тұрғындар да, сырттан келгендер де өз пайдасын көреді", – деп қосты ол. 

Максим Кац осылайша Қазақстан жайлы оң пікір қалыптасып, әлемдік аренада абыройы асқақтайтынын айтады. Сөзінше, мигранттар өздерін құшақ жая қарсы алатынын білгендіктен, елімізге сенімділікпен келе алады. 

"Қазақстанда билік гуманитарлық виза туралы айтып, ресейліктерді бөліп жармайды. Бұл үлгі тұтарлықтай әрекет дер едім. Жай ғана шекараны ашты. Ал Тоқаев бұл мүмкіндікті көріп отыр. Енді Мәскеу аймақтың орталығы мәртебесінен айрылса, Путин өз елінің бар артықшылықтарын жойып жіберсе, жаңа орталықтың пайда болатыны рас емес пе? Енді бұл орталық неліктен Алматы болмасқа? Ал Еуропада ресейліктер келген соң артынан әскер ертіп келеді деген бос сөз. Қашқан адамдарға Путиннің "орыс әлемі" керек емес. Оның геосаяси қиылы, жалған ұлтшылдығы, патшалықты қалпына келтіру туралы ойлары біздің еліміздің түбіне жетті. Оның кесірінен бізге шекара асып, қашуға тура келді. Олар өздерімен Путиннің әлемі емес, ақша, қабілет пен талантты алып келеді. Бұл барлық елге ауадай қажет дүниелер", – дейді Максим Кац. 

Олжас Құдайбергенов

Экономист Олжас Құдайбергеновтің пайымынша, елімізге бірінші болып келген ресейліктердің басым бөлігі қалталы азаматтар. Сәйкесінше қаржы Қазақстанда қалады деп топшылады.

"Әзірге бұл ақша елде қалады және қосымша сұраныстың пайда болуына әсер етеді. Осы тұста біз үшін пайдалы. Сонымен қатар бұл адамдар қабілетті, талантты деуге болады. Еңбек ресурсында шағын өзгеріс болуы мүмкін. Дегенмен ресейлік бизнес бізге қоныс аударып жатыр, тиісінше Ресейден сатып алған тауарларды енді бізден сатып алатын болады. Сондықтан сырттан келгендер мен жергілікті тұрғындар арасында бәсеке болмайтындай жағдай жасауға болады", – деді сарапшы.

Экономист Ресейдегі бизнесмендердің Қазақстанға көшуі елді әлемдік нарықта жаңа қырынан таныту үшін мүмкіндік екенін қосып өтті. 

"Бізде 20 миллион халық бар. Сырттан келген білікті мамандарды, қалталы азаматтарды орналастыру тұрғысынан дұрыс жоспарлай алса, мұның елімізге тигізер пайдасы да артар еді. Алайда бұл жылдам әрі ретсіз болса, белгілі тұрғыда зиыны да тиеді. Айта кетері, Ресейде жұмыс тауып, өзін көрсете алмаған адамның бізге келуі де екіталай. Осы себепті көбіне бұл жақта да жұмыс таба алатынына сенімді мамандар көшеді. Ішкі нарықтың өсуі әр уақытта жақсы. Әрі елге келген ресейліктердің арасындағы қабілетті, білікті мамандарды анықтап, олардың әрі қарай да елде жұмыс істеуіне, Ресейге кетіп қалмауына жағдай жасаған абзал", – деп түсіндірді Олжас Құдайбергенов. 

Талқылау