Қазақстанға коронавирус келесі аптада жетуі мүмкін
ҚР-дың бас санитары дәрігері Жандарбек Бекшин келесі аптада елімізде коронавирус тіркелуі мүмкін екендігін айтты, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
«Барлық тиісті шараны іске асырып жатырмыз. «Шеңбер» аясы қысылып бара жатқанын көріп отырсыздар. Қытай ғана еді басында. Қазір Иран, Оңтүстік Корея, артынша коронавирус Еуропа елдерін шарпыды. Инфекция тіркелген елдердің ортасында қалдық. Әлбетте, бізге вирус кірмейді деп кепілдік бере алмаймыз. Вирус – қамап тастайтын «мал» емес. Адам немесе жануардың бойында өсіп-өркендей береді. Күн сәулесі оны жеңе ме, жоқ па деген де сұрақ қойылып жатыр. Алайда бұлай ойласақ, күн жарқырап тұрған Иранды қараңыз. Вирус кез келген жануардың азғасында дами береді деп айтар едім. Біздің міндет – тәртіп болатындай ұйымдастыру жұмысын күшейту», - деп мәлімдеді Жандарбек Бекшин .
Сөзінше, болжам бойынша наурыз айының 11-16 аралығында, яғни келесі аптада Қазақстанда коронавирус тіркелуі ғажап емес.
«Бірақ бұл тек болжам ғана. Коронавирус бізде пайда болған жағдайда біз бірден арнайы шараларды қолға аламыз», - дейді бас санитар дәрігер.
Аталмыш болжам ғалымдардың математикалық модельді есебіне сүйене жасалыпты.
«Біз жағдайды зерттеп отырмыз. Шеңбердің ішінде қалдық. Тіркелуі әбден мүмкін, бірақ қашан екені белгісіз. Ғалымдар 10-16 наурыз аралығы деп болжағанымен, ол тек тұспал. Болжам орындалмай қалуы да мүмкін», - деп қосты ол.