Қазақстанға келген ресейліктер қандай жұмыс істейді – Еңбек министрі айтты
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің басшысы Тамара Дүйсенова Ресейден келген еңбек мигранттары қайда жұмыс істейтінін айтты, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
Еңбек министрі бүгінгі таңда Ресейдің 22,5 мың азаматы Қазақстан аумағында жұмыс істеп, зейнетақы жарналарын аударып жатқанын хабарлады. 8 мың адам осы жылдың басында жұмысқа орналасты.
"Олар негізінен қызмет көрсету саласында жұмыс істейді. Бұл ресейліктердің 72%-ын құрайды. 16%-ы өнеркәсіп, шамамен 9%-ы құрылыс, 2%-ы ауыл шаруашылығы саласында қызмет етеді. Қазақстандағы ресейліктердің атқаратын қызметтері – есепші, клиенттермен жұмыс жөніндегі менеджер, сатушы, тасымалдаумен айналысатын тұлғалар және жүргізушілер", – деді Дүйсенова.
Бұл статистикаға бюджетке 10% аударым жасаған шетелдіктер ғана кірді.
Естеріңізге салсақ, бұған дейін 21 қыркүйектен бастап Қазақстанға 200 мың Ресей азаматы кіргенін, 147 мың адам Қазақстаннан кеткенін, 70 мың мигрант ЖСН алғанын хабарланды.