Қазақстандық маман: Әртүрлі вакцинаны араластырып салудың негізі жоқ
Бірнеше вакцинаны араластырып салудың негізі жоқ. Бұл туралы ҚР ДСМ Ұлттық Фтизиопульмонология ғылыми орталығы директорының клиникалық және ғылыми жұмыстар жөніндегі орынбасары Ләззат Ералиева айтты, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
Оның айтуынша, антиденелердің қалыпты деңгейі қалыптасуы үшін тек бір вакцинаның толық компонентін салдыру керек.
"Себебі QazVac пен "Спутник V"мвакцинасына тоқталсақ, олар технологиясы бойынша мүлдем өзгеше екпелер. Сондықтан бір вакцинаның толық курсын аяқтамай, басқа препаратты салдырсақ, одан ешқандай пайда болмайды", - деді Ералиева.
Маманның бұл пікіріне денсаулық сақтау министрлігінің дәрілік заттар мен медициналық бағыттағы бұйымдарды сараптау ұлттық орталығының сарапшысы Александр Гуляев та келіседі.
"Шынымен де олар әртүрлі вакциналар болып саналады. Бұл тұрғыда оларды қосарлап алу мүмкін емес және мұндай тәсілдер қарастырылмаған. Осы орайда вакциналау процесінде екпелерді алмастыруға жол бермеу керек", - деді ол.
- "Вакцина салдырғаннан COVID-пен ауырмайсыз деген сөз емес": Қазақстандық дәрігерлер коронавирусқа қарсы отандық және ресейлік вакцина жайлы ойларын айтты
- "Барлық қазақстандықты вакцинациялауға 15 жыл керек": Депутаттар денсаулық сақтау министрлігін сынады
Еске салайық, мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандық ғалымдар әзірлеген отандық вакцинаны салдыратынын мәлімдеген еді. Алайда президенттің "Спутник-V" вакцинасын салдырғаны белгілі болды. Препарат Қазақстанда өндірілген.
Тоқаевтың неліктен ресейлік препаратты таңдағанын көпшілік түсінбеді. Кейін президенттің баспасөз хатшысы Берік Уәли мемлекет басшысы келесіде отандық вакцинаны салдыратынын мәлімдеді.