Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстандағы жеңілдетілген автонесиелеу бағдарламасы: Қанша сомада, қандай көліктерге қарыз беріледі

4 проценттік автонесие бағдарламасы аясында 10 миллион теңгеге дейінгі көлікті рәсімдеуге рұқсат беріледі, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі. 

Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Марат Қарабаев ОКҚ брифингінде мемлекеттік бағдарлама бойынша қазақстандықтарға автомобиль моделін таңдауда шектеу болмайтынын атап өтті. Ең бастысы, машина отандық өндіріс болса болғаны. 

Оның айтуынша, қарыздың ең жоғары сомасы 10 миллион теңгені құрайды. 

Ал одан қымбат болса, қажетті сомманы рәсімдеп, үстінен төлеуге мүмкіндік бар.

"Бүгін таңертең жеңілдетілген автокредит тек белгілі бір модельдерге ғана беріледі деген ақпаратты көрдік. Бұл – фейк ақпарат. Бағдарлама бойынша 10 миллион теңгеге дейінгі кредит беріледі. Ал алып жатқан көлігіңіз одан қымбат болса, сіз 10 миллионның үстінен қажетті сомманы өз қалтаңыздан төлейсіз", - деді Қарабаев орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте.

Вице-министрдің айтуынша, өте қымбат көліктерге жеңілдетілген автокредит берілмейді.

"Автокредит барлық модельдерге беріледі. Бірақ ең қымбат модельдер бар. Мысалы, Hyundai Palisade сияқты көліктер сатылады. Ондай көліктерге жеңілдетілген кредит берілмейді. 25 миллионға жағдайы бар кісілер өз ақшасына алсын", – деп атап көрсетті Қарабаев.

Ес ке сала кетсек, премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Скляр жеңілдетілген автонесие бағдарламасына бөлінетін қаржының көлемін және шарттарын жариялаған. 

"Автонесиенің жылдық мөшерлемесі 4 процент болады. Ал алғашқы жарна болмайды. Несиенің мерзімі 7 жыл. Жеңілдетілген автонесиенің қымбат емес көліктерге беріледі. Осылайша, 71 мың адам жаңа көлікті қолжетімді бағамен ала алады", – деп атап көрсетті Скляр.

Бүгінде отандық өндірістің келесі брендтері қолжетімді: Hyundai, JAC, Chevrolet, KIA және LADA. 

Талқылау