Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Желі қолданушылары шетел ауруханаларындағы түскі асты көрсетті: Ал Қазақстанда жағдай қалай (фото)

Жақында Threads желісінде ТМД тұрғындары шетел ауруханаларында қалай тамақтанғанын бөлісті. Онда Еуропа, АҚШ, Азия төңірегінің ауруханаларындағы тамақтар көрсетілген. Stan.kz ақпарат агенттігі осы жазба негізінде Қазақстан мен шетел ауруханаларының тамақтарын түгелдеп көрді.

Фото Threads қолданушыларынанФото Threads қолданушыларынан

Шетел ауруханаларында пациенттерді қалай тамақтандырады? 

"Норвегияда табысымыздың 40%-ын салыққа жұмсаймыз. Медицина көмегі тегін, сол салықтың ішіне қамтылған. Ауруханаға түсе қалсаң, міне былай тамақтандырады. Бұл туралы не ойлайсыздар?" – деп желі қолданушысы таңғы, түскі, кешкі астың фотосын жүктеген.

Оқырмандар пост иесіне "бәлкім диета болғандықтан осындай тамақ берген шығар" деп жатыр. Бірақ жазба қалдырған адам диета тағайындалмағанын айтты.

Фотодағы таңғы аста нан, май, йогурт көрініп тұр. Түскі аста крем сорпа, жемістер, екі нан бар. Ал кешкі аста қуырылған тағамдар, жемістер және тәтті бәліш беріледі.

Осы жазбадан соң шетелде жүрген азаматтар әр елдің ауруханасындағы, перзентханасындағы тағамдарды көрсете бастады. Еуропа елдеріндегі ауруханада берілетін тағамдар ресторан, дәмханадағы тағамдарға ұқсайды, тіпті тәрелкеге салынып, ұсынылуы да кафелердегідей.

Грекиядағы аурухана тағамы:

Даниядағы аурухана тағамы:

Норвегия:

Оңтүстік Корея перзентханасындағы тағам:

Германия, Берлин:

Ал кейбірі Еуропа тағамдарын аз, тойымды емес, құнарсыз деп жатыр.

"Германия, кордиология бөлімі. Аш қалдым деп айтсам, ештеңе айтпағаным", – деп жазды желі қолданушысы. Оның күні бойғы тамағы нан, май, ірімшік, көкөністер мен кішігірім сүзбеден тұрған.

Жазбалар арасында Қазақстан ауруханалары мен перзентханалары туралы да сөз болып жатыр.

Қазақстан ауруханаларында пациенттерді қалай тамақтандырады?

“Шымкенттің ауруханасында кешкі асқа сорпа, ет пен макарон берді. Тіпті кешкі астан соң бәрімізге айран әкеліп берді. Бірақ фотоға түсірсем өте жұпыны көрініп қалады екен”, – деп жазды желі қолданушысы.

Мәселен, Екібастұз ауруханасында жатқан тұрғын кешкі асқа палау деп тамағын көрсетті. Өзі тұра алмай, екі күн ұйықтапты, палатадағы көршілері ыдысына тамақ салдырып, алып қойыпты.

Маңғыстау ауруханасындағы таңғы ас. Бөліскен адам бір сүтке қарақұмық пен тарыны қосып, күнде соны бере береді деп жазды.

Тағы бір желі қолданушысы ауруханадағы тамаққа шағым келтірген. Фотода ол аппақ құр өзі пісірілген макаронды көрсетті. "Жеу мүмкін емес" деп жазды ол.

Алматыдағы қалалық жедел жәрдем ауруханасындағы таңғы ас. Ботқа, ірімшік және тәтті бәліш пен шай. Тура осы аурухананың тағы бір таңғы асында жұмыртқа, нан мен май, бәрі түгел. Ал түскі асқа 1 және 2-тамағын қатар береді.

Түркістан қаласындағы жеке емханадағы түскі ас пен кешкі ас:

Кентау қаласындағы аурухананың түскі асы:

Қазақстан ауруханаларындағы тағамдарды көріп, байқауымызша тамақ сапасы бірдей емес. Кейбір өңірде түгел, мардымды бергенімен, кейбір өңірлерде өкінішке қарай, жағдай көңіл көншітпейді.

Қазақстандықтардың сөзінше, перзентханадағы тамақтар да осы шамалас.

Перзентханадағы тағамдар:

Айта кетейік, 2025 жылы міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруға жұмыс берушілер мен жұмысшылар үшін төлем мөлшері жалақының 3% және 2%-ы түрінде өзгеріссіз қалды. (Тек біржолғы төлем мөлшері өзгереді – 21,5%-дан 23,8%-ға дейін).

Жақында Денсаулық сақтау министрлігі денсаулық сақтау және білім беру ұйымдарында тамақтану стандарттарына өзгерістер енгізілетін бұйрық дайындады. Министрліктің мәліметінше, құжат балаларды қауіпсіз, сапалы және теңдестірілген тамақтанумен қамтамасыз ететін дұрыс тамақтануға қойылатын заманауи халықаралық талаптарды ескереді.

Түзетулердің басты артықшылығы – тұз, қант пен майды тұтынуды азайту, көкөністер мен жемістерді тұтынуды арттыру (көкөністер мен жемістер кальцийге, темірге, фолий қышқылына және балалардың денсаулығын қолдайтын, иммун жүйесін нығайтатын басқа дәрумендерге бай).

 

Талқылау