Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстанда жылдамдықты сағатына 60 шақырымнан асырғандар үшін жаза қатаңдатылады

Өзгеріс бүгін мәжілісте екінші оқылымда мақұлданған "Жол жүрісі туралы" заңға және Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске көлік құралдарының жекелеген түрлерінің жүруін ұйымдастыру және жол қауіпсіздігін цифрландыру мәселелері бойынша заңнамалық түзетулерде көрсетілген. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Аталған заң жобасында қамтылған тағы бір өзгеріс – жол көлік жүргізу куәлігі болмаса да, көлік жүргізген азаматтарға қатысты жаза талабын күшейту. 

Заң қабылданғаннан кейін жүргізуші куәлігі жоқ және оны алмай тұрып көлік құралын басқарған, оның ішінде алкоголь немесе есірткі қолданған мас күйінде жауапкершілікке тартылған тұлғалар 7 жылға дейін емтихан тапсыруға жіберілмейді. 

Егер бүгінгі екінші оқылымда мақұлданған заң қабылданса, техникалық байқау рәсіміне және оны жүргізетін орталықтарға қойылатын талаптар да біршама күшейтілмек. 

Атап айтқанда, көлік құралдарын техникалық байқаудан өткізумен айналысатын ұйымдардың жұмыс тәртібі хабарлама жіберуден рұқсат беруге ауыстырылады. Енді олар өз қызметін бастаған кезде құжаттар пакетін ұсынуы және тиісті материалдық-техникалық базасы болуы қажет. Тексеру процедурасының өзіне және оны бақылауға қойылатын талаптар да артады.

Осы өзгерістер техникалық ақаулары бар көліктер де жол қозғалысына жіберіле беретін формальды техникалық байқауларды жою үшін енгізіліп отыр. 

Жаңа өзгеріске сай алдағы уақытта көлік жүргізу емтиханына өз бетінше дайындалуға болмайды.

"Жол жүрісі туралы" заңда көлік жүргізушілерін оқытуға қатысты түсіндірмелер енгізілген. Енді оларды оқыту арнайы білім беру ұйымдарында ғана жүзеге асырылады, яғни өз бетінше оқыту алынып тасталды.

Сонымен қатар оқу және емтихан тапсыру кезінде нұсқаушылар көлік жүргізушісі болып танылады. Ал қалаларда оқыту келісілген бағыттар бойынша және көлік жүргізуді үйрететін маманның (нұсқаушының) қатысуымен жүргізілуге тиіс.

Жаңа заң жобасы бойынша еліміздің автожолдарында орташа және максималды жылдамдық енгізіледі. Осы өзгеріске сай жылдамдықты сағатына 60 шақырымнан асырғандар үшін жазаны қатаңдату көзделіп отыр.

Негізгі заңда "орташа жылдамдықты" енгізу мен республикалық маңызы бар автомобиль жолдарында жылдамдықты шектеуді бақылаудың жаңа тәртібі көзделген.

Бұл ретте "орташа жылдамдықты" асырғаны үшін жауапкершіліктің жаңа түрі енгізілмейді. Қолданыстағы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 592-бабында белгіленген жылдамдықты 10-нан 20 км/сағ асырғаны үшін 10 АЕК айыппұл түріндегі жаза қарастырылған.

Сондай-ақ Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекске көлік құралдарында белгіленген жылдамдықты 60 км/сағ және одан да асырғаны үшін 40 АЕК көлемінде айыппұл түріндегі қатаң әкімшілік жауапкершілік енгізіледі.

Талқылау