Қазақстанда үй жанындағы дүкендер үшін қосылған құн салығы өзгеріссіз қалады
Сауда және интеграция министрінің орынбасары Қайрат Төребаев әлеуметтік маңызы бар тауарлар құнының өсіп кетуінің алдын алу үшін қабылданатын шаралар жайлы айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Вице-министрдің сөзінше, елде қосылған құн салығы көтерілсе де, бұл салық үй жанындағы дүкендер үшін өзгеріссіз, яғни 4% деңгейінде қалмақ.
"Әзірге құн салығына қатысты шешім қабылданған жоқ. Бірақ әлеуметтік маңызы бар тауарлар мен үй жанындағы дүкендерге қатысты салық өзгеріссіз қалады. Негізгі ұсыныс бар. Сондай-ақ ауыл шаруашылығындағы бизнес үшін салық жоқ", – деді Төребаев.
Еске салайық, Қазақстанда қосылған құн салығының шегін төмендетуге қарсы петиция жарияланған еді.
Петиция авторлары Әнуарбек Сқақов пен Жангелді Сүлейманов мұның шағын және орта бизнеске кері әсер ететінін айтты. Олардың сөзінше, қазіргі шек – 20 000 АЕК. 2025 жылы бұл көрсеткіш 78 640 000 теңге болады. Мұндай жағдайда шағын және орта бизнес өкілдері қиын жағдайға тап болатынын және кәсіпкерлер артық салық төлемес үшін бұл шектен аспауға тырысатынын айтады.