Қазақстанда UFC турнирі ұйымдастырылады
Фото: globallookpress.com
Қазақстанда UFC (Абсолютті жекпе-жек чемпионаты) турнирін өткізу мәселесі қайта талқылануда. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
"Астана Концерт" компаниясының продюсері және Alash Pride ұйымының өкілі Малик Хасеновтің айтуынша, турнирді өткізу мерзіміне қатысты келіссөздер аяқталуға жақын.
Ұйымдастырушылар UFC президенті Дана Уайтпен алдағы уақытта Абу-Даби немесе Баку қалаларында өтетін турнирлердің бірінде кездесу өткізуді жоспарлап отыр. Кездесудің басты мақсаты — UFC турнирін Қазақстанда алғаш рет 2025 жылы немесе 2026 жылдың басында өткізу жөнінде келісімге келу.
Бұған дейін 2020 жылы Астанада UFC турнирін өткізу жоспары болғанымен, ол пандемияға байланысты кейінге шегерілген еді. Дегенмен Хасеновтің айтуынша, Қазақстанға деген UFC қызығушылығы төмендеген жоқ. Себебі ұйым құрамындағы қазақстандық файтерлердің саны жылдан-жылға артып келеді.
Егер келіссөздер сәтті аяқталса, Қазақстан UFC-дің халықаралық турнирлер картасындағы жаңа нүктеге айналуы мүмкін. Турнирдің нақты күні, өтетін орны және қатысатын спортшылар құрамы кейінірек жарияланады деп күтілуде.
“2 миллиард теңгеге жуық“: Қазақстан өңірлері 2026 жылды қарсы алуға қанша қаражат жұмсайды?

