Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстанда тұрғын үй бағасы қалай өзгерді: Сарапшылар айтып берді

Ұлттық статистика бюросы Қазақстандағы 2025 жылдың қаңтар айындағы баға индексі мен тұрғын үй құны туралы мәліметтерді жариялады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Фото: pixabay.com

Ақпаратқа сәйкес елімізде жаңа баспананың орташа бағасы шаршы метріне 499 983 теңгені құрады.

Баспана бағасы ең қымбат қалалар Алматы, Астана және Атырау.  Алматыда 1 шаршы метр құны 582 175 теңге, Астанада 581 258 теңге, ал Атырауда 484 934 теңге.

Жаңа тұрғын үйлердің бағалары қолжетімді қалалар қатарына Орал, Ақтөбе және Көкшетау кіреді.  Орал қаласында жаңа баспананың 1 шаршы метрі 284 136 теңге, Ақтөбе қаласында 288 203 теңге. Ал Көкшетауда тіпті арзан. 1 шаршы метр құны 325 149 теңге.

Ал елімізде екінші нарқытағы тұрғын үйдің орташа бағасы 1 шаршы метрі үшін 526 788 теңгені құрайды. 

Ең қымбат пәтерлер Астанада, мұнда 1 шаршы метрдің бағасы 659 092 теңгеге дейін жетеді. Алматыда бұл көрсеткіш сәл төмен – 597 427 теңге, ал Атырауда 1 шаршы метрдің құны 477 063 теңгені құрайды.

Бағасы қолжетімді баспана іздегендер үшін Кызылорда, Ақтөбе және Көкшетау ең тиімді нұсқалар болып табылады. Бұл қалаларда тұрғын үй бағасы айтарлықтай төмен: Қызылордада – 310 996 теңге, Ақтөбеде – 323 746 теңге, ал Көкшетауда – 324 069 теңге.

Қазақстан бойынша жайлы тұрғын үйді жалға алудың орташа бағасы 1 шаршы метрі үшін 4 533 теңгені құрайды.

Ең жоғары жалдау бағалары Алматыда тіркелген – мұнда 1 шаршы метрдің құны 5 453 теңгеге дейін жетеді. Астанада бұл көрсеткіш 5 129 теңгені құраса, Қарағандыда 4 349 теңге деңгейінде қалыптасқан.

Ең қолжетімді жалдау бағалары Тараз, Түркістан және Павлодар қалаларында байқалады. Таразда 1 шаршы метр үшін жалдау құны – 2 177 теңге, Түркістанда – 2 593 теңге, ал Павлодарда – 2 601 теңге.

“2024 жылдың қаңтарынан 2025 жылдың қаңтарына дейін елдегі тұрғын үй бағасы айтарлықтай өсті. Қайталама (екінші нарықтағы) тұрғын үйлердің бағасы орта есеппен 6,1 пайызға қымбаттады. Жаңа (бірінші нарықтағы) тұрғын үйлердің бағасы 4,1 пайызға көтерілді. Ал жалға алу ақысы өткен жылмен салыстырғанда 10 пайызға артты”, – делінген ақпаратта.

Жаңа үйлердің бағасы ең көп Павлодарда, Ақтөбеде және Көкшетауда көтерілді. Павлодарда бір жыл ішінде бастапқы нарықтағы тұрғын үйдің құны 13,8 пайызға өсті. Ақтөбеде бұл көрсеткіш 13,6 пайызды, ал Көкшетауда 13,4 пайызды құрады.  

Қайталама нарықта (екінші нарықтағы) үйлердің бағасы ең көп қымбаттаған қалалар – Атырау мен Астана. Атырауда екінші нарықтағы тұрғын үйлердің бағасы 17,3 пайызға өсті, ал Астанада 14,5 пайызға көтерілді.  


Қазақстандықтарға пәтерлер мен көліктерді лизингке сатып алуға мүмкіндік берілмек


Жалға алу бағасы бойынша ең үлкен өсім Астана, Талдықорған және Шымкент қалаларында байқалды. Астанада пәтер жалдау құны бір жыл ішінде 30,1 пайызға артты. Талдықорғанда жалға алу ақысы 27,7 пайызға, ал Шымкентте 19,6 пайызға қымбаттады.  

2025 жылдың қаңтарында, 2024 жылдың желтоқсанымен салыстырғанда, тұрғын үй бағасы айтарлықтай өзгерді. Екінші нарықтағы тұрғын үйлер 1,5 пайызға қымбаттады. Жаңа тұрғын үйлердің бағасы 1,3 пайызға өсті. Ал жалға алу ақысы 2 пайызға көтерілді.  

2025 жылдың қаңтарында Қазақстанда 30 917 жылжымайтын мүлік сату-сатып алу мәмілесі тіркелді. Оның ішінде 6 153-і жеке тұрғын үйлерді, ал 24 764-і көпқабатты үйлердегі пәтерлерді қамтыды.  

2024 жылдың желтоқсанында 50 046 мәміле жасалған еді, яғни тұрғын үй нарығындағы белсенділік 38,2 пайызға төмендеді.

Тұрғын үй саудасы бойынша ең белсенді қалалар – Астана, Алматы және Қарағанды облысы болды. Астанада 6 548 мәміле жасалып, ел бойынша ең көп сатылым осы қалада тіркелді. Алматыда 6 137 мәміле жасалса, Қарағанды облысында 2 411 мәміле тіркелді.  

Ең аз тұрғын үй сатылған өңір – Ұлытау облысы. Бұл өңірде бар болғаны 378 мәміле жасалды, бұл жалпы ел бойынша тіркелген мәмілелердің 1,2 пайызына тең.  

“2024 жылдың қаңтарымен салыстырғанда, 2025 жылдың қаңтарында тұрғын үй саудасы 2,5 пайызға төмендеді. Дегенмен, кейбір өңірлерде керісінше, сатылым саны артқан. Ең үлкен өсім Батыс Қазақстан облысында тіркелді, мұнда сатып алу-сату мәмілелері 45,7 пайызға көбейді. Ал Түркістан облысында сатылым ең аз қысқарып, 27,8 пайызға төмендеді”, – делінген ақпаратта.

Еске салсақ, елімізде тұрғын үйге қосылған құн салығын қосу талқыланып жатыр. Сондай-ақ бұл норманы жаңа салық кодексіне енгізу жоспарда бар. Егер қосылған құн салығы 20% көтерілсе, тұрғын үй бағасы айтарлықтай көтерілуі мүмкін. 

Талқылау