Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстанда мыңнан астам елді мекенді су басу қаупі төніп тұр

Биыл Қазақстандағы 1223 елді мекенді су басу қаупі бар. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Фото: aqmeshit-aptalygy.kz

Төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Әріновтің айтуынша, министрлік жергілікті билік өкілдерімен және мемлекеттік органдармен тығыз байланыста жұмыс істеп, инфрақұрылымды тасқын суға дайындау шараларын жүргізуде.

Әрінов сенаттағы үкімет сағатында тасқын судың алдын алу шаралары туралы баяндама жасады.

"Қазіргі таңда республика бойынша 1223 елді мекенді су басу қаупі бар. Министрлік үйлестіруші орган ретінде жергілікті атқарушы билік өкілдерімен және мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесе отырып, инфрақұрылымды тасқынға дайындау жұмыстарын атқаруда", – деді министр.

Оның айтуынша, республикалық және өңірлік бағдарламалар аясында келесі алдын алу шаралары жүзеге асырылып жатыр:

— 576 шақырым қорғаныс бөгеттері мен дамбалар салынып, нығайтылуда;

— 164 шақырым дренаж жүйесі жаңартылып, жөндеуден өткізілуде;

— жолдардың астына 960 су өткізу құрылғысы орнатылып, ауыстырылуда;

— 658 шақырым каналдар мен арықтар тазартылуда;

— 74 өзенде 300 шақырымға жуық арнаны тереңдету және жағалауды бекіту жұмыстары жүргізілуде;

— қалалар мен ауылдарда нөсер және дренаж жүйелері салынып, жөнделіп жатыр.

"Бұл шаралар су тасқыны қаупін азайтып, елді мекендерді табиғи апаттан қорғауға көмектеседі", – деп мәлімдеді Әрінов.

Еске салсақ, осы уақытқа дейін Батыс Қазақстан облысына биыл да су басу қаупі төніп тұрғанын жазғанбыз.

Талқылау