Қазақстанда медициналық маскалардың бағасы 30 теңгеден асқан жоқ
Қазіргі күні коронавирус мәселесіне байланысты медициналық маскалардың қымбаттап кетпеуі үшін бірқатар шаралар жүзеге асырылуда, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
Қазіргі таңда елордада медициналық бетпеделердің жетіспеушілігі байқалады екен.
«Бүгінгі таңда Нұр-Сұлтан қаласындағы бөлшек саудада медициналық масканың жетіспеушілігі байқалады. Кеше Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігі жанынан құрылып, дистрибьютор, жеткізуші, дәріхана желілерімен бірігіп штаб құрылды. Алдымен бұл белгілі бір деңгейде қолдан жасалған дүрлігу деуге болатынын айтып өту керек. Біздің елдегі медициналық маска шығарушылар шикізат болмауы себепті тығырыққа тірелді. Үкімет жақын орналасқан мемлекеттерден шикізат жеткізу мәселесін шешіп жатыр. Жақын арада дүрлігу басылады деп ойлаймыз», - дейді «ҚР фармецевтикалық қызметтін қолдау және дамыту қауымдастығы» ЗТБ Нұр-Сұлтан қаласы филиалының директоры Гүлсарай Альмурзина.
Сөзінше, қазіргі таңда медициналық маскалардың қымбаттап кетпеуі қадағалауға алыныпты.
«Қарапайым медициналық масканың бағасы 30 теңгеден көтерілген жоқ. Тұтынушыға 10-20-дан артық сатылмаған. Қауымдастыққа кірмеген дәріхана желілері де бар, олар осы жағдайды пайдаланып бағасын көтерген болуы мүмкін. Негізінде медициналық масканы адам көп жиналған қоғамдық орында және ауырған кезде тағу керек. Дәріханаларда балаларға және ересектерге арналған антибактериалды, антисептикалық сұйықтықтар бар. Онымен қол жууға болады», - дейді ол.
Еске салайық, бұған дейін денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов "сау адамға медициналық масканың керегі жоқ" деп кесіп айтқан еді.