Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстанда корпоративтік және жеке табыс салығының орнына 3%-дық салық енгізіледі

Сенат депутаттары карантиннен зардап шеккен кәсіпкерлерге 3 пайыздық салық енгізуді көздейтін түзетулер қабылдады, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі. 

Сенаторлар карантиннен зардап шеккен шағын және орта бизнес үшін екі жылға салықты 3 пайызға дейін төмендетуді ұсынды. Компаниялар мен жеке кәсіпкерлер корпоративтік табыс салығы бойынша 10-20 пайыздың және жеке табыс салығы бойынша 10 пайыздың орнына баламалы бөлшек сауда салығын 3 пайыздан төлеуі керек.

«Пандемиядан айтарлықтай зардап шеккен секторды қолдау үшін шағын және орта бизнесті екі жылға ҚҚС және әлеуметтік салықтан босату ұсынылды. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша табыстың үш пайызына бөлшек салық енгізіліп жатыр», - деді сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев.

Депутат Еділ Мамытбеков шағын және орта бизнес іс жүзінде пандемияның ауыртпалығын бастан кешіп, қиын кезеңдерді өткеріп жатқанын түсіндірді.

«Сондықтан заң жобасы аясында сенаторлар мемлекет басшысының ұсынысы бойынша бөлшек сауда салығының жаңа режимін енгізудің нормаларын ұсынды», - деді ол.

Экономиканың зардап шеккен секторларының тізімін үкімет анықтайды.

Салық кодексіне түзетулер енгізілген заң жобасы мәжіліске қайтарылады. Мәжілісте түзетулер қаралғаннан кейін жоба ел президентіне жіберіледі.

Талқылау