Қазақстанда ХҚКО-лардың жұмыс тәртібі өзгереді

Қазақстанда халыққа қызмет көрсету орталықтарының (ХҚКО) жұмысы өзгереді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиевтің айтуынша, қазақстандықтар ХҚКО-ларға бұрынғыға қарағанда сирек баратын болған. Өткен жылы офлайн қызмет алушылар саны 13%-ға азайған.
"Биылғы жылдың бірінші тоқсанында келушілер саны 30%-дан астамға азайғанын көріп отырмыз. Жыл соңына дейін ХҚКО-ларға келу көрсеткіші кемінде 50%-ға төмендейді деп күтілуде", – деді Жаслан Мәдиев.
Журналистер министрден Қазақстанда ХҚКО-ларды толықтай жабу жоспарда бар-жоғын сұрады. Министр орталықтардың бірден жабылмайтынын, негізінен өзіне-өзі қызмет көрсету аймақтарына айналатынын атап өтті.
"Біз 70-20-10 қағидаты бойынша бөліміз деп жоспарлап отырмыз, яғни аумақтың 70%-ы өзіне-өзі қызмет көрсету аймақтарына айналады. Бұл жерлерде азаматтарға кеңес беріліп, қызметтерді терминалдар арқылы өз бетінше алуына көмек көрсетіледі. Осылайша, оларда онлайн қызмет алуға тұрақты дағды қалыптасады, уақыт өте келе тіпті ХҚКО-ларға келмейтін болады", – дейді министр.
Мәдиевтің айтуынша, ХҚКО ғимараты аумағының 20%-ы қазақстандықтар менеджерлердің көмегімен мемлекеттік қызметтер ала алатын аймақтарға бөлінеді. Ал қалған 10%-ы оқыту аймағына арналмақ, бұл желерде eGov құралдарын қалай пайдалану керектігі түсіндіріледі.