Қазақстанда енді зейнетақы төлемдерінен табыс салығы алынбайды
Енді бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан өтелетін зейнетақы төлемдері табыс салығынан босатылуы мүмкін. Яғни бұл төлем түрі кіріс болып есептелмейді. Сәйкесінше, салық салынбауға тиіс. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Ұлттық экономика министрлігінің өкілдері тұрғындардың кодекске түзету енгізуді өтінгенін айтты. Мәселенің әлеуметтік маңызы жеке табыс салығын алып тастауға ықпал еткен.
Айтуларынша, жұмыс тобы халықаралық тәжірибелерді зерделеген кезде әлемнің көптеген елдерінде зейнеткерлерге салықтық жеңілдіктер берілетініне көз жеткізген. Сондықтан қордан аударылатын төлемдерге салық салмауды ұйғарыпты. Бірақ бұл қағида зейтнеткер шет елге қоныс аударса, не төлемдер мұрагерлік жолмен берілсе қолданылмайды. Ал жеке табыс салығы бойынша бюджет шығыны шамамен 4 миллиард теңге болмақ. Құжат тамызда депутаттардың қарауына жіберіледі.
“Халықаралық тәжірибелерді зерделедік. Мәселен Аустралияда 60 жасқа толған зейнеткерлерге ешқандай салық салынбайды. Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымына кіретін 11 мемлекеттің ішінде зейнеткерлердің төлемдерінде де салық жоқ. Ал кейбір елдерде осындай қаржылық, қаржылық емес ынталандыру қолданады екен. Оның ішінде салықтық жеңілдіктері де бар”, – деді салық және кеден саясаты департаментінің бас сарапшысы Жазира Мыңбаева.