Қазақстан жеңіл атлетикадан алғашқы алтынына қол жеткізді
Қазақстан жеңіл атлетикадан өз тарихындағы алғашқы алтын медальді жеңіп алды. Қазақстан атынан әлем чемпионатына қатысқан кениялық атлет Нора Джеруто 3000 метрге кедергілер арқылы жүгіруден чемпион атанды, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
Джеруто қашықтықты 8:53,02 нәтежемен жүгіріп өтіп, Эфиопиядан келген қарсыласын артта қалдырды. Осы нәтижесі арқылы ол әлем чемпионатының рекордын орнатты.
Айта кетейік, Нора Джеруто мансабында алты рет Алмаз лигасының кезеңдерінде жеңіске жетіп, ал 2021 жылы осы лиганың финалында алтын таққан.
Естеріңізге салайық, бұған дейін Қазақстан атынан жарысқа түскен кениялық спортшы Каролин Чепкоеч Кипкируи әлем чемпионатында жетінші орынға ие болып, Қазақстанның жаңа рекордын орнатқан еді.
АҚШ-та өтіп жатқан әлем чемпионатында еліміздің тағы спортшысы Надежда Дубовицкая биіктікке секіруден финалға шыққан. Әлем чемпионаты 24 шілдеге дейін жалғасады.
Қазақстан атынан халықаралық жарыстарға қатысу үшін бұған дейін кениялық төрт спортшы Қазақстан азаматтығын алғаны белгілі болған.
Нора Жеруто, Дейзи Джепкемай, Шадрак Коеч және Кэролайн Чепкоеч жаһандық аренада бәсекеге түсуге және көбірек мүмкіндіктерге ие болу үшін халықаралық серіктестіктерін өзгерткен.