Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстан суррогатты туризм орталығына айналуда: Қазақстандық келіншектің қызметіне жүгіну қанша тұрады?

Қазіргі кезде әлем бойынша cәби сүйе алма жүрген жұптар көбейіп кеткен. Оның себептері көп - экологияның нашарлауы, өмір сүру салтымыз, ұялы телефонның әсері. Бұл туралы Репродуктивті медицина орталығының репродуктолог, гинеколог, хирургі Аяулым Берікболқызы Косетова Stan.kz ақпарат агенттігінің тілшісіне берген сұхбатында айтты. Сол себептен де сәби сүю үшін ерлі-зайыптылар ЭКО жасатып немесе құрсақ ана көмегіне жүгініп жатады. Және шетелден арнайы Қазақстанға суррогат ана іздеп келушілер де аз емес екен. Оның құны – 3,5 млн-ды құрайды. 

Репродуктолог-гинеколог Аяулым Косетова

«Қаражатқа мұқтаж қыз-келіншектер және жалғызбасты әйелдер суррогат ана болуға келіседі»: Қазақстанға суррогат ана іздеп келуші шетелдіктер көп пе?

–    Аяулым Берікболқызы, әйел ем қабылдап бала сүйіп жатады. Ал ер адамның бедеулігінің емі бар ма?
–    Ерлер бедеулігі күрделі процесс. Қазіргі кезде жиі кездесетіні азооспермия. Бұл мүлдем шәуеттің (сперма) болмауы. Азооспермия бедеулігінің обструктивті түрі болса, бала көтеруге мүмкіндік бар. Ал обструктивті емес түрі қиынға түседі. Аталық ұрық табылмай қалуы мүмкін. Кейде бедеулігі туа пайда болғандар бар. Немесе кішкентай кезінде свинка ауруымен ауырып, ары қарай емделмеген болса қиын. Өйткені свинка шәуетті жойып жібереді. Сол себептен ұл баланы ата-анасы кішкентай күнінен урологқа көрсету керек. 

–    Қазіргі кезде жас қыздар да ЭКО-ға жүгінеді екен. Яғни бала көтере алмау жағдайы жыл өткен сайын көбейіп барады...
–    Қазір сәбиге зар болып жүрген ерлі-зайыптылар көп. Бір жыл ішінде қалыпты жыныстық қатынас болып, ешқандай контрацептив қолданбаған жағдайда жүктілік болмаса онда ол бедеулік. Біріншілік және екіншілік деп бөлінеді. Мысалы, түтіктік бедеулік қазір жиі кездеседі. Ол нешетүрлі инфекциялық аурулардан пайда болады. Эндокриндік бедеулік те жиі кездеседі, ол қыз-келіншектерде овулияцияның болмауы. Гормональды өзгерістердің бұзылуынан пайда болады. Кейде ерлі-зайыптының екеуінің де дені сау болғанымен, он жылдап бала сүйе алмай жүреді. Бұл белгісіз генезді бедеулік деп аталады. Сонымен қатар, қазіргі таңда жас қыздар арасында аналық жасушаның төмендігі көбейіп келеді. 

–    Бұған не себеп?
–    Экологияға, өмір сүру салтымызға, ішіп жатқан тамаққа байланысты. Үнемі қалтамызға алып жүретін ұялы телефонның да әсері бар. 

–    Сіздердің орталықтарыңызда квота бойынша ЭКО жасау мүмкіндігі бар ма? Және оған кімдер қатыса алады?
–    Биыл мемлекет «Аңсаған сәби» атты бағдарламасына 7000 квота беріп отыр. Былтырға қарағанда жеті есеге көп. Себебі, әр алтыншы жанұя статистика бойынша сәби сүйе алмағандықтан ажырасуға дейін барады екен. Сол себептен мемлекет ерлі-зайыптыларға үлкен мүмкіндік беріп отыр. Квотаны көбісі түсінбей жатады. Оны жасату үшін ақша беру керек деп ойлайды. Жоқ, бұл жерде ЭКО жасаудан бастап, тексерілу, дәрі-дәрмек бәрі тегін. Квотаға жеті репродуктологтан құралған арнайы комиссия мүшелерінің тексеруінен өткенде ғана іліне алады. Биылғы квотаны ерлер бедеулігі, түтіктік бедеулік, белгісіз генезді, эндокриндік фактормен беріп отыр. Осы уақытқа дейін түтіктік және ерлер бедеулігі бойынша ғана берілетін. Бірақ оның ішінде азооспермия кірмейді. Себебі, кейде ота кезінде ұрық табылмай қалуы мүмкін. Ал ол болмаса, ЭКО қалай жасалады? Үкімет квотаны тек ерлі-зайыптыларға ғана береді. Үміткерлер арнайы комиссияның талаптарына сай болса ғана квотаға жолдама береміз. Көбісі біз кезекке қояды деп шатастырып жатады. Жоқ олай емес. Науқас өзінің жеке мемлекеттік емханасына барып, сол жерде кезекке тұрады. Сөйтіп квота берілді дегенде ғана науқас бізге қайтып келеді, ЭКО-ны сол кезден бастап жасаймыз. Бір айта кетерлігі, біздің Репродуктивті медицина орталығы карантин кезінде де жұмысын тоқтатпады. Науқастарға барынша онлайн кеңес беріп отырдық. Квота да тоқтамай жұмыс істеді. 

–    Эко-ны бірнеше рет жасату әйелдің организміне кері әсерін беруі мүмкін бе?
–    ЭКО-дан туғандардың болашағы жоқ, бедеу болып келеді деп айтады. Бірақ бұл әшейін ғана миф. Мысалы, алғаш ЭКО-дан туған Луиза Браун өзі табиғи жолмен сәбилі болған. Сондай ақ, ата-анасынан ЭКО арқылы дүниеге келген 22 жастағы қазақстандық былтыр ғана өзі ұл бала босанды. Кейбір науқастарымыз «ЭКО-ны бірнеше рет жасатса, онкологиялық аурулар тудырады. Жасатқым келмейді» деп қашады. Сөйтіп репродуктолог дәрігерге қаралмай, тәуіптерге барып уақытын жоғалтып алады. Ал шындығында, ЭКО ешқандай да онкологиялық ауруларға алып келмейді. Егер әрине науқастың өзінде генетикалық онкогені болса ағзасында, онда ол өршуі мүмкін. Біз әйелді ЭКО-ға алатын кезде толықтай тексеріп аламыз. Дені сау бала көтеру үшін, денсаулығы жақсы әйел керек. Сондықтан егер денсаулығында ақау болса, онда ЭКО-ға алмаймыз. 

–    Сондай-ақ, орталықтарыңызда “донорлық аналық жасуша” және “құрсақ ана” бағдарламасы ашылып жатыр екен. Құрсақ ана болушылар көп пе?
–    Иә, құрсақ ана болушылар көп. Оның да өз көрсеткіштері бар. Туа және жүре пайда болған жатырдың болмауы деген бар. Яғни, жатырсыз туылған қыз-келіншектер де болады. Ал жүре пайда болған жатырдың болмауы көптеген жағдайларға байланысты. Жатыр ісігі болып немесе басқа ауруларда алып тастауға тура келеді. Сондай-ақ, түсік болып немесе жасанды түсік жасатқанда қыру процесі болған жатыр жұқа болып қалады. Оны қандай да бір гормондық препараттармен өсіруге келмейді. Ал эмбрион дені сау жатырда дамуы керек. Сондықтан осындай жағдайларда құрсақ анаға жүгінуді ұсынамыз. Аборт, түсік, қыру, қытайдың гормональды препараттарын ішкен сайын әйелдің ағзасы бұзылады. Етеккір циклі өзгеріске ұшырайды. Жатыр қалай болса да өз функциясын атқаруы керек қой. Ал егер олай болмаса, онда миома да өседі, қатерлі ісік те пайда болады, құрылысы өзгеріп мутацияға ұшырайды. 

–    Шетелден Қазақстанға суррогатты аналардың қызметінің арзандығына қызығып көп келеді екен. Шамамен науқастарыңыздың қанша пайызы шетелдіктер?
–    Жалпы біз ЭКО жасауға 15 елдің азаматтарын қабылдаймыз. Жылдан-жылға көбейіп келеді. Бағасына, жұмысымыздың сапасына байланысты біздің орталыққа жүгінеді. Өзбекстан, Қырғызстан, Қытайдан, Ресейден көп келеді. Америкадан онлайн кеңес алатыны бар. Азия елдері бойынша үлкен клиникалардың бірі болып саналамыз. Шетелдіктер суррогаттық ана ғана іздеп келмейді, донорлық жасуша алып жатады. Әр жасушаның өз анкетасы бар. Ол жерде шашының түсі, көзі қандай, бойына дейін бәрі жазылған. Тіпті қандай рудан екенін де білуге болады.

–    Көбісі ондай донорлық жасуша салдырудан қорқып жатады. Шыққан тегін де анықтауға бола ма?
–    Әрбір аналық жасушасын беретін донор, донорлық сперма тапсыратын әр ер адам алдын ала тексеріледі. Ата тегі, тұқым қуалайтын ауруының бар-жоғы, жыныстық жолмен жұғатын инфекциялық ауруларына дейін анықталады. Тек анализіне ғана қарап қоймайды, сондай-ақ фенотипі әдемі қыз-келіншек, ерлер таңдалынады. Донор болатын қыз-келіншектің жасы: 18-35 жас аралығында, дені сау, баласы болуы керек. Ал ерлерде бойы аласа, сымбатты емес болса, аталық донор бола алмайды. Суррогат анаға да қойылатын талап сондай. Дені сау, жатырында ешқандай тыртық және кесар тілігі болмауы керек. Кем дегенде бір баласы бар келіншек ғана құрсақ ана бола алады. 

–    Аяғы ауыр болып, біреудің сеніп тапсырған аманатын қасақана түсік жасатқан келіншектер болды ма сізде?
–    Ондай жағдайлар болып жататынын естідім. Бізде ол істермен айналысатын заңгерлер бар. Біз заңгерсіз ешқандай ЭКО жасай алмаймыз. Әр ерлі-зайыпты қандай да бір процедура жасатар алдында заңгермен арнайы келісімшарт жасайды. Құрсақ ана да келісімшартта қандай талаптар жазылса, соны орындауға тиіс. Баланы алып қалу, тумай қою, өзіне алу деген нәрселер болмайды. Барлығы заң бойынша жасалынады. Сол себептен ондай проблемалар біздің орталықта кездеспейді. 

–    Суррогатты ананы жалдау арзан емес екені түсінікті, көбінесе қандай жағдайдағы отбасылар жүгінеді? 
–    Өзінің туған сіңілісі, туыстары тарапынан суррогат ана болатындар бар. Әрине, өз туғаны болса неге көмектеспеске? Бірақ қазақтарда көбісі келісе береді деп айта алмаймын. Ондайлар аз. Бізде суррогат ана қызметі үш миллион теңгеден асады. Құрсақ ана болу әрине оңай емес. Көбінесе қаражатқа мұқтаж болған қыз-келіншектер және жалғызбасты әйелдер суррогат ана болуға келісіп жатады. 


Дайындаған Анар ДӘУКЕН

Талқылау