Қазақстан президентін сайлауға тоғыз күн қалды. Сайлауға кімдер түспек, кімнің қандай уәдесі бар? Еске түсірейік
20 қарашада Қазақстан президентін сайлау өтеді. 12 адам үміткер болам деп өтініш жібергенмен, Орталық сайлау комиссиясы оның алтауын ғана тіркеді. Осы алты кандидат өздерінің бағдарламасын жариялап үлгерді. Біреуі Жаңа Қазақстан құрамыз, ал екіншісі елді аграрлық державаға айналдырамыз дейді. Кім халыққа қандай уәде беріп отыр? Stan.kz үміткерлердің бағдарламаларын бір шолып шықты.
Салтанат Тұрсынбекова (48 жаста) — “Қазақ аналары — дәстүрге жол” республикалық қоғамдық қоры ұсынған кандидат. Биылғы сайлауға түскен екі әйелдің бірі.
Бұрын Жоғары сотта істеген, Бас прокурордың ерекше тапсырмалар жөніндегі аға көмекшісі болған, өзге де мемлекеттік органдарда істеген. Былтыр әйел істері және отбасы-демография саясаты жөніндегі ұлттық комиссиясы төрағасының орынбасары боп тағайындалды.
Оның бағдарламасы “Әділ сот пен тәртіп — ашық әрі шыншыл қоғамның кепілі” деп аталады. Кандидат бағдарламасында сот жүйесі мен қоғам тәртіп салаларын реформалауға көп көңіл бөлген.
st22.kz
Тұрсынбекова мыналарды ұсынып отыр:
- Әділ әрі нәтижелі сот жүйесін құру;
- Дауларды шешудің балама жолдарын дамыту;
- Жеке детектив қызметі туралы заң шығару;
- Сыбайлас жемқорлыққа қарсы жаңа бағдарлама ойлап табу;
- Біреудің денсаулығына қасақана жеңіл зиян келтіргендер мен ұрып-соққандарды қатаң жазалау;
- Отбасындағы зорлық-зомбылыққа қарсы күреске қатысты жаңа заңдар шығару;
- Қылмыстық заңнамаға мүлігінің бағасы алған табысынан асып кеткен лауазымды тұлғаларды жазаға тарту туралы норма енгізу;
- Ең төмен жалақыны мен күнкөріс минимумы мөлшерін арттыру;
- Монополияға қарсы, бәсекелестік пен кәсіпкерлікті дамытатын мемлекеттік бағдарлама ойлап табу және тағы басқасы.
Жигули Дайбараев (67 жаста) — “Ауыл” партиясы ұсынған үміткер. Бұрын Қазақ фермерлері одағын басқарған. Қазір “Атамекен” кәсіпкерлер палатасындағы агроөнеркәсіп кешені комиссиясын басқарады. Жалпы, басынан бері оның қызметі ауыл шаруашылығына қатысты болған. Сайлауалды бағдарламасында кандидат осыған да көңіл бөлген.
kazpravda.kz
“Мен Қазақстан Республикасын алақандай жер де бос жатпайтын, егілетін, әр дастархан сапалы және бағасы қолжетімді отандық өнімге толтырылатын аграрлық державаға айналдыруға нық бекіндім”, — деген еді ол.
Одан бөлек, Дайрабаев дала демократиясын жаңғырту қажет дейді.
Қазақстан – адам құқықтары мен бостандықтарын қамтамасыз етудің бірегей және өзіне ғана тән жүйесі бар көшпелі өркениеттің тарихи орталығы. Демократия қағидаттары көшбасшылар сайлауы ашық, бейбіт және жоғары бәсекелестік жағдайында өткен Қазақ хандығы кезеңінде басталды, — дейді ол тағы.
Ол мыналарды ұсынған:
- Конституцияның басты қағидаты — билік халыққа тиесілі дегенді сөз емес, іс жүзінде жүзеге асыру;
- Еңбек ететін адамның ролі мен маңызын арттыруға, мұғалім, дәрігер және Отан қорғаушы мамандықтарын қастерлеуге, қызметкерлердің осы санаттарының еңбекақы деңгейінің қазіргі қажетінен кем емес болуын қамтамасыз ету;
- Ауылдың өндірістік, әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылымын дамыту бағдарламаларын іске асыру арқылы орталық пен өңірлер арасында ортақ игіліктерді тең және әділ бөлу;
- Бюджетті жоспарлау процесінің, ұлттық және квазимемлекеттік компаниялар қызметінің, Ұлттық қорды және зейнетақы активтерін басқарудың барынша ашық болуына;
- Мемлекетті басқару ісінде бұқаралық ақпарат құралдарының, пікір көшбасшыларының, қоғам қайраткерлерінің, мәдениет, ғылым және білім қайраткерлерінің ықпал ету саласын кеңейтуге және мәртебесін арттыру;
- Біздің күшіміз – бейбітшілік пен тату көршілікте. Әлем қоғамдастығының дәстүрлі ұлттық қонақжайлықты Қазақстанның әлсіздігі емес, жағымды бейнесінің негізі ретінде қабылдауына күш салу.
Үміткер бағдарламасына тіл мәселесін де қосқан.
Мемлекеттік тілдің мәртебесін оның іс қағаздарын жүргізудегі ресми қолданылуын жоюға, адам өмірінің барлық саласына терең енуіне жәрдемдесу арқылы арттыруға, сондай-ақ бұл жағдайда өзім үлгі болуға тырысамын, – деп уәде берді ол.
Қарақат Әбден (48 жаста) — сайлауға “Кәсіби әлеуметтік жұмысшылар ұлттық альянсы” атынан түскен үміткер.
Астана мәслихатының депутаты болған, биылдан бастап президент жанындағы әйел істері мен отбасы-демография саясаты жөніндегі ұлттық комиссияға мүше. “Аманат” (Nur Otan) инновация комитетінің бұрынғы испекторы.
facebook.com/abdenova.karakat
2019 жылы “Сен — қазақтың қызысың, мақтан ет!” деген кітап шығарып, біраз белсендінің ашуына қалған еді. Астанада “Қазақ қызы” деген мектебі бар.
Кандидат отбасы әл-ауқаты мен институты, жастардың білімі мен қарттардың зейнетін сайлауалды бағдарламасынының басты тақырыбы етіп алған.
Әбден өзіне дауыс беретіндерге мыналарды ұсынған:
- Өскелең ұрпақты ұлтымыздың озық дәстүрлері негізінде рухани жетілдіретін мектеп бағдарламасын жасақтап, енгізу;
- Баспана алуға немесе белгілі бір мерзімге жалға алуға мүмкіндік беретін ақшалай сертификаттар жүйесін енгізу.
- Бала тәрбиелеп отырған үй шаруасындағы әйелдерді жұмысшы санатына өткізіп, жұмысын еңбек өтіліне жаздыру.
- Инфрақұрылым мен коммуникация нашар жерлерде тұратын көпбалалы аналарға өтемақы төлеуді қарастыру.
- Барлық студент пен оқушыға тегін жоғары білім беру;
- Білім де еңбек. Шәкіртақыны еңбекақы ретінде төлеу;
- Жоғары оқу орындарының жатқханалары мен кампустарын жобалау кезеңінен бастап ондағы тұрмыс жағдайы дұрыс болғанын қадағалау.
- Аға толқынның көмегімен жастарды ұлттық-патриоттық клубтарға жұмылдыру;
- Сирек кездесетін ауруы бар балаларға көмек жүйесін біріздендіру;
- Аз қамтылған отбасындағы балаларға қолжетімсіз қызмет пен тауар түрлеріне жеңілдік беретін арнайы жүйе құру;
- Зейнет жасындағы халықтың ел аумағында жеңілдік берілетін тарифпен саяхаттауын қамтамасыз ететін бағдарлама жасау.
- Қарттарды емдеудің және оңалтудың кешенді жүйесін жасау.
Нұрлан Әуесбаев (65 жаста) — Жалпыұлттық социал-демократиялық партия ұсынған кандидат. Өзін оппозициялық кандидатпын дейді.
osdp.kz
Әуесбаевтың сайлауалды кампаниясының атауы — “Еркіндік! Әділдік! Ынтымақ!”. Үміткер бағдарламасында саяси реформалар мен жемқорлықпен күрес, олигархияға қарсы экономика мен әлеуметті қолдауға аса назар аударған.
Жемқорлық мемлекетті күйретеді, адамдардың бір-біріне деген, институттарға деген сенімді жояды. Парақорлықпен күрес кезінде, әсіресе саяси деңгейдегі күрес, батыл шаралар жасалмаса, Қазақстан тұрақты даму жолына түсе алмайды деп есептейміз, — дейді ол.
Кандидат ұсынғандардың арасынан мыналарды ерекше атап өте аламыз:
- Президент жоғары билік монополисі болуын доғарады: тек халықаралық жоғары өкілдік қызметтерін атқарып, билік органдары арасындағы теңгерімді қамтамасыз етіп, мемлекет қауіпсіздігіне жауап беріп отырады.
- Сенат таратылады, ал Мәжіліс заң шығаратын жалғыз билік органы болып қалады. Пікірдің бәрін ескеруіміз үшін депутаттар саны арттырылады;
- Үкіметті құру құқығы Мәжіліске беріледі. Президент жай ғана министрлер кабинетінің құрамын бекітеді.
- Мәжіліс құрамының 50%-ы партия тізімі бойынша, ал қалған 50%-ы бір мандаттық округтардан құрылады.
- Бюджет процедуралары жетілдіріледі. Әр елді мекенде өзіне тиесілі ашық бюджет жасақталып, нақты уақыт режимінде онлайн түрде мемлекет ақшасы қалай және қайда жұмсалып жатқаны ашық көрсетіліп отырады.
- Жемқорлық қылмыс жасағандар мерзімінен бұрын босату құқығынсыз барынша ұзақ мерзімге жазаланады.
- Олигархтар ел экономикасының тірегі болуын тоқтатады.
- Біз егжей-тегжейлі тексеру жүргізіп, ұрланып, оффшорға жасырылғанның бәрін елімізге қайтаруға міндеттіміз.
- Стратегиялық қор мен жер қойнауын бақылау үшін табиғи қазбаларды өндіру және экспорттау мен айналысатын салаларды бірте-бірте мемлекеттендіруге байқау жарияланады. Ұлттық өңдеуші өнеркәсіпке басымдық беріледі.
- "Самұрық-Қазына" ҰӘҚ монополист құрылымының орнына мемлекеттік салалық бірнеше холдинг құрылатын болады.
- Полиция қызметі толығымен реформаланып, бұдан былай қылмыстың алдын алу үшін жұмыс істейтін болады. Біз тұрмыстық зорлық-зомбылықты жоямыз, ұсақ есірткі курьерлерін қуалауды доғарып, ірі есірткі сатушылардыаңдып, ізін кесеміз, полиция кадрларын жаңартамыз.
- Қолжетімді ипотекаларды субсидиялау жалғастырылады, бірақ шарты өзгереді: жергілікті бюджеттер көмегімен әрі жергілікті мәслихаттың қадағалауымен іске асырылады.
Мейрам Қажыкен (61 жаста) — сайлауға “Аманат” кәсіподақтар бірлестігінің атынан түскен кандидат. Биыл Yntymaq партиясын құратынын жариялаған бастамашыл топтың жетекшісі. Бұрындары премьер-министр кеңесшісі, индустрия және сауда министрлігіндегі өндіріс және ғылыми-техникалық даму комитетінің төрағасы боп істеген.
Кандидаттың әлеуметтік желідегі парақшасынан алынған
Қажыкен "Игілік түбірі – ынтымақ" дейді өз бағдарламасында. Ондағы басты нысан — сәбиден егдеге дейінгі қабілетті, мәртебесі әртүрлі Адамдар: әйел немесе ер адам; дінге сенуші, агностик немесе атеист; жұмысы бар немесе жұмыссыз; ерекше қажеті бар адамдар немесе зейнеткер; жалдамалы жұмысшы немесе кәсіпкер.
Сол бір адамды дамыта, жағдайын жасай отырып елді де алға жетелеуге болады дейді саясаткер.
Ол мынадай тұжырымдарын ұсынды:
- Мәдениет арқылы толеранттық, азаматтылық пен патриотизм енгізіледі. Біртұтас Қазақстан халқын, онымен бірге біртұтас Қазақстан ұлтын қалыптастыратын түрлі этностардың мәдени дәстүрлерінің жанжалсыз қатар өмір сүруі және үйлесімді дамуы қамтамасыз етіледі.
- Заманауи адамды қалыптастыру үшін білім берудің барлық деңгейінің (мектепке дейінгі, мектеп, кәсіптік, жоғары білім және жоғары оқу орнынан кейінгі білім) сапасын арттыру қажет.
- Ауыл мектептерінің білім беру сапасын арттыру; балаларды отбасының әлеуметтік мәртебесіне қарап саралауға алғышарт болатын мектептерді қарапайым және элиталық деп бөлудің қалыптасқан тәжірибесін жою.
- Орталық буындағы органдардың функциялары едәуір қысқарады, тиісінше аймақтық деңгейдегі мемлекеттік басқару жүйесі дамиды, атап айтқанда олардың дербес шешім қабылдау құқықтары кеңейтіледі.
- Құқық қорғау органдары қызметінің заңды әрі ашық болғаны, сот билігінің тәуелсіздігі, мемлекеттік қызметшілердің заңды бұзу фактілерінің жариялылығы қамтамасыз етілетінін, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес күшейтілетінін және жазаның бұлтартпастығына қол жеткіземіз.
- Үкіметтік емес ұйымдардың дамуын қолдау, оларды өңірдегі мәселелерді шешуге, оның ішінде өңірлердің даму жоспарларын әзірлеуге және оларды жүзеге асыруға көмек беру;
- Мемлекет бұқаралық ақпарат құралдарының тәуелсіз болуына, "биліктің төртінші тармағы" деп аталуы үшін қажет нәрсенің бәрін жасайды.
- Мемлекет бұқаралық ақпарат құралдарының тәуелсіз болуына, "биліктің төртінші тармағы" деп аталуы үшін қажет нәрсенің бәрін жасайды.
- Ерекше нәрселер мұқтаж адамдарға кәсіптік бағдарлауда көмек көрсету, оқыту және кәсіпке даярлау үшін мүмкіндіктер беру, әлеуметтік қолдауды күшейту, сондай-ақ оларға қоғамнан орын табу үшін тең жағдайлар жасау.
Қасым-Жомарт Тоқаев (69 жаста) — Қазақстан президентін сайлауға партиялар мен түрлі бірлестіктен құралған халық коалициясы ұсынды.
akorda.kz
Мемлекет басшысы бағдарламасын “Әділетті Қазақстан”, “Әділетті экономика”, “Әділетті қоғам” деп үшке бөлген. Осы үш принципке сүйене отырып кандидат болашақта жаңа Қазақстан құрмақшы.
Біз "күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет" формуласы негізінде саяси жүйені жаңғыртуды жалғастырамыз, — дейді президент бағдарламасының басында.
Тоқаевтың “әділетті мемлекетінде”:
- сот төрелігі әділ, полициясы тиімді жұмыс істейді әрі сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жүргізіледі. Осы реформалар құқықтың шынайы үстемдігін қамтамасыз етеді, барлық азаматтың құқығы сақталады;
- азаматтардың құқығы мен бостандығын қорғайтын Конституциялық сот, Адам құқығы жөніндегі уәкіл, Бала құқықтары жөніндегі уәкіл сынды жаңа институттардың жұмысы күшейеді;
- партия тізімі мен бір мандатты округтер бойынша жаңа сайлау жүйесі негізінде құрылатын Парламент пен мәслихаттар қалыптасады;
- қала мен аудан әкімдерін тікелей сайлау арқылы жергілікті мемлекеттік басқару жүйесін қалыптасады;
- "Халық қатысатын бюджет" жобасын аудандық маңызы бар қала мен ауыл деңгейіне дейін кеңеймек;
- барлық судьяның мәртебесі тең болады;
- апелляция институтын реформаланады;
- азаматтарды қудалаудан бас тартуымыз керек, сондай-ақ қылмыстық қудалауға тап болған азаматтың құқықтарын қорғау күшейеді.
- 1 миллионнан астам ауыл тұрғынын қамтитын ауыл шаруашылығы кооперациясын дамытуға 1 триллион теңге бөлінеді.
- Суару алаңы екі есе артып, кемінде 2,2 миллион гектарға дейін жетеді;
- 3,5 мың шақырым суару каналдарын қайта жөнделеді;
- ұшақ билетінің бағасын төмендету үшін әуе нарығында нақты бәсекелестік құрылады
- 11 мың шақырым теміржол рельсі жөнделеді;
- "Достық – Мойынты", "Дарбаза – Мақтарал" теміржол желісі, Алматының айналма тармағы, Қытаймен "Бақты" теміржол өткелі іске қосылады.
- елді мекендердің бәріне су беру жүйесі жасақталады;
- IT-компанияларда кем дегенде 150 мың жаңа жұмыс орны ашылады;
- әлеуметтік осал топ санатындағы отбасының балалары балабақшада тегін тамақтанады және барлық бастауыш сынып оқушылары тегін ыстық тамақпен қамтамасыз етіледі;
- Робототехника, химия, биология және физика пәндеріне арналған кемінде 7000 заманауи кабинет ашылады.
- компьютері жоқ балаларға арналған жалға беру бағдарламасы іске қосылады, ал әлеуметтік осал отбасылардан шыққан оқушылар компьютерлерді ақысыз жалға алады;
- балаларға арналған 50 сауықтыру лагері ашылады, балалардың шығармашылық және зияткерлік әлеуетін дамыту үшін оқушылар сарайы, жас техник бекеттері, балалар технопаркі, музыка және өнер мектептері сынды кемінде 100 жаңа ірі нысан салынады.