Қазақстан азаматтарына БАӘ-де 217 жылжымайтын мүлік нысаны тиесілі – Мемлекеттік кірістер комитеті

Қаржы министрлігіне қарасты мемлекеттік кірістер комитеті Қазақстан азаматтарына Біріккен Араб Әмірліктерінде 217 жылжымайтын мүлік нысаны тиесілі екенін мәлімдеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Bes.media порталына cілтеме жасап хабарлайды.
Қазақстандықтардың шетелдегі активтері туралы ақпаратты салық органдары азаматтардың декларациялары арқылы және шетелдік ведомстволармен ақпарат алмасу нәтижесінде алады. Әңгіме екі түрлі декларация туралы болып отыр:
- 250-нысан (активтер мен міндеттемелер туралы декларация)
- 270-нысан (табыстар мен мүлік туралы декларация)
Комитеттің мәліметінше, 2025 жылға арналған 250.00 нысанындағы декларацияда декларанттар БАӘ аумағындағы 168 жылжымайтын мүлік нысанын көрсеткен. 2024 жылғы есепті кезеңге арналған 270.00 нысанында 49 нысан көрсетілген. Осылайша, 2024 жылғы 31 желтоқсандағы жағдай бойынша БАӘ-де орналасқан 217 жылжымайтын мүлік нысаны декларацияланған.
Айта кетейік, екі декларация да 2024 жылдың 31 желтоқсанындағы жағдай бойынша толтырылады. Бұған дейін Дубайдағы Fairmont The Palm қонақүйінің жанындағы тұрғын кешенде қазақстандықтарға тиесілі 97 пәтер бар деген ақпарат тараған еді. Бұл мәлімет қонақүй маңында дрон құлаған оқиғадан кейін жарияланған.
Мемлекеттік кірістер комитеті бұл пәтерлер бойынша жеке тексеріс жүргізілмегенін айтты. Комитеттің мәліметінше, "Fairmont The Palm тұрғын кешеніндегі 97 пәтер Қазақстан азаматтарына тиесілі екені туралы ақпарат жоқ. Осыған байланысты аталған тұлғалардың тізімі де жоқ және бұл деректер бойынша камеральдық бақылау жүргізілмеген. Бұған дейін бас прокуратураның активтерді қайтару қызметі де жарияланған ақпаратты тексеруге негіз жоқ екенін мәлімдеген. Ведомство өкілдері шетелде жылжымайтын мүлікке иелік ету өздігінен заң бұзушылық болып саналмайтынын түсіндірген.
270-нысанды декларацияда азаматтар шетелде тіркелген және өздеріне тиесілі жылжымайтын мүлікті көрсетуге міндетті. Сондай-ақ декларация сатып алынған мүліктің құны 20 000 айлық есептік көрсеткіштен (шамамен 86,5 миллион теңге) асқан жағдайда да тапсырылады. Егер азамат шетелдегі мүлкін немесе шетел банктеріндегі қаражатын декларацияда көрсетпесе, бұл заң бұзушылық болып есептеледі. Мұндай жағдайда 100 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл (шамамен 432,5 мың теңге) қарастырылған.
270-нысанды мына тұлғалар тапсырады:
- мемлекеттік қызметкерлер;
- мемлекеттік мекеме және квазимемлекеттік сектор қызметкерлері;
- бизнес иелері мен басшылары және олардың жұбайлары.
250-нысанды мына азаматтар тапсырады:
- мемлекеттік қызметке кандидаттар және олардың жұбайлары;
- жеке практикамен айналысатын тұлғалар (нотариустар, адвокаттар);
- қаржы нарығының ірі қатысушысы мәртебесіне үміткерлер;
- шетелде мүлкі, банктік шоты, цифрлық активтері немесе компанияларда үлесі бар Қазақстан азаматтары.
Редакция сондай-ақ Қаржы мониторингі агенттігіне сұрау жолдаған. Ведомство мәліметінше, соңғы үш жылда Қазақстан азаматтарының БАӘ-де жылжымайтын мүлік сатып алуына қатысты қылмыстық істер тіркелмеген.
"Соңғы үш жылда Қазақстан азаматтарының БАӘ-де жылжымайтын мүлік сатып алуына байланысты сотқа дейінгі тергеулер болған жоқ", – деп хабарлады.
Еске салайық, бұған дейін Иранның зымыраны түскен Дубайдағы ғимаратта қазақтардың 97 пәтері бар екенін жазған едік. Соққылардың бірі Дубай аумағындағы Fairmont The Palm резиденциясына тиген. Бір бөлігі қонақ үй, тағы екі ғимараты тұрғын үй. C4ADS ұйымының 2022 жылғы дерегі бойынша бұл резиденциядан қазақстандықтар 97 пәтер алған. Олардың кейбірі бұрын билікте лауазымды қызмет атқарғандардың туыстары екен.
Еміне 1,5 миллиард теңге қажет: Қазақстандық 7 жасар баланың бұлшықеттері әлсізденіп, жүруі қиындаған