Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Орамал таққан ұнайды": Желіде нан жайып танымал болған филиппіндік келін Қазақстандағы өмірі жайлы айтты

Филиппин қыз Лиана қазақ жігіті Нұрдәулетпен Мальдив аралдарында танысқан. Соңында сезімдері үлкен махаббатқа ұласып, отбасы құруға шешім қабылдаған. Осылайша қыздың қазақы дәстүрмен беті ашылып, некесі қиылды. Тіпті жас келін Қазақстанға келе сала бауырсақ пісіріп, ет асуды үйреніп алыпты. Желіде нан жайып танымал болған филиппин келінмен Stan.kz тілшісі сұхбаттасып қайтты. 

Жас жұбайлардың айтуынша, олар бастапқы екі жыл бойы Мальдивте бірге жұмыс істеген. Достықтан басталған ара қатынастары махаббатқа ұласыпты. Артынша жігіт сүйіктісіне үйленуге ұсыныс жасап, ата-анасымен кездескен. Олардың ақ батасын алғаннан кейін филиппін қызды Қазақстанға келін ретінде алып келіпті. 

“Екеуміздің таныстығымыз өте қызық. Алдыңғы жылы ата-анамды Мальдив аралдарына апарып, қыдыртқан едім. Жұбайымды мейрамхананың алдында кездестіріп, жанына барып таныстым. Ата-анама “осы қызды келін етіп әкелсем, не істейсіздер” деп қалжыңдаған едім. Періште “әумин” деген шығар, қазір келіншегім болып жанымда отыр. Сөздің құдіреті шексіз ғой. Қазір ата-анама сіздер таңдап берген келін деп әзілдеймін”, – дейді Нұрдәулет.

Лиананың айтуынша, оған қазақтың ұлттық тағамдары ұнаған. Тіпті қазақша сөйлеуді үйреніп жүрген көрінеді. 

“Мен күнде орамал тағамын. Маған ұнайды. Қамыр жайып, тоқаш пісіріп үйрендім. Анам көмектеседі. Келгеніме бір ай болды, қазақша елу сөз үйреніп алдым. Маған ауа райына үйрену қиын болып жатыр. Елімде күн ыстық болатындықтан, суыққа үйренбей, сәл ауырып қалдым. Қыс мезгілін, қарды алғаш рет көремін деп қатты қобалжып жүрмін”, – дейді Лиана.

Нұрдәулеттің айтуынша, қазақы дәстүрмен беташар жасалған. Отбасы енді келесі жылы құдаларды күтуге дайындалып жатыр.

“Беташарда дәстүрді қорлап, білместік танытамын ба деп қорықты. Бірақ мен барлығын ертерек айтып, түсіндіргенмін. Адамдар өте көп болды. Өзі соған дайын болмады. Қазір бәрі жақсы. Ауа райына бейімделіп, тіл үйреніп жүр. Әзірше елде қаламыз. Ата-анамыз жылы қабылдады”, – дейді ол.

Бірақ филиппин қызының келін болуына жігіттің туысқандары қарсы болыпты. “Қазақтан қыз таппадың ба?” деп сөккен көрінеді.

“Мен оларға жауап бермеймін. Әркімнің өз таңдауы, бағыты бар. Маған бұйырғаны – осы”, – деп жауап берді.

Лиана “Қайырлы күн”, “рақмет”, “дәмді”, “мұрын”, “қайдасың”, “оқасы жоқ”, “жиырма мың”,  “кеттік”, “орамал”, “қамыр жаю”, “қарбыз” және тағы басқа қазақша сөздерді жаттап алған. 

Сұхбаттың толық нұсқасын YouTube арнамыздан көріңіздер

 

Талқылау