Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақ неге жеті атаға дейін қыз алыспайды?

Қазақта жеті атасына дейін туыстық қатынасы болмаған, ана сүті араласпаған жастарға – үйленуге жол ашық. Бірақ “Жеті атаға толмай қыз алыспау” – шарт.

Бұл туралы informburo.kz жазады.

Тіптен, үйленетін азамат қалыңдықты жеті таудан асып, жеті өзеннен өтіп тапса, ерлік саналған. Міне бұл – ұрпақ саулығын, қан тазалығын, тектілікті сақтаудың ең ұлы әрі ең сенімді жолы ретінде әлемде мойындалды.

Жеті атаға толмай қыз алыспау – ата-бабамыздан бері келе жатқан қатаң құқықтық заң-ереже. Дүниеге келер ұрпақтың қанының тазалығы мен денінің саулығын сақтау мақсатында жеті атаға дейін қан араластырмау шарты – бағзы заманнан иниститут болып қалыптасты. Бұл – физологиялық және психологиялық ауытқуды және ауруды тудыратын генетикалық өзгерістердің алдын алу үшін жасалған сақтық шарасы.

“Жеті Жарғы” – қазақ халқының өмір сүру ортасы мен тарихи танымына сай жасалған дала заңы. Қазақ ханы әз Тәуке “Қасым ханның қасқа жолы” мен “Есім ханның ескі жолын” жетілдіріп, сол негізде “Жеті жарғы” заңдар жинағын жарыққа шығарды. Бұл – Тәукенің жеті жарғысы деген атпен тарихқа қалды.

Жеті жарғының некелік қатынастар туралы бабында балиғатқа толумен қатар, екінші шарт – бұл болашақ жұбайлардың жеті атаға дейін туыстық қатынаста болмауы талап етілген. Онда балиғат жасы он үш болып белгіленген.

«Әрине, бұл жағдай екі жастың өзара махаббатынан туындайтыны белгілі. Мұндай кезде ауыл ақсақалдары мен билері ақылдасқан. Егер екі жастың туыстық байланысы жеті атаға толса, жеті рудан билер мен ақсақалдарды жинап, “Ақсарбас” айтып, мал сойып, батасын беретін болған. Сонымен бірге жаңа шыққан руға ру атын, ен-таңбасын, аруақ-ұранын белгілеп берген. Міне осы баталасудан кейін бұл екі ру бір-бірінен қыз алысатын болыпты», – дейді этнограф, жазушы Байахмет Жұмабай.

Жеті атаға жетпей қосылғандарға қолданылған жазалар әр түрлі болған. Олар – теріс бата, тас ату, үстінен мал айдау, елден аластау, асаудың құйрығына тағу.

Жеті атаға толмай қосылған жастардың мәселесін ру басшылары мен ақсақалдарының жиналысы шешіп отырған. Алдымен 3-тен 5 ретке дейін ескерту жасаған. Егер екі жас ақсақалдардың, әке-шешенің шешіміне қарамай үйленсе, қашып кетсе ең алдымен “теріс бата” берген. Сонымен бірге қайда қашып кетсе де тауып алып, жазалап, тіпті, өлтіріп отырған.

Себебі бұл – бүкіл рудың ар-намысына дақ түсіріп, қара бет қылатын, ата-бабаның салт-дәстүріне қиянат келтіретін ауыр қылмыстардың бірі ретінде тарихқа қалды.

Теріс бата – әке-шешесі, не қатты назары түскен ақсақал не ана алақанын теріс қаратып жайып, лағнет айтып, қарғыс дұғасын оқыған.

Мұндайдан елді шектеп, халыққа үлгі ету үшін “тас ату” арқылы да қия басқандарды жазалап отырған. Онда әр үйден бір адамнан шығып, бір кесек тасты елді қара бет еткен қылмыскерге атқан. Бұл діни жазалау түріне ұқсап кетеді.

Кейде төрт жаққа керіп, жерге жатқызып байлап қойып, үстінен қоралы қойды арлы-берлі өткізу арқылы малдың тұяғына таптатып өлтірген.

Елден аластау – кейде осындай ауыр қылмыс жасаған екі жасты байлап, елден алыс жерге апарып, тентіретіп қоя берген. Өлтірмеген.

Бұдан тыс асау жылқының құйрығына тағып, сүйретіп жіберген жағдайлар да болыпты.

Кейбір ғашықтық жырлары “Жеті атадан қыз алыспау” заңынан соң туындаған. Бұл туралы “Қалқаман – Мамыр” ғашықтық жырын мысалға айтуға болады. Онда Қалқаман мен Мамырдың араларындағы туыстық қатынас жеті атаға толмағандықтан ақсақалдар жағынан үйленуге шек қойылады. Сонымен ғашықтардың арасында трагедия туғаны белгілі. Сол себепті Мамырды туыстары атып тастаған – міне бұдан қазақтың жеті ата қағидасының өте қатал заң екенін көруге болады.

Жастардың өзара ру сұрасуын жаман әдет деп айта алмаймыз. Осы арқылы өз тектерін біледі әрі танысқан қыз-жігіт ара туыстық байланыстың алыс-жақындығын да айырады. Міне бұл жастардың тіл табысып, өзара сөз байласуына ықпал етеді.

Қазір де көптеген азаматтар өз руластарын жақын туысы ретінде қарап, көмектеседі. Сондықтан “у ішсең руыңмен” деген осыдан қалса керек. Бұл жерде әр адам өз туыстары алдында белгілі жауапкершілік арқалайтынын көреміз.

Қазір 10-15 атаға дейін қыз алыспайтын рулар көп. Әрине олардың ішінде де бірен-саран жолдан тайғандары да бар шығар. Бірақ бұл –көбіне амалсыз жағдай.

Тағы бір жағынан осы заманғы медицинаның дамуы – жеті атаға толмай қыз алысудың ұрпақ саулығына үлкен зиян екенін дәлелдегеннен кейін де болып отыруы мүмкін. Мысалы, тәжік, өзбек елдері туыстарының бір-бірімен үйленуін қанша тиым салса да тоқтата алар емес.

Бір еркектің ұрығын бір топ қызға салу – “жеті атаға дейін қыз алыспау” қағидасына қайшы. Белсіздіктен не бедеуліктен сәби сүйе алмаған жас отбасылар мен тұрмысқа шыға алмаған қыздар ақыры осы жолды таңдайды. Мұның Қазақстанда да белең ала бастағаны жасырын емес. Алайда бұл жерде қазақтардың не нәрсеге көңіл бөлгені дұрыс?

Мысалы, бір еркектің ұрығын 20 қызға салса, сол 20 қыздан туған баланың әкесі бір адам болады. Ал сол 20 бала өз әкесін білмесе, тіптен есейгенде бір-бірімен үйленсе не болмақ? Одан да сорақысы, сол ұрығы алынған бейтаныс еркек – жауыз, қанышер, малғұн, яғни тегі жаман болса ше?

Мүмкін қазаққа текті ұрпақты тарату үшін және “жеті атадан қыз алыспау қағидасын” сақтау үшін ұрық тапсырғандарға руын, жеті атасын білу, жазу шарт деп Заңға енгізу керек шығар?

Не бұл белсіздікті, баласыздықты шешу барысында, яғни әйелге ұрық салу барысында күйеуінің тіке туыстарымен келісе отырып, туысқандық қатынасы бар адамның ұрығын алу керек. Бұл – қандық текті жалғаудың бір түрі ретінде қалар еді.

Жаһандаудың дауылы бүкіл әлемдегі көптеген құндылықтың шаңын қағып, аласапыранға айналдырғанын халық барған сайын сезінуде. Алайда ата-бабамыздан келе жатқан ұрпақ қорғаны – ұлттық әдет-ғұрпымыздың ұлылығын барған сайын сезіне бастадық. Сол ұрпағымыздың қамын ойлаған ата-бабамыздың көрегендігіне күллі әлем таңданды.

Әбу-Нәсір Әл-Фараби, Өтейбойдақ Тілеуқабылұлы, Жүсіп Баласағұни сынды ұлы ғалымдарымыз, Есімхан, Қасымхан, Әз Тәуке сынды хандарымыз, Әйтеке, Төле, Қазбек сынды шешен билеріміз парасаттың пайымы болған ғажап рухани мұра қалдырды.

Әне сол ең ұлы мұраның бірі – Жеті атаға дейін қыз алыспау дәстүрі. Бұның ұрпағымыздың саулығын сақтап тұрған алтын тіреу екеніне күмән жоқ.

Оқи отырыңыз:

Қазақтың әмеңгерлік дәстүрі жайлы не білеміз: Дінімізде оған қарсылық жоқ па?

Қазақ дәстүрі: Халқымыз не себепті кей қызын еркекшора қылып өсірген

Қазақ дәстүрі бойынша әйелдердің сәлемдесу тәртібі

Амандасу әдебі: Қазақ қалай амандасқан?

Талқылау