Қайрат Нұртастың үстінен іс қозғалды: Ол ұшақта жанжал шығарған
Отандық шоу-бизнес өкілі, әнші Қайрат Нұртастың басы тағы да дауға қалды. Көліктегі полиция департаментінің хабарлауынша, қазақстандық эстрада жұлдызы ұшақта бұзақылық жасаған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: https://www.instagram.com/kair_n/
Желіде өнер иесінің үстінен іс қозғалды деген ақпарат тараған еді. Бұл деректі Көліктегі полиция департаменті де растады.
“Алматы-Астана” әуе рейсінің бортында ұсақ бұзақылық және денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтіру фактісі бойынша әкімшілік іс қозғалды және материалдар қарау үшін сотқа жіберілді", – делінген ресми ақпаратта.
"Астананың әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотына ӘҚБтК-нің 434-бабы 2-бөлігі ("Жыл ішінде қайталап жасалған ұсақ бұзақылық") және ӘҚБтК-нің 73-бабы 1-1-бөлігі ("Денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтіру") бойынша Қ.А-ға қатысты екі материал келіп түсті", – деп пікір берді Tengrinews.kz-ке Жоғарғы сот.
Өнер иесі ұшақта төбелес шығарып, жәбірленуші Асылбек Бекқайыров есімді жолаушыға күш көрсеткен. Салдарынан әуе кемесінің командирі полицияның көмегіне жүгінуге мәжбүр болған. Құқық қорғау органдарының қызметкерлері екі адамды да бөлімшеге алып кетті. Онда әншіге екі әкімшілік құқық бұзушылық рәсімделді: денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтіру және қайта жасалған ұсақ бұзақылық. Жәбірленушіге де хаттама толтырылды. Екі құқық бұзушылық үшін әнші 30 тәулікке дейін әкімшілік қамауға алынды.
Баптың санкциясы бойынша тағайындалатын жаза түрлері: айыппұл, қоғамдық жұмыстар, шектеулер. Тіпті 5 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы да қарастырылған.
Айта кетейік, осыдан бір апта бұрын әзілкеш, актер Тұрсынбек Қабатовтың үстінен де қылмыстық іс қозғалған еді.
“Сотта ол бордсеріктің нашар қызметіне көңілі толмайтынын айтып, оларға өз ескертуін білдірген. Ол өзінің әдепсіз сөз айтқаны немесе айтпағаны есінде жоқ екенін алға тартқан, бірақ қоғамдық тәртіпті бұзғаны үшін кешірім сұраған. Әзілкеш 5 тәулікке қамалды” – делінген ресми ақпаратта.