Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қайрат Нұртастың әкесі Тоқаевқа бейнеүндеу жолдап, Air Astana әуе қызметіне шағымданды

Танымал хитмен Қайрат Нұртастың әкесі Нұртас Айдарбеков Қасым-Жомарт Тоқаевқа бейне үндеу жолдады. Ол әуе компанияларының қызметін жиі қолданатынын алға тартып, рейстің кешігуіне қатысты наразалығын білдірді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

“Құрметті Қасым-Жомарт Кемелұлы, менің сізге қоятын сұрағым бар. Қазақстандағы авиакомпаниялар біздің еліміздің заңына бағына ма, әлде олар тәуелсіз компаниялар ма? Мен білгім келеді. Бұл сауалды қоюымның себебі: мен әуе компания қызметін жиі қолданамын. Бұл бірінші рет емес. Мысалы, 10 тамыздан 11 тамызға қараған түні сағат 1:50 кеткенде Астанадан Алматыға ұшатын Air Astana әуе қызметінің ұшағы таңғы бестен асқанда орнынан әрең қозғалды. Ұшақтың кешігетіні жайлы ескерту айтып, жағдайды түсіндірген ешкім болмады. Мен жолымнан қалып отырмын. Осыған кім жауап береді? Әлде олар сіздің талап-тапсырмаларыңызды ескермейді ме? “Қарнымның ашқанына емес, қадірімнің қашқанына” ренжідім дегендей жай халықты елемегені ғой”, – дейді Нұртас Айдарбеков.

Президентке жолданған бейнеүндеудің астына Нұртас Айдарбековтің кенже ұлы Заңғар мен екінші келіні Әйгерім Air Astana әуе қызметінің әлеуметтік желідегі ресми парақшасын белгілеп кетті. Араға уақыт салып, отандық әуе компаниясы болған келеңсіз жағдайға түсініктеме беріп, жолаушылардан кешірім сұрады.

“Сәлеметсіз бе! Қолайсыздық келтіргеніміз үшін кешірім сұраймыз. Сіздің рейс техникалық себептерге байланысты кешіктірілді. Біз қауіпсіздікке үлкен жауапкершілікпен қараймыз. Сондықтан ұшақтың ұшуға дайын екеніне көз жеткізгеннен кейін ғана ұшырамыз. Рейстің тоқтатылған немесе кешіккен жағдайда тасымалдаушының жолаушы алдындағы жауапкершілігі Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасында, атап айтқанда, "Қазақстан Республикасының әуе кеңістігін пайдалану және авиация қызметі туралы" Заңның 86-бабында көрсетілген. Әуекомпания жолаушылар алдындағы жауапкершілікті толығымен түсінеді және ақшаны қайтару мәселесін қарастыруға дайын. Қызмет сапасын жақсарту мақсатында немесе ақшаңызды қайтару үшін, help.airastana.com сайтында өтініш қалдыруыңызды сұраймыз”, – деп жазды әуе компаниясының баспасөз қызметі. 

 

Талқылау