Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Каспий теңізіндегі итбалықтар неге қырылып жатқанын министр түсіндірді

Экология және табиғи ресурстар министрі Каспийдегі итбалықтардың неге жаппай қырылып жатқанын түсіндірді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Министр Зульфия Сүлейменова итбалықтар саны неге азайып жатқанына жауап берді. Оның айтуынша, өткен жылы өлген жануарлардан екі вирус анықталды, соның бірі – құс тұмауы.

"Итбалықтар популяциясына қатысты белгілі бір мәселелер бар. Біріншіден, итбалықтар арасында вирустар таралған. Өкінішке қарай, жабайы жануарларға вакцина салуға мүмкіндік жоқ. Өлекселерінің ыдырауы қай кезеңде басталғаны, өлімнің себебі неде екені анықталуда", – деді министр.

Министрдің айтуынша, азаюының себептері итбалықтардың көші-қон жолдарының өзгеруі және браконьерлік.

"Жалпы популяцияға қатысты ғылыми қоғамдастықпен бірлесіп есепке алу әдістемесін жаңарту мәселесін пысықтау қажет, өйткені қазір олардың саны туралы бірыңғай түсінік жоқ. Қолданбалы экология агенттігі ұсынған деректе олардың саны 300-ден 380 мыңға дейін жетеді, ал биология және экология институты, басқа институттар 100 мыңнан аспайды деген есептеулер береді", –  деп түсіндірді ол.

Сүлейменова жануарлардың өліміне көбінесе адами факторы себеп болатынын атап өтті.

"Өткен жылы мұнай компанияларымен байланыс болған жоқ. Балық аулау торларының саны өте көп. Мұнайдың кесірінен деуге әзірге негіз жоқ. Қазір вирустар бойынша сынамалар алынды, нәтижелер болған соң хабарлаймыз", – деп түйіндеді ол.

Естеріңізге салсақ, осыған дейін Каспий теңізінің маңынан ондаған итбалық пен балықтың өлекселері табылғаны хабарланды.   

Талқылау