Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына жолдауының толық мәтіні жарияланды
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бүгін, 16 наурыз күні Қазақстан халқына жолдауын жариялады. Stan.kz жолдаудың толық мәтінін назарларыңызға ұсынады.
Қымбатты отандастар!
Қадірлі қауым!
Бүгінгі Жолдаудың мән-маңызы айрықша. Оның арқалайтын жүгі бір жылмен шектелмейді, ауқымы кең, мазмұны да бөлек. Біз алдымызға биік мақсаттар қойып отырмыз. Өздеріңізбен бірге Жаңа Қазақстанды құруға кірістік.
Баршаңызға мәлім, былтыр егемендіктің маңызды белесіне жеттік. Тарихи өлшеммен қарағанда 30 жыл тым көп уақыт емес. Халқымыз Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың басшылығымен осы кезеңде ауқымды жұмыс атқарды, көптеген табыстарға қол жеткізді.
Алайда, береке-бірлігімізді сақтамасақ, жетістіктеріміздің бәрінен айырылып қалуымыз мүмкін. Қаңтардағы дүрбелең кезінде бұған көзіміз анық жетті. Бұл оқиғалар бүкіл қоғамды дүр сілкіндірді. Халқымыз бұрын-соңды болмаған қауіп-қатермен бетпе-бет келді. Мемлекетіміздің тұтастығына және егемендігімізге зор қауіп төнді. Осы күндерде жұртымыз Тәуелсіздіктің қадір-қасиетін жан-жүрегімен сезінді. Татулық пен тұрақтылық, тыныштық пен бейбітшілік қаншалықты маңызды екенін жете түсінді.
Біз мызғымас бірліктің арқасында мемлекетімізді қорғап қалдық. Уақтылы және батыл шешім қабылдап, лаңкестерге тойтарыс бердік.
Мен қашанда бәрін ашық айтып жүрмін.
Індет кезінде қалыптасқан ахуал жөнінде жұртшылыққа үнемі ақпарат беріп отырдым. Кешегі қатерлі күндерде Мемлекет басшысы ретінде халыққа арнап бірнеше үндеу жасадым. Барлық жағдайды азаматтарымызға жан-жақты түсіндіріп, жеткіздім. Әрбір шешімді еліміздің мүддесіне сай қабылдадым. Бұл – мен үшін бұлжымас ұстаным.
Өкінішке қарай, бүлікшілердің, қарақшылардың, лаңкестердің кесірінен қаншама азаматымыз қаза болды. Мен қара жамылған отбасылардың қайғысына ортақтасып, тағы да көңіл айтамын. Біз мұндай жағдай енді ешқашан қайталанбауы үшін бәрін жасаймыз.
Қазақта "Өткен күннен алыс жоқ, келер күннен жақын жоқ" деген сөз бар. Біздің парызымыз – қанды қылмыс жасалғанын ұмытпай, барлық содырлар мен лаңкестерді жазаға тарту. Халқымыз осы оқиғадан сабақ ала білуі керек. Елдің тыныштығын бұзып, қауіпсіздігіне нұқсан келтіретін әрекетке ешқашан жол бермеуге тиіспіз.
Ашығын айтсақ, қазір қоғамда түрлі қауесет тарауда. Бұл ахуал жалған түсінік қалыптастырып, елді адастырады. Сондықтан өткен оқиғалар туралы нақты мәліметті жариялап, оған баға беру өте маңызды. Тіпті, қасиетті парызымыз деуге болады. Жұрт оның астарына үңіліп, себебін терең түсінуі қажет.
Күні кеше ғана Парламент қабырғасында арнайы тыңдау өтті. Онда құқық қорғау органдары тергеу қорытындылары туралы толық есеп берді. Турасын айтқанда, мұндай кең ауқымды талқылау ешқашан болмаған. Депутаттарға және бұқаралық ақпарат құралдарына бәрі ашық айтылды. Қоғамды мазалаған сұрақтарға жауап берілді. Бұл қаңтар оқиғасына әділ баға беруге, ең алдымен, биліктің мүдделі екенін көрсетеді. Мен мұны толық қолдаймын, біз ақиқатты айтуымыз керек. Бұл – менің жеке қағидатым.
Қазір тергеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Осы мәселемен арнайы Мекемеаралық шұғыл тергеу тобы айналысуда. Құқық қорғау органдарына жасалып жатқан жұмыс нәтижесін үнемі жариялап отыруды тапсырамын.
Қасіретті қаңтар оқиғалары мен одан кейінгі төтенше жағдай кезінде түрлі құқық бұзушылықтар жасағаны үшін екі мыңға жуық адам ұсталды. Мен сол кезде Бас прокуратураға олардың қандай кінәсі барын анықтауды және ауыр қылмысы болмаса, жазасын жеңілдетуді тапсырдым. Соның нәтижесінде көптеген азаматтар қамаудан босатылды.
Ал, нағыз қылмыс жасаған адамдар заң алдында толығымен жауап береді. Басқаша әрекет ету, яғни, қосақ арасында бедел жинау үшін байбалам салып жүргендер мен арандатушыларға жеңілдік жасау – жазықсыз құрбан болған жандардың аруағын сыйламау деген сөз.
Бірнеше жүз адамның үстінен қылмыстық іс қозғалды. Біз құқық қорғау органдарының қызметкерлері ұсталған адамдарды тергеу барысында тыйым салынған тәсілдерді қолданғаны, тіпті оларды азаптағаны туралы фактілер болғанын ашық айттық. Орта ғасырлардан қалған осындай жабайылық кез-келген өркениетті қоғамның қағидаттарына қайшы келеді. Бұл біз үшін де мүлде жат қылық. Мұндай сорақы оқиғалар болғаны жайлы айтыла бастаған сәтте-ақ, мен оны мұқият тексеруді тапсырдым.
Сонымен бірге Адам құқықтары жөніндегі уәкіл алғашқы күндерден жұмысқа белсене араласты. Құқық қорғаумен айналысатын азаматтар мен Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшелері оқшаулау орындарына кедергісіз кіріп, қаңтар оқиғасына қатысушылардың қамаудағы жай-күйімен танысты, олардың шағымдарын қарады.
Омбудсмен және беделді заңгерлер жетекшілік ететін тәуелсіз қоғамдық комиссиялар прокуратура органдарымен тығыз жұмыс істеді, пікірлерін ашық айтып, өз ұстанымдарын қорғады. Мұндай жұмыс тәсілі тергеу үдерісінің ашық және демократиялы екенін көрсетті, әрбір өтініш пен арыз-шағымды жеке-жеке қарауға мүмкіндік берді. Соның нәтижесінде заңға қайшы үкім шығару ықтималдығы едәуір азайды.
Азаматтық қоғам мен құзырлы органдар осылай ашық ынтымақтастық орнататын тәжірибе біздің елімізде берік орнығуға тиіс.
Осы мүмкіндікті пайдаланып, қоғам белсенділері мен заңгерлерге азаматтық ұстанымы және біліктілігі үшін ризашылығымды білдіремін.
Қазір алдын-ала қорытындылар дайын. Біз теріс пиғылды адамдардың мемлекеттік төңкеріс жасамақ болғанын нақты білеміз. Осы ретте, бүлікшілер не үшін мұндай қадамға барды деген сұрақ туындайды. Жауабы – айдан анық.
Соңғы жылдары біз Қазақстанды түбегейлі жаңғыртуға, трансформациялауға көштік. Түрлі салада ауқымды өзгерістер басталды. Бұл кейбір ықпалды адамдарға ұнамады. Олар жылдар бойғы заңсыз әрекеттерін одан әрі жалғастыра беруді көздеді. Неғұрлым жоғары билікке ие болуды көкседі. Сол үшін кәнігі қылмыскерлер, қарулы бандылар мен опасыз шенеуніктер бірігіп, астыртын топ құрды.
Ішкі және сыртқы жауларымыз өзара ымыраласып, билікті басып алғысы келді. Олар халықтың наразылық шеруін басқа арнаға бұрып, жұртты қасақана арандатты. Лаңкестер мемлекеттік органдарға, стратегиялық нысандар мен бизнеске тиесілі ғимараттарға шабуыл жасады. Билікке күйе жағу үшін бейбіт тұрғындарға оқ атты.
Осының бәрін шетелдегі радикалды күштер өз мақсатына пайдаланғысы келді. Олар Қазақстанды қақтығыс алаңына айналдырып, елге ойран салмақ болды. Бейбіт өміріміздің тас-талқанын шығаруды жоспарлады. Президентті биліктен кетіргісі келді.
Шын мәнінде, бұл мемлекеттілігімізге төнген аса қауіпті сын-қатер болды. Бірақ, қастандық жасаушылардың арам пиғылы іске аспады. Мен ең қиын сәтте, қандай жағдай болса да, ақырына дейін халқыммен бірге боламын деп ашық айттым.
Бабаларымыз "Іштен шыққан жау жаман" деп бекер айтпаған.
Төңкеріс жасауға ұмтылғандардың арасында белгілі адамдар болды.
Жоғары лауазым иелері мемлекетке сатқындық жасады. Опасыздардың ішінде әскери және арнаулы органдардың басшылары да бар. Олар Күштік құрылымдардың заңға сәйкес қимылдауына кедергі келтірді. Мемлекет басшылығына қалалардағы ахуал туралы жалған ақпарат берді. Тіпті, арнайы үкіметтік және басқа да байланыс арналарын өз бақылауына алды. Бір сөзбен айтсақ, олар елді ыдырату үшін ойларына келген барлық тәсілді қолданды.
Соның салдарынан Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымынан көмек сұрауға мәжбүр болдық. Бұл қадам ішкі және халықаралық нормаларға сай жүзеге асырылды. Бітімгершілік күштері елімізде бір де бір оқ атқан жоқ. Стратегиялық маңызы бар нысандардың қауіпсіздігін ғана қамтамасыз етті. Бұған алдын-ала жасалған келісімнің нәтижесінде қол жеткіздік. Жағдай тұрақтанған соң, екі аптадан кейін олар Қазақстаннан толық шығарылды.
Бұл – көптарапты қарулы контингент, оның құрамында Қазақстан да бар. Бітімгершілік миссиясының маңызды рөлін жоққа шығаруға болмайды. Бірақ, түптеп келгенде, біз содырларды өз күшімізбен жеңдік.
Осы орайда, бір мәселеге жеке тоқталғым келеді. Сатқындардың опасыздығы құқық қорғау органдарының беделіне нұқсан келтірмеуге тиіс. Онда қызмет ететін азаматтар да – өз бауырларымыз. Олар елмен бірге екенін, туған халқы үшін қасық қаны қалғанша күресетінін дәлелдеді. Отан алдындағы антына адал болып, мемлекетімізді жанқиярлықпен қорғады. Мен сын сағатта қатерге қаймықпай қарсы тұрған тәртіп сақшыларына ризашылық білдіремін.
Сондай-ақ, азаматтарымыз ерікті түрде өз ішінен жасақ құрып, қоғамдық тәртіпті сақтауға атсалысты. Жауапты сәтте бірлік пен жанашырлықтың бірегей үлгісін көрсеткен барша азаматтарға алғыс айтамын.
Осы күндерде халқымыз кез-келген қауіп-қатерді жеңе алатын біртұтас ел екенін танытты. Отаншылдық рухының арқасында қасиетті Тәуелсіздігімізді сақтап қалды.
Шын мәнінде, қаңтар оқиғалары мемлекеттілігіміз үшін зор сынақ болды. Біз жардың шетінде тұрдық. Бір қадамды қате жасасақ немесе батыл әрекет етпесек, мемлекетіміз құрдымға кететін еді.
Күштік құрылымдар мен олардың сыбайластарының өзара ымыраласуына қатысты іс бойынша тергеу құпия жағдайда қарқынды жүргізіліп жатыр. Алдымызда куәгерлерден жауап алу, сараптама жасау және түрлі мәліметтерді зерделеу сияқты қыруар жұмыс бар.
Бір нәрсені нақты айта аламын: қаскөйлер мұқият ойластырылған ауқымды операция жасады. Олар халқымыздың және шетел қоғамдастығының алдында мемлекеттің жоғары басшылығының абыройын төгіп, биліктен тайдыруды көкседі. Кәсіби дайындықтан өткен содырларды өз мақсатына жету үшін еш қымсынбастан пайдаланды. Оларға еліміздің ең ірі шаһары – Алматыны күл талқан етуді, жұртты әбден үрейлендіріп, дүниеден біржола түңілдіруді, елдегі ахуалдың быт-шытын шығарып, бей-берекет қылуды тапсырды.
Сондықтан кімнің қандай лауазым иеленіп отырғанына, қоғамдағы орны қандай екеніне қарамастан осы қайғылы оқиғаларға кінәлі адамдар түгелдей лайықты жазасын алатынына уәде беремін.
Сол күндері қатаң әрі шұғыл шара қабылдаудан басқа амал қалған жоқ. Мен ең шешуші сәттерде елім үшін қолымнан келгеннің бәрін жасадым. Бұл – менің президенттік әрі перзенттік борышым.
Құрметті депутаттар!
Халыққа қажетті реформаларды жүзеге асыру – менің Мемлекет басшысы ретіндегі басты міндетім. Саяси жаңғыру болмаса, елімізді орнықты дамыту, ауқымды әлеуметтік-экономикалық өзгеріс жасау мүмкін емес. Бұл – анық нәрсе. Біз екі жарым жылдың ішінде осы бағытта нақты нәтижеге қол жеткіздік.
Мен осыған дейін саяси реформалардың төрт топтамасын ұсындым. Соның аясында қоғамды одан әрі демократияландыруға бағытталған бірқатар маңызды бастама жүзеге асты.
Тек саясат саласының өзінде оннан астам заң қабылданғанына қарап, қоғамда болып жатқан оң өзгерістердің ауқымы қандай екенін бағамдауға болады. Мысалы, бейбіт жиналыстар туралы жаңа, демократиялық заңды алайық.
Бұл құжат белсенді азаматтарға, оның ішінде оппозициялық көзқарастағы қоғам белсенділеріне еш кедергісіз шеру өткізуіне, сол жерде ой-пікірлерін емін-еркін айтуына мүмкіндік берді. Бұл жаңашылдық елімізде жаңа саяси мәдениеттің тамыр жаюына, қоғамдағы өзара жауапкершілік пен сенімнің артуына жол ашты. Дегенмен, жұртты арандатқысы келетін кейбір белсенділер демократиялық сипаттағы осы заңның өзіне бағынбау, тіпті оны бұзу керек деп санайды.
Мен бұдан былай ешқандай жұмсақтық көрсетпейтінімізді мәлімдеймін. Басқа да заңдар сияқты бұл заңның талаптары да мүлтіксіз орындалуға тиіс.
Бәзбіреулердің жауапсыздығы мен бейбастақ әрекеттері заңды сыйлайтын азаматтарымыз үшін тым қымбатқа түсті. Заң бәріне ортақ, оған биліктегі азаматтар да, қоғам белсенділері де бірдей бағынуға тиіс.
Саяси өзгерістер азаматтардың жергілікті өзін-өзі басқару ісінен бастап, жалпыұлттық сипаттағы мәселелерге дейін, яғни барлық деңгейде шешім қабылдауға дайын екенін көрсетті.
Саяси трансформация бүкіл салада тамыр-таныстық пен монополияны түбірімен жойып, адал әрі әділ "ойын ережесін" қалыптастыруды көздейді. Бірақ, осы ниет пен жұмыс қарқыны жұрттың бәріне бірдей ұнай бермейтіні анық.
Бәрін де бармақ басты, көз қыстымен шешіп үйренген адамдар бұған дейінгі артықшылықтары мен табыс көздерін жоғалтып алудан зәре-құты қалмай қорқуда. Олар біздің мемлекеттілігіміздің тұғырын шайқалту үшін дереу іске кірісу қажет деп шешті. Тіпті, өз халқына қарсы шықты деуге болады.
Қасіретті қаңтар күндерінен кейін көптеген адамдар "бәрі кері кетеді, билік жаңғыру қарқынын бәсеңдетіп, аяғын аңдап басатын болады" деп санады. Бірақ, біз алған бетімізден қайтпаймыз. Керісінше, қоғамның барлық саласында жасалып жатқан жүйелі өзгерістердің қарқынын үдете түсеміз.
Мен бүгін ұсынып отырған бастамалар қаңтар оқиғаларынан әлдеқайда бұрын мұқият ойластырылып, пысықталған. Ашығын айтайын, маған "асықпайық, заман жақсарғанға дейін бұл жоспарды қоя тұрайық" деп ақыл қосқан сарапшылар мен мемлекеттік қызметшілер де болды. Олар қазіргі ахуалды өз мүддемізге пайдалануға мүмкіндік туып тұрса, жүйені өзгертудің не қажеті бар деді.
Енді біреулер геосаяси ахуал қатты шиеленісіп тұрған кезде елді "горбачевтік қайта құрудағы" сияқты берекесіздік жайлап, көше демократиясы белең алып кете ме деген орынды қауіптерін айтты. Бірақ, мен елімізге түбегейлі реформалар қажет екеніне бек сенімдімін. Әйтпесе, тоқырауға тап боламыз. Біз оның салдары мемлекетті қалай күйрететінін тарих қойнауына кеткеніне көп бола қоймаған кеңес тарихынан жақсы білеміз.
Кешегі қаңтар оқиғаларына да еліміздегі тоқыраудың салдары белгілі бір деңгейде әсер етті. Мен соңғы екі айдың ішінде әлеуметтік-экономикалық салада, ұлттық және қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету ісінде, ең алдымен, жүзеге асыру қажет болатын міндеттерді айқындап бердім.
Мен бүгін еліміздің саяси жүйесін кешенді жаңғырту бағдарламасын ұсынғалы отырмын. Бұл құжат, ең алдымен, қоғамның қажеттілігіне және сұранысына негізделген.
Парламент депутаттары, Конституциялық кеңес, Орталық сайлау комиссиясы, Жоғарғы Сот және беделді сарапшылардың ұсынымдары назарға алынды. Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінде осы тақырып бойынша пікірталас өтті. Құжатты әзірлеу кезінде зерттеушілер мен қоғам қайраткерлерінің, саяси партиялар мен үкіметтік емес ұйымдардың ұсыныстары да мұқият зерделенді.
Жалпы, ұсынылып отырған реформаларды біздің қоғамдағы алуан түрлі көзқарастардың жиынтық көрінісі деуге болады. Осыған дейін қолға алынған өзгерістердің заңды жалғасы іспетті бұл бастамалар екі өзекті міндетті шешеді.
Біріншіден, қоғамды дәйекті түрде демократияландыруға септігін тигізеді.
Екіншіден, мемлекеттің орнықты әрі басқаруға икемді болуын қамтамасыз етеді. Бұл ел ішінде болып жатқан іргелі қоғамдық өзгерістер мен шиеленісе түскен геосаяси тартыс кезінде айрықша маңызды.
Қазіргі халықаралық ахуал қырғи-қабақ соғыстың ең қиын кезеңін еске түсіреді. Бірақ, шегіне жете буырқанған, мемлекеттер қатаң санкциялармен тірескен, жер жүзіне қандай кесірі тиетіні беймәлім болып тұрған бүгінгі жағдайды адамзат бұрын-соңды көрмеген теңдессіз қиындық деуге әбден болады. Сондықтан, біз үшін көздеген мақсаттан ауытқымаудың, еліміздің тұтастығын, жалпыұлттық бірлігі мен тілектестігін сақтаудың өмірлік маңызы бар.
Реформа жасап жатырмыз деген атақ үшін ғана реформа жасаудың ешкімге қажеті жоқ. Мен мұны бірнеше рет айттым. Біз бұл өзгерістерді жұртқа жақсы көріну үшін жасамаймыз. Құлаққа жағымды, бірақ орындалуы екіталай, күмәнді көрсеткіштерге алданбаймыз.
Қағаз бетінде ғана жүзеге асырылған, бірақ шындыққа еш жанаспайтын жалған табыстарға масаттанып отыратын заман келмеске кетті. Халыққа көпірме сөз, бос уәде емес, көзбен көріп, қолмен ұстауға болатын оң өзгерістер керек.
Біз кез келген мәселені ашық айтып, оны шешудің оңтайлы жолдарын бірге іздеуіміз қажет. Экономикадағы, саясаттағы жасанды монополияларды түбірімен жоюға тиіспіз. Оның орнына ашық әрі әділ бәсеке орнату өте маңызды. Себебі нағыз бәсеке болғанда ғана халықтың әл-ауқаты артып, жағдайы жақсарады.
Бүкіл құзырет бір қолда болуына негізделген басқару жүйесі қазір өзінің тиімділігін жоғалтты. Бұл жүйе көзқарасы мен ұстанымы әрқилы азаматтық қоғамды ұйыстыра алмайды. Сондықтан біз Қазақстанды дамытудың саяси моделін өзгерту үшін әр қадамды мұқият ойластыра отырып жасауымыз керек.
Мен бұл жерде, ең алдымен, басқарудың суперпрезиденттік үлгісінен мықты Парламенті бар президенттік республикаға біржола көшу туралы айтып отырмын. Мұндай жүйе билік институттарының тепе-теңдігі оңтайлы болуын қамтамасыз етіп, елімізді орнықты дамытуға септігін тигізеді.
Алдымызда Парламенттің рөлін күшейту міндеті тұр. Бұл "халық үніне құлақ асатын мемлекет" тұжырымдамасын табысты жүзеге асыруға жол ашады. Біз болашақта қандай ел болатынымызды нақты білеміз. Жаңа Қазақстанды азаматтық қоғамы қалыптасқан тиімді мемлекетке айналдырамыз. Осыған орай "Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет" қағидатын басшылыққа аламыз. Бүгін мен осы стратегиялық мақсатымызға жетуге мүмкіндік беретін бірқатар бастамаларды ұсынамын.
БІРІНШІ. Президенттің өкілеттігі туралы
Мен бұған дейін айтқанымдай, Қазақстанда суперпрезиденттік басқару үлгісі қалыптасты. Дамудың бастапқы кезеңінде мемлекетімізге мұндай үлгі қажет болды. Бірақ, біз бір орында тұрған жоқпыз. Қоғам да, еліміз де өзгеруде. Саяси жүйеміз жаңа жағдайларға бейімделуге тиіс.
Қазір бізде барлығы Президентке келіп тіреледі. Бұл – дұрыс емес. Біртіндеп бұдан бас тартуымыз қажет.
Мен үшін мемлекеттің ұзақмерзімді мүддесі биліктің қосымша мүмкіндіктеріне және уақытша ықпалына қарағанда әлдеқайда маңыздырақ. Сол себепті мен Amanat партиясының қаңтар айындағы съезінде ұйымның төрағалығынан биыл бас тартатынымды мәлімдедім.
Партияның мемлекеттік аппаратқа кірігуіне мүлдем жол бермеген жөн. Саясаттағы монополия түрлі әлеуметтік кеселді туындататыны және мемлекетті дағдарысқа ұшырататыны анық. Саяси үстемдікке барынша шектеу қою қажет.
Президент өзінің өкілеттігін атқару кезеңінде партияға мүшелігін тоқтата тұруға міндетті екенін заң жүзінде ресімдеуді ұсынамын. Бұл норма саяси бәсекені арттырып, барлық партияның дамуына бірдей жағдай жасайды. Осылайша, біз еліміздің болашақтағы көшбасшыларын негізгі саяси институттарды өзіне бағындырып алуға құмар болудан сақтаймыз.
Дәл сол сияқты, Орталық сайлау комиссиясының, Есеп комитеті мен Конституциялық кеңестің төрағалары және мүшелері міндетті түрде партиядан шығуы керек деген норманы да заңнамаға енгізген жөн.
Барлық өкілеттікті бір қолға шоғырландырған орталықтағы жағдай аймақтарда да қайталанатынын көріп отырмыз. Сол себепті әкімдер мен олардың орынбасарларына партия филиалдарында да лауазым иеленуге заң жүзінде тыйым салу керек. Мұндай шешімдер көпполюсті партиялық жүйе қалыптастыруға мүмкіндік береді.
Саяси және экономикалық қызметтің монополиялануы қаңтар оқиғаларының туындауына басты себеп болғаны бүгінде бүкіл қоғамға мәлім.
Біз "қасіретті қаңтардан" мынадай маңызды сабақ алдық: мемлекеттегі ең жоғары лауазымды тұлғаның қолында барлық өкілеттіктің шоғырлануы оған жақын тұлғалар мен қаржылық-олигархиялық топтардың ықпалын орынсыз күшейтеді. Сосын олар мемлекетті жеке меншігі сияқты көре бастайды.
Қай елде болса да тамыр-таныстық кадр іріктеу ісін бұрмалап, сыбайлас жемқорлықтың тамыр жаюына әкеп соқтырады. Тамыр-таныстық пен рушылдық құрдымға бастайтынын нақты ұғыну қажет.
Мұндай қарым-қатынас шағын ғана топтың шалқып өмір сүруіне жол ашады. Ал, өзгелерді өмірінің ешқандай болашағы жоқ екеніне біржола мойынсұнып, тек өлместің күнін көру үшін арпалысуға мәжбүрлейді.
Барлық азаматтарға бірдей мүмкіндік берілетініне Мемлекет басшысы мызғымас кепіл болуға тиіс. Сондықтан Президенттің жақын туыстарына саяси мемлекеттік қызметші болуға және квазимемлекеттік секторда басшылық лауазымдарды иеленуге заң жүзінде тыйым салынады. Мұндай норманы Конституцияға енгізсек те артық болмайды деп санаймын.
Президенттің өкілеттігі неғұрлым көп болса, ол соғұрлым шексіз биліктің иесіне айналады.
Мемлекет басшысы облыс, республикалық маңызы бар қала әкімдері шығарған актілерді жоюға немесе ондай құжаттардың қолданылуын тоқтата тұруға құқылы. Бұл норма "қолдан басқарудың" орынсыз тәжірибесінің орнығуына әкеп соқтырады және жергілікті атқарушы органдардың дербестігін әлсіретеді.
Оның үстіне қазір Президенттің аудан, тіпті ауыл әкімдерін лауазымынан босатуға құқығы бар. Мұндай заң нормаларын жою керек.
Президентті тым көп өкілеттігінен айыру еліміздегі саяси жаңғыру үдерісінің тек ілгері басуын қамтамасыз етеді. Ұсынылып отырған бастамалар "ойын ережесін" түбегейлі өзгертіп, қоғамды одан әрі демократияландыру үшін берік негіз қалыптастырады.
ЕКІНШІ. Өкілді билік тармағын қайта құру
Біз Президенттің өкілеттігін біртіндеп қысқарта отырып, Парламенттің рөлін айтарлықтай арттыруымыз керек. Сол арқылы мемлекетіміздің институционалдық тұғырын нығайтамыз. Шын мәнінде, елімізде өкілді билік тармағы мықты болуы қажет.
Халықтың сенім мандатына ие болған депутаттарға жоғары жауапкершілік жүктеледі. Олар мемлекетімізді өркендету ісіне белсене атсалысуға тиіс. Ең алдымен, Сенатты жасақтау тәртібін және оның бірқатар функциясын қайта қараған жөн.
Қазіргі таңда жоғарғы палата 49 депутаттан тұрады. Яғни, әр өңірден екі сенатор сайланады және 15 сенаторды Президент тағайындайды. Мұндай құрылым аймақтардың ерекшелігін ескеруге және заң шығару үдерісіне Мемлекет басшысының тікелей ықпал етуіне мүмкіндік беріп келді. Өз уақытында бұл барынша озық әрі тиімді тәжірибе болды. Бірақ біз алға қарай қадам басуымыз керек.
Президенттің Сенаттағы квотасын бақылаудың құралы емес, Парламентте өкілдері аз әлеуметтік топтардың үні мен ой-пікірін ескеру тетігі ретінде қарастырған жөн. Осы орайда мен Президенттің Сенаттағы квотасын 15-тен 10 депутатқа дейін азайту туралы шешім қабылдадым. Оның бесеуін Қазақстан халқы Ассамблеясы қазіргідей сайламайды, тек ұсынатын болады.
Парламенттің төменгі палатасында еліміздегі түрлі саяси көзқарастар көрініс табуға тиіс. Ешкімге жасанды артықшылық берілмеуі керек. Осылайша, біз Қазақстан халқы Ассамблеясының Мәжілістегі квотасын жоямыз. Менің ойымша, бұл – саяси жағынан да, заңдық тұрғыдан да дұрыс қадам. Бұл квота Сенатқа ауысады және 9-дан 5 депутатқа дейін кемиді. Соның нәтижесінде Мәжілістегі депутаттардың жалпы саны азаяды. "Аз болса да, саз болғаны" жақсы. Мұндай өзгеріс түрлі этностық топтарға мандат беріп, олардың үні жоғарғы палатада естілуіне мүмкіндік жасайды. Жалпы, Сенаттың жоғарғы палата ретінде жұмыс істеуін дұрыс әрі орынды деп санаймын.
Әлемде құрылымы унитарлы және Қазақстанға қарағанда халқы аз мемлекеттер жеткілікті. Соған қарамастан, бұл елдер қос палаталы парламент жасақтаған. Мысалды алыстан іздеудің қажеті жоқ, Еуропада да осындай тәжірибе бар.
Ал, біздің Сенат әр өңіріміздің мүддесін қорғайтын палатаға айналуға тиіс. Соған сәйкес оның өкілеттігін реформалау қажет. Конституцияға сәйкес, Сенаттың Мәжіліс мақұлдаған заң жобаларын қабылдауға немесе қабылдамауға құқығы бар. Яғни, Мәжіліс іс жүзінде жоғарғы палатаның қарсылығын еңсере алмайды. Неғұрлым тепе-тең парламенттік жүйе қалыптастыру үшін бұл тәжірибені қайта қараған жөн.
Осы орайда, Сенатқа Мәжіліс қабылдаған заңдарды тек мақұлдау немесе мақұлдамау құқығын беретін норма енгізген дұрыс деп санаймын. Соған сәйкес, заң қабылдау құқығы Мәжіліске ғана тиесілі болады.
Ал, Сенаттың өкілеттігін Конституциялық кеңес пен Жоғары сот кеңесінің төрағасы лауазымына ұсынылатын кандидаттарға келісім беру құқығымен толықтырған жөн. Бұл өзгеріс саяси жүйедегі тепе-теңдік және тежемелік механизмдерін елеулі түрде нығайта түседі, заң шығару үдерісін едәуір жеңілдетеді. Сонымен қатар, төменгі палатаның құзыретін кеңейту қажет.
Елімізде көптеген ауқымды жобалар, бағдарламалар бар. Бірақ, түрлі себептерге байланысты оларды жүзеге асыру барысы көңіл көншітпейді. Сондықтан Парламент республикалық бюджеттің сапалы орындалуына бақылауды күшейтуі қажет.
Осы орайда Есеп комитетінің орнына Жоғары аудиторлық палата құруды ұсынамын. Оның төрағасы Мәжіліс депутаттары алдында жылына екі рет есеп беруге тиіс. Осылайша, Мәжілістің мәртебесі арта түседі.
Азаматтардың өкілді билікке деген сенімін нығайту үшін мәслихаттарға баса мән берген жөн. Мықты мәслихаттар өзекті мәселелердің шешімін табуға және аймақтардағы тұрмыс сапасын жақсартуға әсер ете алады. Олардың рөлін арттырып, дербестігін қамтамасыз ету үшін Мәслихат төрағасы лауазымын енгізген жөн.
Сондай-ақ, мәслихаттардың ықпалын барынша күшейту үшін облыс әкімдерін тағайындау тәртібін өзгерту қажет деп санаймын. Қазір мәслихат депутаттары Мемлекет басшысы ұсынатын бір ғана кандидатураға келісім береді немесе келісім бермейді. Осы ретте, заңнамаға Президенттің облыс және республикалық маңызы бар қала әкімі лауазымына кем дегенде екі кандидатураны баламалы негізде ұсыну құқығын реттейтін түзетулер енгізу қажет. Осылайша, Президент облыс және республикалық маңызы бар қала әкімдерін мәслихаттарда қарау нәтижесін ескеріп тағайындайды. Бұл – өңір басшылары жанама сайлау арқылы қызметке келеді деген сөз. Бірақ, Мемлекет басшысының аймақ басшыларын мәслихаттардың келісімінсіз орнынан босату құқығы сақталады. Өкілді билік тармағын өзгерту жөніндегі бұл жаңашылдықтардың бәрі күшті парламенттік мәдениеті және ықпалды халық қалаулылары бар Жаңа Қазақстанды құруға бағытталған.
ҮШІНШІ. Сайлау жүйесін жетілдіру
Саяси жаңғырудың басты мақсаты – азаматтардың мемлекетті басқару ісіндегі рөлін арттыру. Бұл жұмысты сайлау үдерісі арқылы да жүзеге асырамыз. Біз осыдан 15 жыл бұрын конституциялық реформа аясында Мәжіліс депутаттарын пропорционалды тәсілмен сайлауға көштік. Ал 2018 жылдан бастап мәслихат депутаттарын да осы үлгімен сайлайтын болдық. Бұл қадамдар еліміздегі партиялық жүйені дамытуға тың серпін берді. Алайда, оның жағымсыз тұстары да байқалды.
Партияда жоқ азаматтар Мәжіліске ғана емес, жергілікті өкілді органдарға да сайлана алмайтын болды. Мұны ашық мойындауымыз керек. Соның салдарынан халықтың сайлау науқанына қызығушылығы күрт төмендеді. Сайлауды керек қылмайтын адамдардың қатары көбейді. Олар өздерінің дауысы маңызды екеніне, ел өмірін жақсартуға ықпал ете алатынына сенбейтін болды. Ашығын айтсақ, қазір жұрт депутаттарды аса тани бермейді. Осындай жағымсыз жайттарды ескере отырып, мен аралас сайлау жүйесіне көшуді ұсынамын. Сол кезде барлық азаматтардың құқығы толық ескеріледі.
Пропорционалды-мажоритарлы үлгіде сайлаушылардың мүддесі ұлттық және өңірлік деңгейде толық көрініс табады. Мәжілістің депутаттық корпусының 70 пайызы пропорционалдық, 30 пайызы мажоритарлық тәсілмен жасақталатын болады.
Сонымен бірге аралас сайлау үлгісі облыстар мен республикалық маңызы бар қалалардағы мәслихаттар сайлауына да енгізіледі. Сайлаудың осы тәсіліне оралу біз үшін өте маңызды. Бұл қадам – партиялардың Мәжіліс пен мәслихатқа өту шегін төмендету үшін осыған дейін қабылданған шешімнің заңды жалғасы.
Бұдан былай мажоритарлық жүйе бойынша әрбір аймақ Парламенттің төменгі палатасына өзінің кемінде бір депутатын сайлай алады. Жаңа үлгі көзқарасы әртүрлі азаматтардың Мәжіліске келуіне мүмкіндік береді.
Сондай-ақ, аудандар мен қалалардағы сайлауды толығымен мажоритарлық жүйеге көшіруді ұсынамын. Бұл жүйе жергілікті жерде бәсекелі саяси орта қалыптастырады. Оған қоса, елдің алдында беделі бар жаңа тұлғалардың саясатқа келуіне жол ашады.
Императивті мандатқа көшу де депутаттардың сайлаушылармен өзара байланысын нығайта түседі. Бір сөзбен айтқанда, енді сайлау алдында берген уәдесін орындамаған депутатты кері қайтаруға болады. Бұл – халық қалаулыларына ықпал етудің тағы бір жолы. Осы ұстаным демократия дәстүрлерін едәуір нығайтады. Өзара жауапкершілік пен сенімге негізделген жаңа саяси мәдениетті қалыптастырады.
Пропорционалды және мажоритарлы жүйе қатар қолданылса, саяси партиялардың рөлі сақталады. Олар еліміздегі азаматтық қоғамның басты институттарының бірі ретінде қала береді. Сонымен бірге бұл жүйе сайлауды әділ өткізуге және мемлекетті тиімді басқаруға мүмкіндік береді.
Аралас сайлау үлгісі азаматтардың саяси белсенділігін арттырып, елімізді жаңғырту үдерісіне жұмылдыра түседі деп сенемін.
ТӨРТІНШІ. Партиялық жүйені дамыту мүмкіндіктерін кеңейту
Жаңа Қазақстанды құру ісі адал әрі еркін саяси бәсеке болуын қамтамасыз етуден бастау алады. Осыған байланысты, біз партияларды институционалдық және ұйымдастырушылық жағынан дамытуға барынша қолайлы жағдай жасауымыз керек.
Партияларды тіркеу ресімі едәуір жеңілдейді. Тіркеу шегін 4 есеге – 20 мыңнан 5 мың адамға азайтқан жөн. Өңірлердегі өкілдер саны 600-ден 200 адамға төмендетіледі. Партия құру үшін азаматтардың бастамашыл тобының ең төменгі саны үштен бірге, яғни 1000-нан 700 адамға азаяды. Сондай-ақ, құрылтай съезін өткізуге және филиалдарды құруға берілетін уақыт көбейеді. Бұл мәселелерді либералдандыру еліміздегі саяси кеңістікті дамыту үдерісін едәуір жандандырады. Өз сайлаушыларының қордаланған проблемаларын сауатты жеткізіп, тиімді шешуге қабілетті жаңа партиялар пайда болады.
БЕСІНШІ. Сайлау үдерісін жаңғырту
Халықаралық тәжірибеде сайлауды ұйымдастыру жүйесі ұдайы өзгеріп отыратыны белгілі, яғни әділ және ашық сайлау өткізу үшін тиімді шешім іздеудің маңызы зор. Соңғы жылдарда бұл үдеріске ақпараттық және технологиялық факторлармен бірге, коронавирус індеті де әсер етуде.
Көптеген елдер дауыс берудің баламалы түрлерін пайдаланып жатыр. Яғни, электронды, мерзімінен бұрын, қашықтан, көпкүндік дауыс беру тәсілдері кеңінен қолданыла бастады. Сондықтан әлемдегі үздік тәжірибелерді зерттеп, қажет болса, оны біртіндеп енгізген жөн.
Байланыс технологиялары қарқынды дамып жатқан қазіргі заманда кандидаттар мен партиялардың әлеуметтік желідегі белсенділігінің маңызы зор. Бірақ, әлеуметтік желідегі үгіт-насихат қолданыстағы заңнама арқылы реттелмеген. Соған қарамастан сайлау науқаны кезінде онда үгіт-насихат жұмыстары бәрібір жүргізіледі. Осы олқылықтың орнын толтыру үшін тиісті регламент пен ережені бекіте отырып, әлеуметтік желіде үгіт-насихат жүргізуге заң бойынша рұқсат беруді ұсынамын.
Сондай-ақ, байқаушылардың қызметін заңмен реттеу керек. Бұл институт та ашық сайлау жүйесінің ажырамас бөлігі саналады.
Демократия тарихы дегеніміз – ең алдымен, сайлау рәсімдерін жетілдіру тарихы. Сондай-ақ сайлау заңнамаларының сақталуын бақылау тарихы деуге болады. Осы орайда, мен байқаушылардың құқықтары мен жауапкершілігі нақты белгіленуге тиіс деп санаймын.
Сайлауды ұйымдастыру және өткізу кезінде аумақтық сайлау комиссиялары да маңызды рөл атқарады. Былтыр ауыл әкімдерін тікелей сайлау жүйесі енгізілгені белгілі. Осыған байланысты сайлау науқаны бүкіл еліміз бойынша үздіксіз үдеріске айналды.
Енді аумақтық сайлау комиссияларының жұмыс тәсілін қайта қараған жөн. Олар бұл іспен кәсіби түрде айналысуы қажет. Біз бір азаматтың екі рет дауыс беруін болдырмауға тиіспіз. Сондай-ақ азаматтарымыз кез-келген учаскеде дауыс бере алуы керек. Сол үшін сайлаушылардың бірыңғай электронды базасын құру мүмкіндігін қарастыру қажет. Жекелеген тұлғалардың сайлау барысына ықпал етуіне жол бермеу үшін сайлау қорына салынатын қаржының жоғарғы шегін нақтылау керек. Конституция және халықаралық құқық бойынша Қазақстандағы кез-келген сайлау – біздің ешкім араласуға қақы жоқ ішкі ісіміз. Бірақ, бұл норма сайлау нәтижесіне шетелден ықпал етуге әрекет жасау ықтималдығын жоққа шығармайды.
Қазір әлемде түрлі гибридті қауіптер, оның ішінде сайлау технологияларын қолдану арқылы жасалатын қатерлер көбейіп келеді. Осы және басқа да жайттарды ескере отырып, елімізде өтетін сайлауларға шетелдердің қандай да бір араласуына жол бермеу үшін заңнамалық деңгейде нақты шаралар қабылдауға тиіспіз. Сол үшін, ең алдымен, кандидаттардан бастап байқаушылар мен БАҚ-қа дейін, сайлау науқанына қатысушылардың бәрінің қаржылық қызметі барынша ашық болуын қамтамасыз етуіміз керек.
АЛТЫНШЫ. Құқық қорғау институттарын күшейту
Конституцияның ең жоғары заңдық күші бар. Ата заңымыз – еліміздің бүкіл құқықтық жүйесінің тірегі. Алайда, белгілі бір заң актісі немесе шешім оған сай келе ме деген сұраққа нақты жауап беру қиындық тудыратын кездер болады.
Қазақстандағы түрлі құқық нормаларын Конституциялық кеңес түсіндіреді. Бірақ, азаматтар осындай түсініктеме алу үшін бұл органға тікелей жүгіне алмайды.
Көптеген мемлекетте Конституциялық сот институты бар. Оған кез-келген адам өзінің сауалын жолдай алады. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында мұндай орган Қазақстанда болған. Сарапшылар Ата заң ережелерінің мүлтіксіз сақталуын осы мекеме тиімді қамтамасыз етеді деп санайды. Соны ескере отырып, мен елімізде Конституциялық сот құруды ұсынамын.
Бас прокурор мен Адам құқығы жөніндегі уәкілге де Конституциялық сотқа жүгіну мүмкіндігін берген жөн. Бұл бастамалар әділ әрі құқықтық мемлекет құру жолындағы маңызды қадам болады деп сенемін. Сондай-ақ, институционалдық тұрғыдан тепе-теңдікті сақтауға ықпал етеді. Оған қоса азаматтарымыздың конституциялық құқығының қорғалуын жақсарта түседі.
Азаматтардың іргелі құқықтарын қорғау мәселесіне менің айрықша мән беретінімді баршаңыз білесіздер. Еліміз 2020 жылы өлім жазасына тыйым салуды көздейтін Азаматтық және саяси құқықтар туралы екінші факультативтік хаттамаға қосылды. Ал, былтыр мен бұл саланы ұзақ мерзімде және кешенді түрде дамытуға бағытталған Адам құқықтары саласындағы одан әрі шаралары туралы Жарлыққа қол қойдым. Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің қатысуымен бұдан басқа да бірқатар заманауи бастамалар жүзеге асырылды.
Дегенмен, құқық қорғау мәселелері үнемі жетілдіріп отыруды қажет етеді. Сондықтан өлім жазасына тыйым салу туралы шешімді біржола бекіту үшін Конституцияға тиісті өзгеріс енгізу қажет деп санаймын.
Азаптауға байланысты қылмыстарды тергеу ісінде жүйелі ұстаным болуы маңызды. Қазіргі таңда осы мәселеге жауапты нақты бір орган жоқ. Мұндай жағдай белгілі бір тәуекелдер туындатуы мүмкін. Сондықтан бұл құзыретті Бас прокуратураға беруді ұсынамын.
Осындай ұстаным тергеудің объективті және бейтарап жүргізілуін қамтамасыз етіп, құқық қорғау саласындағы бассыздықты жазасыз қалдырмау қағидатын бекіте түседі.
Сонымен бірге қоғамдағы зорлық-зомбылық деңгейін төмендету үшін жүйелі шаралар қабылдау керек. Бұл ретте, отбасылық-тұрмыстық қатынастар саласындағы құқық бұзушылықтарға тиімді қарсы тұру маңызды рөл атқарады.
Бүгінде азаматтар мен қоғам белсенділері әйелдерге және балаларға зорлық-зомбылық көрсеткендердің жазасын қатайту қажеттігін жиі айтып жүр. Мен бұған дейін мұндай құқық бұзушылықтарды қылмыс санатына жатқызудың орынды, я орынсыздығын анықтау туралы нұсқау бергенмін. Бас прокуратураға бұл мәселені жан-жақты зерделеп, біржола шешуді тапсырамын.
Мен Прокуратура және Адам құқығы жөніндегі уәкіл туралы конституциялық заңдар қабылдау қажет деп санаймын. Бұл құжаттар заң тәртібін күшейту және құқық қорғау қызметін ұдайы жетілдіру үшін қажет.
Барлық деңгейдегі соттар, шын мәнінде, тәуелсіз, ашық және кәсіби болмаса, заң үстемдігін қамтамасыз ету мүмкін емес. Мемлекет осыған орай ауқымды жұмыс жүргізуде.
Кадр іріктеудің жаңа жүйесі енгізіліп, сот үдерісі мен рәсімдерінің ашықтығы біртіндеп арта түсуде. Бұл ретте, Жоғары сот кеңесі маңызды рөл атқарады. Осы құрылым Президенттің соттарды жасақтау жөніндегі конституциялық өкілеттігін қамтамасыз етеді. Сондай-ақ, судьялардың тәуелсіздігіне және оларға ешкімнің қол сұқпауына кепілдік береді.
Кеңестің қызметі қоғам үшін толық ашық болуы өте маңызды. Бұған Жоғары сот кеңесінің конкурстық рәсімдерінен онлайн трансляция жасау арқылы қол жеткізуге болады. Сонымен қатар мұндай конкурстардың қорытындыларын нақты дәлелмен түсіндіріп, жариялап отырған жөн.
Алқабилер сот төрелігін жүзеге асыруға қоғам өкілдерінің кеңінен қатысуына жол ашады. Қазақстанда алқабилер тек аса ауыр қылмыстар бойынша үкім шығара алады. Біз бұл саланы одан әрі дамытып, алқабилердің қарауына берілетін істердің санатын кеңейтеміз. Бұл жаңашылдық сот жүйесін демократияландыруға және оған қоғамның сенімін арттыруға мүмкіндік береді.
ЖЕТІНШІ. Бұқаралық ақпарат құралдарының бәсекеге қабілетін арттыру және азаматтық қоғам институттарының рөлін нығайту
Бұқаралық ақпарат құралдары бәсекеге қабілетті және еркін болуы керек. Бұл қағидат қазір кез-келген өркениетті ел үшін айрықша маңызды. Отандық ақпарат құралдарының Қазақстанда, өңірде және әлемде болып жатқан үдерістер туралы өз көзқарасы болуға тиіс.
Еліміздің ақпараттық қауіпсіздігі, тіпті идеологиялық дербестігі осыған тікелей байланысты.
Мемлекет ашық ақпараттық кеңістік пен сұранысқа ие әрі пәрменді ақпарат құралдарын құруға айрықша назар аударады. Бұқаралық ақпарат құралдары билік пен халықтың арасындағы тиімді байланыс арнасы бола отырып, елдегі қордаланған мәселелерді көтере алады және көтеруге міндетті. Бірақ, мұны жоғары азаматтық жауапкершілікпен жасау керек.
Біздің қоғамымызды ыдырату үшін сырттан берілетін тапсырыстармен жұмыс істеуге немесе көлеңкелі қаламақы үшін саяси кландардың астыртын тартысына қатысуға болмайды.
Журналистер өз еліне және азаматтарына шынайы жанашыр болуға тиіс. Бұқаралық ақпарат құралдары бекерден бекер "төртінші билік" атанбаса керек. Сол себепті сіздер жұрттың санасы мен сезіміне ықпал ету мәселесіне мұқият қарағандарыңыз жөн. Мен мұны журналистер қауымына арнайы айтып отырмын.
Тәуелсіз әрі жауапкершілігі жоғары бұқаралық ақпарат құралдары болмаса, қоғамды одан әрі демократияландыру мүмкін емес екеніне сенімдімін. Сондықтан мемлекеттің мүддесін, қоғамның сұранысын және медиасаланың даму үрдісін ескере отырып, БАҚ туралы заңды қайта қарау керек.
Қоғамдық ұйымдардың қызметі елімізді орнықты және жан-жақты дамытудың тағы бір маңызды факторы саналады. Үкіметтік емес ұйымдар маңызды әлеуметтік мәселелерді ұдайы көтеріп, оларды кешенді түрде шешуге септігін тигізіп келеді.
Қазір Қазақстанның алдында тұрған міндеттер мемлекет пен үкіметтік емес ұйымдардың тығыз ынтымақтастықта жұмыс жүргізуін, азаматтық қоғам институттарын жүйелі түрде жаңғыртуды талап етеді.
Реформаларды әзірлеу және оны жүзеге асыру ісіне қоғамдық ұйымдар мен белсенді азаматтарды барынша тарту қажет. Сол үшін, ең алдымен, ұлттық жобалар мен стратегиялық құжаттардың бәрі ашық талқылануын қамтамасыз ету керек. Бұл мәселе бойынша жасанды пікірталас өткізіп, көзбояушылық жасауға болмайды.
Біз елімізде азаматтық белсенділікті жандандыруымыз керек. Мемлекет пен қоғамның саналы әрі сындарлы серіктестігіне жол ашуымыз қажет. Сол себепті орталық және жергілікті органдардың, квазимемлекеттік сектордың жанындағы қоғамдық кеңестерді дамытып жатырмыз. Мен бірнеше рет олардың қызметіне қатысты сын айтқан болатынмын.
Дегенмен, бұл кеңестердің орасан зор институционалдық әлеуеті бар. Соны толығымен жүзеге асыру керек.
Биыл менің бастамам бойынша осы кеңестердің құрамы және жұмыс жоспары түбегейлі жаңаратын болады. "Кеңесіп пішкен тон келте болмас" деген нақыл сөз бар. Бабаларымыз ел тағдырын айқындайтын тарихи шешімдерді бүкіл халық болып ақылдасып, бірге қабылдаған.
Ұлытауда, Ордабасы мен Күлтөбеде өткен ұлы басқосулар – соның айқын дәлелі. Келелі жиында айтылған кесімді сөзге алты Алаштың баласы түгел тоқтаған. Біз бірліктің бастауы болған осы дала демократиясының дәстүрін жаңғыртуымыз керек.
Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі өз міндетін табысты атқарды. Енді оның орнына құрамы жағынан ауқымды Ұлттық құрылтай құруды ұсынамын. Жаңа құрылым Ұлттық кеңестің қызметін жалпыхалықтық деңгейде жалғастырады.
Құрылтай қоғамдық диалогтың біртұтас институционалдық моделін қалыптастыруға тиіс. Сөйтіп, билік пен халықтың арасындағы дәнекерге айналатын болады. Қазіргі Қоғамдық кеңестердің бәрін өз айналасына топтастырады.
Ұлттық құрылтайдың құрамында еліміздегі барлық аймақтың өкілдері болады. Сондай-ақ, оған Парламенттің бірқатар депутаты, Қазақстан халқы Ассамблеясы мен Азаматтық альянстың, қоғамдық кеңестер мен ұйымдардың мүшелері, беделді қоғам қайраткерлері, өндіріс және ауыл шаруашылығы жұмысшылары, бизнес өкілдері және тағы басқа азаматтар кіреді. Осылайша, сан түрлі қоғамдық пікір иелерін түгел қамтитын өкілді құрылым қалыптасады. Ұлттық құрылтай мүшелері маңызды мәселелерді талқылау үшін тұрақты түрде бас қосып отырады.
СЕГІЗІНШІ. Еліміздің әкімшілік-аумақтық құрылымын жетілдіру
Сайлау жүйесіне, Парламентті жасақтау тәртібіне өзгеріс енгізген кезде елдің әкімшілік-аумақтық құрылымын ескеру керек. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында бірнеше облыс біріктірілді. Оның сол кездегі саяси және экономикалық ахуалдан туындаған өзіндік себептері болды.
Қазір Қазақстан дамудың келесі кезеңіне қадам басты. Әлеуметтік-экономикалық және демографиялық ахуал мүлде басқа.
Бүгінгі сын-қатерлер де, міндеттер де бөлек.
Мемлекетіміздің өркендеуі аймақтардың қуатты болуына тікелей байланысты. Мен бұл мәселеге 2019 жылғы Жолдауымда кеңірек тоқталдым.
"Қуатты өңірлер – қуатты ел" деген ұстаным әрдайым өзекті. Осы орайда, еліміздегі әкімшілік-аумақтық құрылымның оңтайлы болуы өте маңызды. Бұған дейін Шымкент республикалық маңызы бар қалаға айналды. Облыс орталығы Түркістан қаласына көшірілді.
Сонымен бірге Оңтүстік Қазақстан облысы Түркістан облысы деп аталды. Бұл қай жағынан алсақ та дұрыс қадам болды. Оны халық өте жылы қабылдады. Мен "Тәуелсіздік бәрінен қымбат" атты мақаламда осы үрдіс жалғасатынын айтқан едім.
Содан бері азаматтарымыздан көптеген ұсыныстар келіп түсті. Менің тапсырмам бойынша оның бәрі мұқият зерделенді. Халықтың қалауын ескеріп, мен бүгін бірқатар бастама көтергелі отырмын.
Ең алдымен, Семей аймағында Абай облысын құруды ұсынамын.
Семей қаласы жаңа облыстың орталығы болады. Осы мәселені аймақ тұрғындары көптен бері айтып жүргенін білемін. Қазір ол жақта шешімін таппаған түйткілдер аз емес. Мысалы, аймақтың ішкі инфрақұрылымы әбден тозған. Кезінде Алаш арыстарының басын қосқан Семей қаласының жағдайы да мәз емес. Біз тарихи әділдікті орнатып, ұлыларымыз дүниеге келген киелі өлкені қайта жаңғыртуға тиіспіз.
Тағы бір мәселе. Бұрынғы Жезқазған облысының аумағында Ұлытау облысын құру қажет. Жезқазған қаласы қайтадан облыс орталығы болады. Бұл аймақта дербес облыс құру – экономикалық қана емес, рухани жағынан да маңызды шешім.
Кең байтақ қазақ жерінің дәл жүрегінде орналасқан Ұлытаудың төл тарихымыздағы орны ерекше. Ел тағдыры шешілген ұлы жиындар осында өткен. Сарыарқаның төрінде орналасқан бұл аймақтың туристік әлеуеті өте зор. Оның өндірістік қуатын, логистикалық мүмкіндігін ұтымды пайдалану керек. Бір сөзбен айтқанда, біз Ұлытау аймағының дамуына жол ашамыз.
Үшінші мәселе. Алматы агломерациясына қатысты түйткілдер көп. Облыс тұрғындары негізінен қала төңірегіне шоғырланған. Ұзынағаштағы немесе Талғардағы мәселені сонау Талдықорғанда отырып шешу оңай емес. Облыс орталығына бару үшін халықтың алысқа сабылуына тура келеді. Осы және басқа да жайттарды ескере отырып, Алматы облысын екіге бөлуді ұсынамын.
Бұл өңірде Жетісу және Алматы облыстары құрылады. Алматы облысының орталығы Қапшағайда болуы керек. Ал, Жетісу облысының орталығы Талдықорғанда орналасады. Бұл қадамдар аймақтарды дамыту ісіне тың серпін береді деп санаймын.
Жалпы, жаңа облыстардың құрылуы – көпшіліктің көкейінде жүрген мәселе. Кезінде облыс мәртебесінен айырылған өңірлерде тұрғындар саны азайып, тұрмыс сапасы төмендеп кеткені жасырын емес. Осы олқылықтың орнын толтыратын кез келді.
Әкімшілік-аумақтық өзгерістер мемлекеттік басқару үдерісін жеңілдетеді. Жұрттың облыс орталығына барыс-келісін оңайлатады.
Ішкі көші-қон мәселесін реттеуге септігін тигізеді.
Жаңадан құрылатын облыстардың Абай, Ұлытау, Жетісу деп аталуында ерекше мән бар. Біз ұланғайыр жеріміздің байырғы атауларын, ұлы тұлғаларымыздың есімін ұрпақ санасында жаңғырта береміз. Мәселен, Қапшағай қаласы халқымыздың біртуар перзенті – Дінмұхамед Қонаевтың есімімен тығыз байланысты. Егер жұртшылық Қапшағайға Қонаевтың есімін беру керек деп ұсыныс айтса, мен бұл пікірге қосыламын. Мен мұның бәрін азаматтардың ұсыныс, пікірлеріне сүйеніп айтып отырмын. Жергілікті тұрғындар жаппай қолдаса, осы бастамаларды таяу арада жүзеге асыруға болады деп санаймын.
Үкіметке әкімшілік-аумақтық құрылымға қатысты мәселелерді мұқият саралап, оны іске асыру жолдарын ұсынуды тапсырамын. Бұл – оңай шаруа емес. Оның бәрін жан-жақты ойластырып, байыппен жасауымыз керек. Бұл ұсыныстар облыс және республикалық маңызы бар қалалардың әкімдері аппаратындағы мемлекеттік қызметшілер санын оңтайландыру жөнінде шаралар қабылдауға да мүмкіндік береді. Оларды қысқарту өңір тұрғындарының санына қарай жүзеге асырылады. Қалай болғанда да, әкімнің орынбасарлары үшеуден аспауы керек. Ерекше жағдайда ғана төртіншісіне рұқсат беріледі.
Президент Әкімшілігі бұл мәселені бақылауына алуға тиіс.
ТОҒЫЗЫНШЫ. Жергілікті өзін-өзі басқаруды орталықсыздандыру.
Билікті орталықсыздандыру үдерісін тереңдете түспесек, саяси жаңғыруды табысты жүргізу және азаматтық қоғамды дамыту мүмкін емес. Біз нақты өкілеттіктерді орталықтан өңірлерге беру ісін жалғастырамыз. Ең алдымен, мемлекет пен жергілікті өзін-өзі басқару институттарының міндеттерін тиімді ажырату қажет.
Жергілікті өзін-өзі басқарудың мықты жүйесі азаматтардың өзі тұратын жердегі тұрмыс сапасын жақсартуға тікелей қатысуына негіз болатынын түсінуіміз керек. Қазақстандықтардың өз қаласы, ауданы мен ауылына деген жауапкершілікті мойнына алуға қашанда дайын екені анық. Адамдарды жете бағаламауға болмайды. Оларға қолдарынан келетін өкілеттіктерді беруден қорықпаған жөн.
Саяси жаңғыру аясында мәслихаттар жергілікті өзін-өзі басқарудың негізгі буынына айналуға тиіс. Бүгінде олар жергілікті мемлекеттік басқару әрі жергілікті өзін-өзі басқару институты ретінде гибридті сипатқа ие болып отыр. Сондықтан мәслихаттардың өкілеттігін нақты белгілеу қажет.
Өңірлерді қаржыландыру жүйесін түбегейлі қайта қараған жөн. Қазіргі кезде ауылдық округтер жоғары тұрған әкімдерге толығымен тәуелді. Сондықтан мардымсыз қолдауға ие болуда. Әкімдер сайланатынын ескеріп, халықаралық озық тәжірибеге сәйкес жергілікті өзін-өзі басқару органдарын тікелей қаржыландыру тәсілін енгізген дұрыс болар еді.
Сондай-ақ олардың меншік базасын едәуір кеңейту қажет. Олар елеулі ресурстар иеленген соң ахуалға ықпал етеді, сонымен қатар жауапкершілік алады. Олай болмаған жағдайда, бұл өзін-өзі басқару емес, жай ғана алдамшы нәрсе болып шығады. Осыған байланысты қажетті дайындық жұмыстарының бәрін биылғы жылдың ортасына дейін аяқтау керек.
Жергілікті өзін-өзі басқару органдары үшін мемлекеттік сатып алу тәртібін жеңілдету, бюрократия мен формализмді жою маңызды қадам болмақ.
Үкіметке Президент Әкімшілігімен бірлесіп, берілген тапсырмаларды жүзеге асыру тәсілдерін пысықтауды және соның бәрін "Өзін-өзі басқару туралы" заңды әзірлеу кезінде ескеруді тапсырамын. Сонымен қатар бұл саладағы халықаралық базалық құжат болып саналатын Жергілікті өзін-өзі басқарудың Еуропалық хартиясын Қазақстанның ратификациялауы мәселесін пысықтау қажет. Бұл шаралардың барлығы өз айналасындағыларды жұртшылықты толғандырған проблемаларды тиімді шешу ісіне жұмылдыра алатын, нағыз беделді, жауапкершілігі мол жергілікті көшбасшылардың шығуына септігін тигізетін болады.
Жергілікті өзін-өзі басқару жүйесінің нығая түсуі өңірлерді дамыту, масылдық көңіл-күйді төмендету және еліміздегі демократиялық өзгерістерді орнықтыру үшін жаңа мүмкіндіктерге жол ашады.
ОНЫНШЫ. Дағдарысқа қарсы кезек күттірмейтін шаралар туралы
Геосаяси ахуалдың қатты ушығып кетуіне байланысты Қазақстан қазіргі тарихымызда болып көрмеген қаржылық-экономикалық қиындықтарға тап келіп отыр. Қатаң санкциялық тайталас қазірдің өзінде жекелеген елдерді ғана емес, тұтас жаһандық экономиканы елеулі шығынға ұшыратуда. Ахуал жедел, тіпті сағат сайын өзгеруде. Әлемдік нарықта белгісіздік пен тұрақсыздық өршуде. Өндірістік және сауда жүйелері күйреп жатыр. Бірақ соған бола байбалам салуға негіз жоқ. Біздің елімізде ауқымды дағдарысты еңсеруге қажетті резервтер мен амал-тәсілдердің бәрі бар.
Үкімет дағдарысқа қарсы кезек күттірмейтін кешенді шаралар топтамасын тез арада жүзеге асыруға міндетті. Ең алдымен, ұлттық валютаның тұрақтылығын қамтамасыз ету керек. Бұл – біздің экономикалық қауіпсіздігіміздің негізгі факторы.
Соңғы кездегі оқиғалар теңге бағамына орасан зор қысым жасалғанын көрсетті.
Мұны өздеріңіз де көріп отырсыздар.
Валюта нарығындағы тұрақсыздық жұрттың үрейленуіне, капиталдың елден шығарылуына, трансшекаралық "жасырын" ақша аударылымдарына байланысты болып отыр.
Сондықтан, қаржы саласында өршіп тұрған жасанды сұранысты, соның ішінде сырттан келген сатып алушылардың белсенділігінен туындаған сұранысты азайту қажет.
Алдыңғы күні мен валютаны шетелге шығаруға шектеу енгізетін жарлыққа қол қойдым.
Ірі институционалдық құрылымдар шетел валюталарын тек өздерінің шарттық міндеттемелерін орындау аясында ғана сатып алып, сұранысты қамтамасыз етуі керек.
Мемлекеттің қатысуымен экспорттық валюта түсімдерін сату көлемін арттыру мәселесін пысықтаған жөн. Жер қойнауын пайдаланушы жеке сектордың да өз валюта түсімдерін сатуын күтемін.
Екінші деңгейдегі банктер өздерінің шарттық міндеттемелерін орындау барысында клиенттерінің валюта алуына бақылау және мониторинг жүргізуге тиіс.
Банктердің осы талаптарды сақтауына қатаң бақылау жасаған жөн.
Нарықтағы алаяқтық әрекеттер ешқашан да қорымыздағы қаржыны орынсыз "жаратуға" түрткі болмауға тиіс.
Үкімет, Ұлттық банк, Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі бұл бағытта шешуші шаралар қабылдауы керек.
Жалпы, ұтымды шешімдер қажет.
Аса тұрақсыз халықаралық жағдай қалыптасқан қазіргі кезде еліміздің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етудің маңызы зор.
Украинадағы оқиғалар азық-түлік бағасының күрт өсуіне әкеп соқтырды.
Таяу уақытта бұл бағалар шарықтап кетуі де әбден мүмкін.
Осыған орай, егін егу науқанын сапалы өткізуге баса назар аударылады.
Бірақ, көптеген шаруалар егіске әлі дайын емес.
Үкімет пен әкімдіктер бұл жұмысты ерекше бақылауға алуға тиіс.
Шаруалардың қажетті жанар-жағар майды қолайлы бағамен алуын қамтамасыз ету керек.
Ауыл шаруашылығы техникаларының дайындығын, тұқым мен тыңайтқыш қорларын қайта тексерген жөн.
Бірқатар өңірлердегі жауын-шашынның аздығы егіннің шығымын мандытпай, жемшөптің жетіспеуіне әкеп соқтыруы мүмкін екенін ұмытпайық.
Жалпы, фермерлер қауымдастығымен бірлесіп, агроөнеркәсіп кешенін мемлекеттік қолдау тәсілдерін қайта қарау керек.
Тапшылықтың және азық-түлік бағасының жөнсіз қымбаттауының алдын-алу үшін ауыл шаруашылығы өнімдерін мемлекеттік тұрақты қорларға форвардтық бағалармен сатып алу мәселесін пысықтау қажет.
Алмағайып өзгерістер жағдайында мемлекеттік аппарат ахуалға тез бейімделіп, барынша үйлесімді әрекет етуге тиіс.
Шешімді жайбасарлықпен қабылдауға, шенеуніктік формализмге жол берілмейді.
Қазір толықтай жұмылуымыз қажет.
Бизнес өкілдерінің және азаматтардың нақты сұранысы негізінде шешімдер әрі кеткенде үш күн ішінде, тіпті, қажет болса бір тәулікте қабылдануға тиіс.
Үкімет жанынан құрылған Жедел штаб ақпаратқа сол сәтте талдау жасайтын, сондай-ақ нақты шұғыл шаралар әзірлейтін Ахуалдық орталық сияқты жұмыс істеуі керек.
Еліміздің дамуын мейлінше тежейтін шектен тыс бюрократиялануды жүйелі түрде жойып отыру қажет.
Оның ауқымы ұлғайғаны соншалық, көптеген мемлекеттік құрылымдар өзін тек сонымен ғана байланыстырады.
Жақын уақытта мен Мемлекеттік аппарат қызметін бюрократиядан арылту туралы жарлыққа қол қоямын.
Бұл құжат мемлекеттік органдардағы ішкі рәсімдерді түбегейлі қайта қарап, заң шығару және бюджет үдерістерін оңтайландырудың бастауына айналады.
Сонымен қатар, саяси жаңғыру стратегиясын ескере отырып, экономика мен мемлекеттік басқару ісіндегі жаңа құрылымдық реформалар топтамасын әзірлеуге жедел кіріскен жөн.
Жаңа Қазақстанның іргетасы саяси және экономикалық реформалардың үйлесімді байланысы негізінде қалануға тиіс.
Бұл біздің елімізді дәйекті түрде ілгері дамытуды және азаматтардың тұрмыс деңгейін арттыруды қамтамасыз етеді.
Құрметті отандастар!
Менің бүгінгі бастамаларым өте ауқымды.
Бұл бастамалар еліміздің саяси жүйесі мен әкімшілік-аумақтық құрылымын едәуір өзгертеді.
Оны жүзеге асыру үшін Конституцияның 30-дан астам бабына өзгеріс енгізу қажет.
Сондай-ақ, жылдың соңына дейін тағы 20-дан астам заң қабылдау керек.
Заң жобасын әзірлеп, оны қабылдау – едәуір уақыт алатын күрделі жұмыс.
Сондықтан, оған аса жауапкершілікпен қараған жөн.
Сондай-ақ, ішкі-сыртқы сын-қатерлерді мұқият ескеруіміз керек.
Біз Тәуелсіздік жылдарында небір қиындықтан аман өттік.
Сын-қатердің бәрін еңсеріп, осы күнге жеттік.
Енді еліміздІ түбегейлі жаңғыртуға кірістік.
Бұл кезең алмағайып уақытқа тұспа-тұс келіп отыр.
Қазіргі халықаралық ахуал Қазақстанға да әсер ететіні анық.
Бірақ, заман қаншалықты күрделі болса да, біз бағдарымыздан айнымаймыз.
Өткеннен тағылым алып, келешекке сеніммен қадам басамыз.
Осы жолда жұртымызға, ең алдымен, ауызбіршілік керек.
Ақыл мен сабыр, парасат пен ұстамдылық қажет.
Біз әр шешімді мұқият саралап, әр істі байыппен жасауға тиіспіз.
Отаншылдық рухы жоғары ел көздеген мақсатына қалайда жетеді.
Біздің мұратымыз – Жаңа Қазақстанды құру.
Бұл нені білдіреді?
Жаңа Қазақстан дегеніміз – егемен еліміздің болашақтағы бейнесі.
Өз елінің ертеңіне сенбеген халық мықты мемлекет құра алмайды.
Бұған тарихтан талай мысал келтіруге болады.
Біз келешегіміз кемел боларына және жарқын болашақты өз қолымызбен жасай алатынымызға сенеміз.
Әрбір азаматтың конституциялық құқығы мүлтіксіз сақталуын қамтамасыз етеміз.
Мемлекет пен қоғамның өзара сеніміне және құрметіне негізделген жаңа саяси мәдениетті қалыптастырамыз.
Маңызды шешімдер жұртшылықтың қатысуымен ашық қабылданады.
Өйткені, мемлекет әр азаматтың үніне құлақ асады.
Адал еңбек, озық білім және үздік тәжірибе әрдайым жоғары бағаланады.
Мен жаңа Қазақстанның осындай ел болғанын қалаймын.
Мақсатқа жету үшін мемлекеттік аппаратты жаңарту немесе кадрлық ауыс-түйіс жасау жеткіліксіз.
Өзгерісті әрқайсымыз өзімізден бастауымыз керек.
Әрбір адам және бүкіл қоғам жаңғыруы қажет.
Құндылықтарымыз түбегейлі жаңаруға тиіс.
Мұның бәрі – оңай жұмыс емес, біртіндеп қалыптасып, жылдар бойы жалғасатын үдеріс.
Бұл жұмыс бізден жоғары жауапкершілікті, елімізге және бір-бірімізге деген жанашырлықты талап етеді.
Бізге ешкім сырттан келіп, ештеңе жасап бермейтіні анық, бәрі өз қолымызда.
Сондықтан, баршаңызды жаңа Қазақстанды құруға бір кісідей жұмылуға шақырамын.
Халықтың қолдауымен мақсатымызға жетеміз деп сенемін.
* * *
Бүгінде жер жүзінде геосаясаттың дүлей дауылы соғып тұр.
Сондықтан мемлекетіміздің егемендігі мен аумақтық тұтастығын және ұлттық мүддемізді қорғауды көздейтін стратегиялық бағдардан айнымауымыз керек.
Негізгі міндет – осы!
Біз ең басты құндылығымыз – Тәуелсіздігімізді сақтап, ұлттық бірегейлігіміздің негізін нығайтып, елімізді жаңғырту жолында ұйысуға тиіспіз.
Бұл – болашақ ұрпақ алдындағы қасиетті борышымыз.
Қазір саяси баррикадалар орнатып, әр мәселеге бола митинг өткізетін, күмәнді шешімдерге итермелеп, жөнсіз талап қоятын, міндетін орындап жүрген полиция қызметкерлерінің жағасына жармасатын уақыт емес.
Осының бәрі халқымыздың әлем қауымдастығы алдындағы абыройын төмендетеді.
"Қасіретті қаңтар" оқиғалары еліміздің беделіне елеулі нұқсан келтіргенін мойындауымыз керек.
Бейберекет саяси реформалар мемлекетті әлсіретіп, оның егемендігі мен тұтастығына зор залалын тигізуі мүмкін.
Әлемнің арғы-бергі тарихында өз аумағының ауқымды бөлігінен айырылған, астаң-кестеңі шығып, берекесіздікке ұшыраған елдер туралы мысал жетіп артылады.
Жаңа Қазақстанды құру елді дамыту парадигмаларын өзгертуге бағытталған.
Біз әр қадамымызды саралап, таңдаған жолымызбен алға сенімді қадам басамыз.
Біз жаңа Қазақстанда "түрлі көзқарас, бірақ біртұтас ұлт" қағидатын берік ұстануға тиіспіз.
Диалог пен мәміленің жоғары мәдениеті еліміздегі азаматтық ынтымақты арттыратын басты фактордың біріне айналады.
Біз надандық пен ескілікке, радикализм мен масылдыққа, тоғышарлыққа және сыбайлас жемқорлыққа табанды түрде қарсы тұрамыз.
Бір-бірімізді жат көрмей, жақын тартып, қоғамда нақты өзгерістерге деген сенімді орнықтырамыз.
Жұртымыздың күш-жігеріне, дарыны мен еңбекқорлығына сүйенеміз.
Әр азаматтың өз қабілетін іске асыруына барынша қолайлы жағдай жасаймыз.
Біз осылайша ғана халқымыздың жасампаздық әлеуетін арттыра аламыз.
Осылайша ғана өмірдің барлық саласын өзгертіп, реформалар дәуірін өз қолымызбен жасаймыз.
Біз кез-келген сын-қатерді бірге еңсеріп, Қазақстанымыздың қуатын бірге арттырамыз деп сенемін.
Сөзімнің соңында бір мәселеге ерекше тоқталғым келеді.
Мен азаматтарымыздың ертең емес, бүгін бақытты өмір сүргенін қалаймын.
Ең бастысы – еліміздің егемендігі!
Шын мәнінде, біз үшін Қазақстанның Тәуелсіздігі бәрінен қымбат.
Осы тұрақсыз, құбылмалы әлемде Қазақстанымыз бізден басқа ешкімге керек емес.
Сондықтан, маған елімнің амандығы мен жерімнің тұтастығынан асқан ешбір құндылық жоқ.
Мені ең алдымен, халқымның болашағы қандай болатыны толғандырады.
Қызметіме түрлі адамдардың беретін бағасынан гөрі, мемлекетімізді қорғап қалу – мен үшін аса маңызды міндет.
Осы жолда жауапкершіліктің бәрін мойныма алуға дайынмын!
Бабалар аманатына адал болып, оны ұрпаққа табыстау – мен үшін киелі парыз.
Жаңа Қазақстан – жаңару мен жаңғыру жолы, бүгінгі буынның болашақ ұрпаққа аманаты.
Ендеше, Жаңа Қазақстанды бірге өркендетейік, ағайын!
Қастерлі Отанымыздың тұғыры мығым, абыройы биік болсын!
Баршаңызға рақмет!