Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Қаржылық қақпанға түсіріп, өмір бойы мемлекетке қарыз етті": Қытайдан бас сауғалаған этникалық қазақ биліктен көрген озбырлығы жайлы

Қытайда түзету лагеріне қамалған тағы бір адам үкіметтің этникалық халықтарды қанап жатқаны жайлы жанайқайын жеткізді. Дина Нұрдыбай осындай биліктің озбыр саясатынан бас сауғалап Қазақстанға қашуға мәжбүр болыпты, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі Thediplomat.com сайтына сілтеме жасап. 

Дина Нұрдыбай

2015 жылы Дина Нұрдыбай қазақтың ұлттық киімін тігетін жеке кәсіпкерлерлікті қолға алады. Ал 2017 жылға қарай оның тасы өрге домалап, жеке бизнесі дамып, отыз адам жұмыс істейтін өндіріс орнына айналады.  Алғашында жергілікті биліктің қолдауына ие болған ол бірқатар шектеулерден өткенін айтады. Мәселен, әйелдің ашқан Kunikai тігін өндіріс орнында тек қазақтың ғана емес, Қытайда тұратын 56 этникалық топтың ұлттық киімін тігуге және мекемнің есепшісі Қытайдың хань азаматы болуы тиіс деген талап қойылыпты. Тек сонда ғана оның бизнесін тіркеуге рұқсат берілген. 

Сөзінше, шенеуніктер әйелді мемлекеттен несие алуға үгіттепті. 

"Банк қызметкерлері несие алатын болсам, мені бизнесімді дамытуға арналған арнайы курсқа жіберітіндерін айтты. Алайда несие алған соң банктегілер уәделерінде тұрмады", - дейді Нұрдыбай. 

Несие алғаннан кейін бір жыл өткен соң қарызды жауып тастамақшы болған кәсіпкерді есепші қоя тұр деп көндіреді. Егер ол несиені екі жылдан кейін жапса, оның мемлекет алдында кәсіпкерлік беделі артады деген қытайлықтың сөзіне сенген әйел ойынан айнып қалады. Алайда біраз уақыттан кейін Дина Нұрдыбайды түрмеге қамайды. 

Сөзінше, оның тұтқындалуына әйелдің мемлекетте сол уақытта тыйым салынған Whatsapp месенджерін ұялы телефонына жүктеп алуы себеп болған. Дей тұра бұл үшін түрмеге қамайды дегенге сенбеген Нұрдыбай сот отырысы болатынын күтіпті. Бірақ этникалық қазақ "сенімсіз" деп табылып, түзету лагеріне жіберіледі. 

Нұрдыбай ұлттық құндылықтарды сақтап қалуына лагердегі қазақтармен өз ана тілінде жасырын сөйлесуі мен кейде түрмедегі теледидардан көрсетілетін оның тарихи отаны - Қазақстан туралы болатын сюжеттер негіз болғанын айтады. 



"Мен Қазақстанды теледидардан көргенде тезірек сол жаққа кетіп қалатын күн туса екен деп тіледім", - дейді ол. 

Дина Нұрдыбай 2018 жылға қарай үкімет Қазақстан мен Қытай арасындағы байланыс жақсы болғандықтан және әлемдік БАҚ-тың назар аударуына байланысты лагерьдегі этникалық ұлттарды босата бастады деген сенімде. 

Қамаудан босап шыққан әйелдің жүріс-тұрысы, қаладағы қозғалысы толығымен жергілікті органдардың бақылауына алынады. Ең өтіп кеткені - менің фабрикамды әлдебіреулердің талан-таражға салуы деген ол жергілікті шенеуніктерге сұрау сала бастайды. Нұрдыбайдың болашағына алаңдаған оның жақындары бұл сұрақты жылы жаба салуды өтінген. 

"Жау жағадан алғанда, бөрі етектен" демекші бұл уақытта оның алған несиесін жабатын уақыт та келіп қалады. Әйелдің қамауда болғанын елемеген банк қарызды жабуды талап етеді. 

"Биіліктегілер маған "Біз қалағанымызды алып, ұнамағанның көзін құртамыз" деп ашып айтты", -дейді Нұрдыбай. 

Абырой болғанда, ол жұбайы екеуі жеке мейрамханаларын, көліктерін мен үйлерін сатып қарыздың жартысын төлеуге ақша табады. Бұған қоса ерлі-зайыптылар Қазақстанға қоныс аударуға да қаражат жинастырып қояды. Несиенің жартысы төленгеннен кейін банк қарыз мерзімін бір жарым жылға ұзартып, олардың елден шығуына рұқсат етіпті. 

"Биліктегілер менің округтен кетуімді қалады. Өйткені олар менің фабрикам жайлы мәселенің беті ашылады деп қатты алаңдады. Бұған қоса шенеуніктер мен журналистерге бірнәрсе айтып қояды ма деп секемденді ме, менің Қазақстанға кетуіме рұқсат берді", - деп қосты Дина Нұрдыбай. 

Қытайға қайтып ораламын деп қолхат жазып кеткен Дина Нұрдыбай енді ол жаққа аттап аяқ баспаспын дейді. Себебі ешқайда кетпей, Қытайда қалып қойған жағдайда ол қарызын өмір бойы өтеп бітпес едім дейді. 

Әйелдің айтуынша, оның оқиғасы әдейі этникалық топты қанау үшін ұйымдастырылған қаржылық қақпан. Өйткені ол болған түзету лагерінде де осындай жайттарға ұқсас жағдайлар басқаларының да бастарынан өткен. 

Дина Нұрдыбайдың жайы Қытайдың этникалық ұлттарға көрсетіп жатқан озбырлығын көрсетеді. Тіпті лагерьден шыққан күннің өзінде әйел қытайлық банкке қарызды өтеп біту үшін әлі көп уақыт қажет екенін айтады. 

 

Талқылау